Әлем елдері жыл сайын 14 қазанда стандарттау күнін атап өтеді. Ол 1970 жылы ISO президенті Фарук Сунтердің бастамасымен әлемнің барлық экономикалары үшін стандарттаудың маңыздылығын атап өту және ондаған мың стандарттау мамандарына құрмет көрсету үшін енгізілді. Жыл сайын мерекенің жаңа ұраны таңдалып, ол өткізілетін іс-шаралардың негізгі тақырыбына айналады. Биылғы Дүниежүзілік стандарттау күнінің тақырыбы – “Жақсы әлем туралы жалпы көзқарас”.
Халықаралық стандарттаудың тарихы 1875 жылы 19 мемлекет өкілдерінің халықаралық метрикалық конвенцияны (Париж, Франция) қабылдауы және халықаралық салмақ пен өлшем бюросының құрылуынан басталады. Ал посткеңестік кеңістікте стандарттаудың дамуының басталуы өлшемдер мен салмақтардың метрикалық жүйесін енгізу деп санау керек. 1925 жылы алғашқы Орталық стандарттау органы – Еңбек және Қорғаныс Кеңесі жанындағы стандарттау комитеті құрылды. Ал 1940 жылы Бүкілодақтық стандарттау комитеті ашылды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау комитеті құрылды. Осыған сәйкес 1993 жылы “Стандарттау және сертификаттау туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ол стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеу және қолдану арқылы тұтынушылардың мүдделерін мемлекеттік қорғау шараларын айқындайды.
Бүгінгі таңда елімізде 2018 жылы күшіне енген “Стандарттау туралы” Заң қолданыста. Стандарттаудың негізгі мақсаттары – отандық өнімнің, үдерістер мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар халықаралық стандарттау жүйесіне интеграциялау жағдайларын жасау үшін саудадағы техникалық кедергілерді жою, тұтынушыларды өнімнің, үдерістер мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу, халықтың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін жағдайлар жасау жатады.
Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры бүгінгі күні стандарттау жөніндегі 73 мыңнан астам құжаттарды қамтиды. Сондықтан Дүниежүзілік стандарттау күнін сала мамандары ғана емес, бүкіл халық атап өтуіне болады. Өйткені барлығымыз алдымен – тұтынушымыз. Өмірде стандарттарсыз қадам жасау мүмкін емес. Олар тіршіліктің кез келген бағытын қамтиды. Біз әдетте стандарттар жайлы ойламаймыз. Себебі барлығын қалыпты дүние ретінде қабылдаймыз. Алайда стандарттың сақталмауынан қолайсыздық туындаса, оның маңыздылығын түсінеміз. Шынында да, күнделікті өмірді стандарттарсыз елестету өте қиын. Мәселен, телефон желілерінің жаһандық байланысын, жабдықтың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ететін стандарт. Стандарттар компанияға қызмет көрсетуге көмектеседі және басқарудың тиісті сапасы мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, адам денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауды насихаттау арқылы өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Екатерина ПАРШИНА,
Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің бас маманы, облыстық мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор.