«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРІКТЕСТІКТЕРДІҢ СЕРПІНДІ ҚАДАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы жұмыс сапарымен Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға барды. Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысып, инфрақұры­лым­дық нысандардың құрылысын аралап көрді, кәсіпкерлермен және елді мекендердің тұр­ғындарымен кездесу өткізді.

Шал ақын ауданындағы “ZHAGROUP LTD” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі дәнді, бұршақты және жемшөп дақылдарын өсірумен айналысады. Сондай-ақ мал шаруа­шылығына маманданған. Қазіргі уа­қытта фермада 121 ірі қара бар. Бо­ла­шақта оның санын 600-ге дейін жет­кізбек. Бүгіндері мұнда тауарлы-сүт фермасының құрылы­сы жүріп жатыр.

“2021 жылы “Солтүстік” әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясынан 400 млн. теңге несие алдық. Құры­лысқа барлығы 3 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды.  Алдағы уақытта Зеңгі баба төлін көбейтуді жоспарлап отырмыз”, – дейді кәсіпкер Нұргелді Есілбаев. 

Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында жабық хоккей корты са­лынып жатыр. Оның құрылысы биыл қыркүйекте бастал­ған. Жоба­ның құны – 133 млн. теңге. Нысанның құрылысы жоспар бойынша қар­аша айында аяқталмақ. Сондай-ақ облыс әкімі “Құлеке батыр” дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенінде бол­ды. Мұнда тренажер және спорт зал­дары, қазақ күресі, футбол және во­лейболдан жаттығу­ға арналған жаб­дықтардың толық жиынтығы бар. Сергеевкада Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындары­мен жүздесті. Кез­десуде жылу қазандығын салу және қалаішілік жолдарды жөндеу мәсе­лелері көтерілді.

“Жолдарды қайта жаңартуға ар­налған жобалық-сметалық құжатта­ма әзір. Біздің қаламыздың аудан­дық маңызы бар, сондықтан ол “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына кір­мейді. Біз бюджеттік өтінімді Ұлт­тық экономика министрлігіне жолдадық”, – деді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.

Облыс әкімі Сергеев су қойма­сына да барды. Нысан Есіл өзенін­дегі су ағынын реттейді, энергетика, сумен жабдықтау және ауыл шаруа­шылығы алқаптарын суару үшін қолданылады.

Техникалық тұрғыдан ал­ғанда су қоймасы толығымен жұмыс істейді. Алайда автожол көпірінің бүгінгі жағ­дайы алаңдатарлық. Яғни көпір апат­ты деп танылған. Облыс әкімі жауап­ты ведомстволарға мә­селені бақы­лауға алуды тапсырды.

Бұдан кейін Ғауез Нұрмұ­хам­бетов “Гермес Агро” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Кәсіпорын өсімдік және мал ша­­руашылығымен айналысады. Егіс алаңы 6 мың гектардан асады. Сон­дай-ақ жекеменшік астық таза­лау-кептіру кешені бар. Өңір басшы­сы серіктестіктің жұмысымен танысып, жергілікті шаруалармен кездесті.

Облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданның Червонное ауы­лына соқты. Елді мекендегі Мәде­ниет үйіне күрделі жөндеу жүргізі­ліпті. Шатыры, сахнасы мен кітапха­насы жөнделген, жылу және сумен жабдықтау жүйесі толығымен ауыс­тырылған. Бұл мақсатта жұмсалған қаражат – 82,3 млн. теңге. Сондай-ақ ауылда сүт фермасы тұрғызылып жатыр. Жоба құны 1,3 млрд. теңгені құрайды.

Өңір басшысы табан тіреген Ставрополка ауылында су торабы мен желілер салынып, 80 үй мен ны­сандар жүйеге қосылыпты. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті фитнес-орталықтың жұмысымен танысып, медициналық пунктке бар­ды. Ставрополка тұрғындарымен кездесуде елді мекенді дамыту мә­селелері талқыланды. Жергілікті жұртшылық жолдарды жөндеу қажеттігін айтты.

Өңір басшысы “Западное СК” жауапкершілігі шектеулі серіктес­ті­гінде де болды. Кәсіпорын арпа, сұ­лы, қа­рақұмық, картоп егумен айналысады. 12,4 мың гек­тар жерге да­қылдар сіңіріледі екен. Облыс әкімі­не астық тазалау жаб­дығы мен астық қоймасының құ­рылысы барысы туралы баян­далды. Жұмыс­тар биыл басталған. Бұл жо­баны жүзеге асыруға 140 млн. теңге жұмсал­мақ. Сонымен қатар кәсіпорын 420 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.

Жұмыс сапары барысында об­лыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның диқандарымен кездесті. Оның барысында мемлекет тарапы­нан көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтылды. Облыстағы ең үлкен сүт фермасы – “Возвышенка СК” серіктестігінің де жұмысымен танысты.

Тамерлан ТІЛЕУБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp