«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Озық тәжірибе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отандық медицина заман ағымына сай дамып, озық тәжірибе өңірлерде де қолданысқа енгізіліп жатыр. Мәселен облысымыздағы кардиологиялық орталыққа жылына 3 мыңға жуық сырқат қаралып, дәрігерлер мыңнан астам, ал тәулігіне орта есеппен 20 шақты түрлі ота жасайды. Соның бірі – аорто коронарлы шунттау отасы. Кемінде 3 сағатқа созылатын бұл операцияның кімдерге жасалатындығы және отадан кейінгі оңалту жайында кардиохирург дәрігер Вячеслав Ким айтып берді.

Дәрігердің айтуынша, күрета­мыр­ды аорто коронарлы шунттау – жүректің ишемиялық ауруымен ауы­ратын адамдардың денсаулығын қалпына келтіру мақсатында жаса­латын, бүгінде кең таралған отаның бірі. Дәрілік терапия көмек­теспеген жағдайда миокард ин­фарк­тісінің алдын алу үшін жүргізі­леді.

“Аорто коронарлық шунттау опе­рациясын жасаудағы мақсат – жү­рек бұлшықетін қажетті қанмен қам­тамасыз ету, тарылған қанта­мырда қан ағымын жақсарту. Хи­рургтар­дың міндеті – зардап шеккен коронарлық тамыр аймағында жү­рек бұлшықетін артериялық қанмен толық қамтамасыз ету үшін жаңа арна құру. Ота нә­тижесінде кейіннен миокард инфарк­тісінің пайда болу қаупі айтарлықтай азаяды. Стенокардия, ентігу, дәрі-дәрмек­терге деген қажеттіліктің тө­мен­деуінен науқастың өмір сүру са­пасы жақсарады”, – дейді дәрігер.

Әдетте бұл ота 3-тен 6 сағатқа дейін созылады. Операцияның ұзақ­тығы оның күрделілігіне және нау­қастың жеке ерекшеліктеріне бай­ланысты. Сондықтан белгілі бір ота­ның қанша уақытқа созылатынын алдын ала айту мүмкін емес. Шунт­тауды қажет ететін артериялардың көптігіне қарай операция соғұрлым ұзаққа созылады.

Жүрекке ота жасау үшін кеуде қуысының ортасына тілік жасала­ды, яғни ол төс сүйегінің ортасымен өте­ді. Екінші тілік, дәрігердің ай­туынша, аяққа жасалады. Хирургтар шунт­тауға қажет тамырды  аяқтан алады.  Аортокоронарлық шунттау ке­зінде аяқтан алынған тамырдың бір басы қолқаға тігіледі. Екінші ұшы коронар­лық артерия тармағына жалғанады. Осылайша күрета­мырдың зақым­данған немесе бітел­ген аймағы алы­нып, қанның дұрыс жүруі үшін қолайлы жағдай жаса­лады. Нәтиже­сінде жүректің дұрыс жұмыс істеуіне қажет қан отадан кейін жете бастай­ды. Артериялық немесе веноздық шунттар жеке кли­никалық жағдай­ларға байланысты қолданылады.

“Аяқтағы тамыр отаның бұл түрінде үнемі қолданылмағанымен, жиі алынады. Аяқтың тамырлары әдетте салыстырмалы түрде “таза”, яғни атеросклерозға ұшырамайды. Сонымен қатар бұл тамырлар де­ненің басқа тамырларына қараған­да ұзынырақ және кеңірек. Тамыр алудан аяққа зиян келмейді, қан айналымы бұзылмайды. Операциядан кейінгі алғашқы апталарда науқастың аяғы аздап ауыруы мүм­кін. Уақыт өте келе бұл қолайсыздық жойылып, науқас өзін қалыпты се­зінеді”, – дейді кардиохирург.

Маман бітелген күретамыр дер кезінде емделмесе жүректің ише­миялық ауруына, тіпті миокард ин­фарктіне әкелуі мүмкін екенін айтты.  Жүректің ишемиялық ауруы – бұл миокардтың артериялық қанмен қам­тамасыз етілуінің салыстыр­малы немесе абсолютті төменде­уіне бай­ланысты пайда болатын жедел не­месе созылмалы жүрек дерті. 90 пайыздан астам жағдайда жүректің ишемиялық ауруы жүрек бұлшықетін қанмен және оттегімен қамтамасыз ететін артериялардың бітелуінен бо­лады. Атеросклероз кезінде бұл ар­терияларды ішкі жағынан май баса­ды, салдарынан тарылып, жүрек бұл­шықетіне қан аз түседі екен.

“Қан ағымы­ның төмендеуінен науқастың кеуде тұсы ауы­рады. Бастапқыда физикалық неме­се эмоционалдық жүк түскен кезде ауыратын болады. Кеуде­дегі ауыр­сыну – стенокардия ыңғай­сыздық сезімін тудырады, сол иық, қолдары, мойын, тіпті жақ және тіс­тері де қақсайды”, – дейді дәрігер. 

Маманның айтуынша, бұл ауру­дың ең қауіпті салдарының бірі – инфаркттың пайда болуы, мұндай­да жүрек бұлшықетінің бір бөлігі өледі немесе миокард инфарктісі пайда болады. Вячеслав Ким ота жасалатын науқастарды қорқыныш пен толқу сезімі билейтінін жеткізді. Бұл медицинада қалыпты жағдай саналады. Ота алдында науқасқа хирург келіп, онымен алдағы опера­цияның егжей-тегжейін талқылап, барлық сұрақтарына жауап береді. Анестезиолог тексереді, операция кезінде ағзаның өмірлік маңызды функциялары қалай сақталатыны туралы айтады. Ол сондай-ақ ден­саулығына, бұрын жасалған оталар және операция кезінде қолданылуы мүмкін кейбір дәрі-дәрмекке ал­лергия туралы сұрақтар қояды.

Әдетте, аорто коронарлы шунт­тау операциясынан кейін науқастар профильдік бөлімде 7-10 күн өт­кізеді. Бірақ егер сырқаттың қосым­ша созылмалы аурулары болса, оның ауруханада ем алуы тағы бірнеше күнге ұзартылуы мүмкін.

Үйге жіберілгеннен кейін сырқат­та әлсіреу сезімі болады. Пациент­тер бұл әлсіздікті жүрекке жасалған операциямен немесе жүрек ауруы­мен байланыстырады. Ал іс жүзінде бұл бірер апта ішінде босаңсып үл­герген бұлшықеттердің әлсіреуі.  “Бұлшықет күшін қалпына келтірудің ең жақсы әдісі – жаттығу жасау. Операциядан кейін әсіресе жаяу серуендеу тиімді, бірақ жүк­темені біртіндеп арттырған жөн. Дозалан­ған жүктемелердің негізгі критерийі жүрек соғу жиілігімен байланысты, бастапқы кезеңде жүктемелер ми­нутына 120 соққыдан аспауы керек. Егер сіздің жүрек соғу жиілігіңіздің көр­сеткіші қандай да бір себептер­мен осы саннан асып кетсе, сіз қар­қынды төмендетіп, отыруыңыз керек және денені демалдырғаныңыз жөн”, – дейді дәрігер. 

Вячеслав Кимнің айтуынша, сырқаттар бұл отадан кейін қалыпты жағдайда өмір сүре алады. Инфаркт қаупін азайту үшін темекі шегуден бас тартқан дұрыс. Темекіні тастау, қан қысымын, салмақты бақылау, тұзды, майлы тағамдарды тұтынуды азайту – мұның бәрі денсаулықты ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі. Пациенттердің отадан кейін жағ­дайы жақсарады, бұрынғыдай кеуде тұсы ауырмайды, стенокардия азаяды немесе толық жойылады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp