Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы суицид. Статистикаға көз жүгіртсек, өткен тоғыз айда өңірімізде екі бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал 10 жасөспірім өмірмен қоштасуға әрекеттенген. Облыстық психикалық денсаулық орталығында жиын өтіп, түйінді мәселе жан-жақты талқыланды.
– Біз өмірден түңілген жандарға алғашқы көмек көрсету орталықтарымен, аудандық және қалалық емханалармен тығыз байланыста болуымыз керек. Сол себепті жалпы тәжірибе дәрігерлерінің, психологтардың, психиатр және неврологтардың басын қостық. Бұл мәселе жылдан жылға ушығып барады, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Ирина Якимова.
– “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселемен кешенді түрде күресу қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Бұл ретте әр маман өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Яғни балалардың жас ерекшеліктеріне, отбасылық жағдайларына байланысты тиянақты жұмыс жүргізгені абзал. Облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Равиль Гарифзяновтың айтуынша, балалардың бойында жақындарынан көмек сұрай алу дағдысын қалыптастыру маңызды. Күйзеліс – суицидке әкелетін тағы бір фактор. Сондықтан өмірден түңілген жандар облыстық психикалық денсаулық орталығына хабарласа алады. Көмекке жүгінген адам жайлы дерек еш жерде жарияланбайды және ол есепке алын-байды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.