Әлихан Бөкейханов атындағы №25 орта мектепте республикалық балалар оқулары байқауының облыстық кезеңі өтті. Оған облыс орталығы мен аудандардан 32 оқушы қатысты. Білім мен өнер додасының қалалық және аудандық кезеңдерінде барлығы – 373 өрен бағын сынаған екен.
Сайыс барысында 8-сынып оқушылары “Кел, балалар оқылық!” тақырыбында Шерхан Мұртазаның “Қызыл жебе” тарихи туындысының бірінші кітабы мен Джек Лондонның “Теңіз қорқауы” романы бойынша эссе жазудан сынға түсті. 9-сынып оқушыларына “Ғасырлар тарихты жырлайды” тақырыбы ұсынылыпты. Олар бұл сында Әбіш Кекілбаевтың “Үркер” романы және Роберт Льиюс Стивенсоның “Қазына аралы” романының мазмұнын қағазға түсірді. Ал 10-сынып шәкірттері “Ұлы Дала ұлағаты” тақырыбында Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” романы мен Фенимор Купердің “Могиканның соңғы тұяғы” шығармасы бойынша білімдерін ортаға салды.
– Былтыр ұйымдастырылған байқауға – 1 оқушы қатыстырған болатынбыз. Ал биылғы байқаудың аудандық кезеңіне 4 оқушы қатысып, соның үшеуі облыстық кезеңге жолдама алды. Олардың барлығына жүлде бұйырды. Біз бұл байқауға 2 ай көлемінде дайындалдық. Әр сыныптың оқушысы 2 кітаптан оқыды. Біреуі – қазақ тіліндегі кітап, екіншісі – шетел әдебиеті, – дейді Мамлют ауданындағы Бексейіт орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әкежан Қажығалиев.
Эссе жазу үшін талапкерлерге 90 минут уақыт берілді. Алдын ала әзірленген тест сұрақтарына жауап беру үшін бір сағат жеткілікті болды. Қазылар алқасының шешімімен Бексейіттегі білім ошағының 8-сынып оқушысы Даяна Сапарғалиева, Ақжар ауданындағы Май орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айнара Лұқман, Жамбыл ауданының орталығы – Пресновкада орналасқан Қожаберген жырау атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Жанель Күркенова жеңімпаз деп танылып, республикалық кезеңге жолдама алды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.