Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиынның күн тәртібіне 3 мәселе шығарылды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Береская, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің басшысы Марат Омаров, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бейбіт Әбілев баяндама жасады.
– Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына бағытталған қаржы 24,7 млн. теңгеге қысқарды. Бұған мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша қол жеткізілді. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына “Жұлын жарығы” диагнозы қойылған балаларды бір реттік катетермен қамтамасыз етуге бөлінген 6,7 млн. теңге кері қайтарылды. Оның ең басты себебі ем алушы балалар санының аз болуы. Есесіне бұл бағыттағы қаражатқа мұқтаждар санының Петропавлда өскені байқалады, – деді Наталья Дышкант.
Отырыста қаралған өзекті мәселенің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік нысандарға емін-еркін кіріп шығуы. Татьяна Берескаяның айтуынша, осы мақсатта арнайы құрылған бақылау тобы 243 мекемеге барған. Нәтижесінде кемшіліктерді түзеу бойынша 217 ұсыныс жасалды. “Жиі кездесетін заң бұзушылықтар – пандустың жоқтығы, тактильді бағыттағыштардың аздығы, дәретхана мен автотұрақтардың талапқа сай келмеуі”, – деді баяндамашы.
Қазіргі таңда облыста 25 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Биыл бейінді басқарма 155 мекемені тексеруі тиіс. 1 қазандағы жағдай бойынша 83 нысанда оң өзгеріс орын алыпты. Кеңес мүшелері бұл бағыттағы жұмысқа қарқын қосуды ұсынды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин ақпараттық жұмыс аясында еліміздегі және өңірдегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар мен өзгерістерді жарыққа шығаруға баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Бүгінде облыста 58 БАҚ тіркелген, оның 42-сі баспа басылымы (15-і мемлекеттік тілде, 22-і орыс тілінде, 5-і екі тілде шығады). 5 электронды БАҚ, 11 интернет-басылым және ақпараттық агенттік.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов халықтың мұң-мұқтажын білу үшін газет-журналдардың бірде-бір нөмірін қалдырмай оқу керектігін атап өтті.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.