Орман – табиғаттың ең қымбат қазыналарының бірі. Алайда уақыт өте келе ғаламшарымыздың биологиялық таза және қауіпсіз жасыл бөлігі қамқор, сенімді көмекшілер мен иелерін қажет ете бастады. Орман қорын күзетуді мемлекеттік орман шаруашылығы кәсіпорындары жүзеге асырады, олардың құрамына мемлекеттік орман күзетшілері, орманшылар, орман шеберлері, орман шаруашылығы инженерлері кіреді. Мамандардың қатарында нәзік жандар аз емес.
Олардың жасампаз еңбектері мен өңіріміздегі орман шаруашылығын дамытуға қосқан орасан зор үлестері мақтауға лайық. Орманшылардың өмір жолдары қарапайым, бірақ өте маңызды құндылықтарды жүзеге асырудың мысалы болып табылады. Әріптестерімнің дені жауапкершілік, өз жұмысына деген сүйіспеншілік, еңбекті құрметтеу, кәсіби ынтымақтастық және өзара көмек деген сөздерді ұстанымдарына айналдырған. Олар бұл қағидаларды жас мамандардың санасына сіңіріп, табиғат жанашырларына тәлімгерлік етті. “Соколов” орман шаруашылығында қызмет атқарған Галина Доможирова мен Ольга Павлюктің, “Мамлют” орман шаруашылығында еңбек еткен Вера Черкасова мен Зинаида Зинченконың, “Жамбыл” орман шаруашылығында жұмыс істеген Надежда Жевнодейдің, “Булаево” орман шаруашылығының дамуына атсалысқан Александра Таубе мен Нина Лобанчуктің есімдері әріптестері арасында ерекше ілтипатпен аталады.
Саналы ғұмырын орман шаруашылығы саласына арнаған Марина Подоксенова Есіл ауданында дүниеге келген. Анасы кітапханашы, әкесі механик болған. Марина 6-сыныптан бастап табиғаттың таңғажайыптары туралы ойлана бастайды. Мектепті бітіргеннен кейін Боровск орман шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Оны бітірген соң туған жеріне оралып, “Ленин” орман шаруашылығы мекемесіне жұмысқа орналасады.
“Мен бала күнімнен табиғатқа жақын болдым. Жап-жасыл ағаштарды Жердің жүрегіне балайтынмын. Техникумда өте жақсы бағаға оқығаныма қарамастан білмейтінімнің көп екені аңғарылатын. Бұл ретте маған тәжірибелі әріптестерім көп қолдау көрсетті”, – дейді Марина Геннадьевна.
Қазіргі уақытта ол облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында жұмыс істейді. Ағаштардың өсімін молайту және орман өсіру мәселелерімен айналысатын бөлімге жетекшілік етуде.
Сала мамандарының басты мақсаты – орман алқаптарының азаюына жол бермеу. Қанша ағаш кесілсе, соншасын қайта отырғызу маңызды. Еліміздің орман қорына соңғы 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш егіліпті. Бұл ауқымды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жоба аясында 2021-2025 жылдарға арналған орманды көбейту және орман өсірудің кешенді жоспары әзірленді.
Соңғы 2 жылда орман қорындағы 2521 гектар аумаққа 10 миллионнан астам көшет отырғызылды. Мамандар ағаштарды кесу үшін ең алдымен оларды зерттейді. Апатты деп танылған ескі ағаштар кесіледі.
Мемлекеттік орман шаруашылығы кәсіпорындарында орманды пайдалану, кесудің мақсаты және ағаш кесу процестерін қамтамасыз ету мәселелерімен Роза Тілеуова, Зада Аманжолова, Евгения Здоровец, Елена Гайворон, Юлия Ковзалова айналысады.
Басқарманың бас маманы Айнұр Өмірзақованың міндетіне орман өрттерінің алдын алу, ағаштарды заңсыз кесуді болдырмау жұмыстары кіреді.
– Адамның өмірі табиғатпен тығыз байланысты. Біз табиғатты ластасақ оның зардабын өзіміз тартамыз. Кейбір адамдар орманға барып демалады да, қоқыстарын, оттың қалдықтарын жинамай кетеді. Соның салдарынан ағаштар өртеніп, қурауда. Табиғатқа жанашыр болуды әр адам өзінен бастағаны жөн. Сонда ғана біз таза ауамен тыныстап, дүниенің тазалығын сезінеміз, – дейді Айнұр Бекболатқызы.
Гүлфия Сәкенова болса “Орлиногорск” орман шаруашылығында орманды сақтау және қорғау мәселелерімен айналысады. Оның жетекшілігімен орман күзетшілері күн сайын ауа райының қолайсыздығына қарамастан өз учаскелерін аралап, жасыл желектің жайқалып тұрғанына көз жеткізеді. Бұл салада жүрген нәзік жандар ағаштардың сырына қанық. Олар қай ағаштың адамға қалай әсер ететінін жақсы біледі.
Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА,
орман шаруашылығы саласының ардагері.