Облыста “Zhas Project” әлеуметтік жобасы іске асырылмақ. Тың бастама 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген жандарға арналған. Талап бойынша бұл санаттағы азаматтар әлеуметтік жобасы үшін мемлекеттен 1 млн. теңге көлемінде сыйақы алады. Қаражат кәсіп ашуға бағытталуы тиіс.
– Өткен жылы “Zhas Project” жобасы қанатқақты режімде кейбір облыстарда ғана жүзеге асырылды. Биыл жобаны еліміздің барлық аймағы қолға алды. Осы ретте 280 грант бөлінді. 1 грант – 1 млн. теңге. Өтінімдерді қабылдау 9 қазаннан басталды. Барлық талаптар мен ұсыныстар жобаның ресми сайтында жарияланды. Өтінім беру үшін тиісті құжаттарды тапсыру қажет. 22 қазан күні өтінімдерді қабылдау науқаны аяқталады, – дейді “Қазақстанның даму қауымдастығы” ЗТБ-ның атқарушы директоры Анар Бітебаева.
Биыл өңірімізге 8 грант бөлінген. Сондықтан талап жоғары болмақ. Өтінімдер қаралғаннан кейін арнайы комиссияның отырысы өтеді. Онда үздік жобалар таңдалып алынады. Әсіресе жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселені шешуге арналғандарға басымдық берілмек. Грант қаржысы азаматтарға 2 ай ішінде беріледі. Сонымен қатар грант иегерлері арнайы оқытудан өтеді.
Алдияр АЙТПАЕВ.