Өңір басшысы жұмыс сапарымен Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға барды. Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысып, инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын аралап көрді, кәсіпкерлермен және елді мекендердің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Шал ақын ауданындағы “ZHAGROUP LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәнді, бұршақты және жемшөп дақылдарын өсірумен айналысады. Сондай-ақ мал шаруашылығына маманданған. Қазіргі уақытта фермада 121 ірі қара бар. Болашақта оның санын 600-ге дейін жеткізбек. Бүгіндері мұнда тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр.
“2021 жылы “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 400 млн. теңге несие алдық. Құрылысқа барлығы 3 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Алдағы уақытта Зеңгі баба төлін көбейтуді жоспарлап отырмыз”, – дейді кәсіпкер Нұргелді Есілбаев.
Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында жабық хоккей корты салынып жатыр. Оның құрылысы биыл қыркүйекте басталған. Жобаның құны – 133 млн. теңге. Нысанның құрылысы жоспар бойынша қараша айында аяқталмақ. Сондай-ақ облыс әкімі “Құлеке батыр” дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Мұнда тренажер және спорт залдары, қазақ күресі, футбол және волейболдан жаттығуға арналған жабдықтардың толық жиынтығы бар. Сергеевкада Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде жылу қазандығын салу және қалаішілік жолдарды жөндеу мәселелері көтерілді.
“Жолдарды қайта жаңартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзір. Біздің қаламыздың аудандық маңызы бар, сондықтан ол “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына кірмейді. Біз бюджеттік өтінімді Ұлттық экономика министрлігіне жолдадық”, – деді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.
Облыс әкімі Сергеев су қоймасына да барды. Нысан Есіл өзеніндегі су ағынын реттейді, энергетика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін қолданылады.
Техникалық тұрғыдан алғанда су қоймасы толығымен жұмыс істейді. Алайда автожол көпірінің бүгінгі жағдайы алаңдатарлық. Яғни көпір апатты деп танылған. Облыс әкімі жауапты ведомстволарға мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов “Гермес Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Егіс алаңы 6 мың гектардан асады. Сондай-ақ жекеменшік астық тазалау-кептіру кешені бар. Өңір басшысы серіктестіктің жұмысымен танысып, жергілікті шаруалармен кездесті.
Облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Червонное ауылына соқты. Елді мекендегі Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліпті. Шатыры, сахнасы мен кітапханасы жөнделген, жылу және сумен жабдықтау жүйесі толығымен ауыстырылған. Бұл мақсатта жұмсалған қаражат – 82,3 млн. теңге. Сондай-ақ ауылда сүт фермасы тұрғызылып жатыр. Жоба құны 1,3 млрд. теңгені құрайды.
Өңір басшысы табан тіреген Ставрополка ауылында су торабы мен желілер салынып, 80 үй мен нысандар жүйеге қосылыпты. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті фитнес-орталықтың жұмысымен танысып, медициналық пунктке барды. Ставрополка тұрғындарымен кездесуде елді мекенді дамыту мәселелері талқыланды. Жергілікті жұртшылық жолдарды жөндеу қажеттігін айтты.
Өңір басшысы “Западное СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Кәсіпорын арпа, сұлы, қарақұмық, картоп егумен айналысады. 12,4 мың гектар жерге дақылдар сіңіріледі екен. Облыс әкіміне астық тазалау жабдығы мен астық қоймасының құрылысы барысы туралы баяндалды. Жұмыстар биыл басталған. Бұл жобаны жүзеге асыруға 140 млн. теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар кәсіпорын 420 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның диқандарымен кездесті. Оның барысында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтылды. Облыстағы ең үлкен сүт фермасы – “Возвышенка СК” серіктестігінің де жұмысымен танысты.
Тамерлан ТІЛЕУБАЕВ.