“Нан болса, ән болады” дегенді жиі айтамыз. Бұл жалпы қоғамға тән түсінік. 2006 жылдан бері 16 қазан – Дүниежүзілік нан күні ретінде аталып жүр. Ал елімізде бұл мереке 2019 жылдан бастап тойлана бастады.
Бұл күні көптеген елде нан өнімдерінің түрлі көрмелері, аспаздардың, наубайханашылардың және кондитерлердің кездесулері, жәрмеңкелер, шеберлік сыныптары, халықтық серуендер, сондай-ақ барлық мұқтаж адамдарға нанның тегін таратылуы, қайырымдылық акциялары және тағы басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Жиналғандар нан өнімдерінің әртүрлі сұрыптары мен түрлерін бағалап қана қоймай, сонымен қатар нанның қалай пайда болғанын, оның тарихы мен дәстүрін, неден жасалғанын, қай жерде өскенін, қалай пісірілетіні сияқты танымдық ақпараттармен де таныса алады.
Астықты аймақ саналатын облысымызда халықты нан өнімдерімен қамтамасыз ететін наубайхана аз емес. Бір ғана Петропавл қаласында тұрғындарды күн сайын ыстық, жұмсақ, дәмді нанмен қамтамасыз ететін ондаған наубайхана үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындарын сөзге тартып, “Қай наубайхананың нанын аласыз” деген сауалымызға жауап іздедік. Мәселен қала орталығында тұратындар көбінесе “Aimеr” дүкенінің наубайханасында піскен нан өнімдерін алады екен.
“Күн сайын таңертең және кешке осы дүкенге арнайы келемін. Осы уақыттарда ыстық нан сөреге қойылады. Сонымен қатар дүкен наубайханасынан шығатын басқа да ұннан жасалатын тәтті тоқаштар, күлше нандар өте дәмді”, – дейді қала тұрғыны Айнұр Әлібайқызы.
Облыс орталығындағы “Северный” супермаркетінде тұрғындар тарапынан сұранысқа ие “Деревенский” наны сатылады. Дүкен наубайханасында пісірілетін нан күніне үш рет сөреге қойылады. Ыстық нанды алуға жиналғандардың қарасы бір үзілген емес.
“Мен осы нанды алу үшін қаланың ана басынан арнайы келемін. Өйткені бұл нан екі-үш күнге дейін ескірмейді. Сапасын, дәмін жоғалтпайды. Бағасы да қолжетімді”, – дейді нан кезегінде тұрған Алексей Смирнов. Ал оның жанында тұрған Нұртай Айдынұлы соңғы екі жыл бойы тек осы наубайхананың нанын алатынын айтты. Себебі зейнеткер әке-шешесі осы жердің нанын сүйсініп жейді екен.
– Наубайхана бір ғана “Деревенский” нанының 2000-нан астам данасын пісіреді. Бұдан бөлек түрлі тәтті тоқаштар мен нандар бар. Халық тарапынан сұраныс өте жоғары. Қаланың басқа аудандарынан осы нанды алуға келетіндер көп. Бұл нанның ерекшелігі – өте тойымды, сапасы жоғары, бағасы тиімді. Нан өндірушілер халықтың нанға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, өнімнің түрін кеңейтуге де талпынып жатыр. Бұл негізінен нан-тоқаш, ұзақ және аз мерзімге сақталатын кондитерлік өнімдер, – дейді наубайхана қызметкері Елена Михайлова.
Облыс көлемінде бидай ұнынан жасалып, сауда сөресіне қойылатын нан түрлері жүздеп саналады. Жоғарыда сөз еткен бір ғана “Aimеr” дүкенінің наубайханасында нанның он шақты түрі сатылса, ал “Северный” супермаркеті сегіз түрін пісіреді екен. Сонымен қатар Петропавл қаласында нан пісіріп, халыққа ұсынатын “Magnum” дүкендер желісі бар. Мұнан бөлек 90 жылдық тарихы бар “Нан-тоқаш” комбинаты да қала халқының сұранысын қанағаттандырып отыр.
Күн сайын дастарқанымыздың ажарын ашатын нанның шығу тарихы сонау Мысыр елінен бастау алады. Астың атасы – үйдегі молшылық пен жақсылықтың нышаны. Қиын-қыспақ, соғыс, зобалаң кезеңдерде талай адам бір үзім нанмен жанын сақтағаны жайлы тарихи деректер аз емес.
Ең танымал өнімдердің ішінде нанға деген құрмет зор. Бірде-бір мереке ұннан жасалған өнімдерсіз өтпейді. Сегіз мың жылдық тарихы бар нан туралы қызықты фактілер де өте көп. Мәселен қазіргі кезде дүкендерде сатылатын дайын, кесілген нанды кім ойлап тапқанын білесіз бе? Америкалық шебер Отто Фредерик Роведдер әр адамның қолдануына ыңғайлы, таңғы аста қызартып жейтін кесілген нанды ойлап тапқан. Сонау 1912 жылдары Отто Фредерик нанды кесіп, тілімдерге айналдыратын құрылғыны жасап шығарған екен.
Ежелгі уақытта арпа ұнынан жасалған нан үлкен құрметке ие болды. Оны қазір Швейцария, Греция және Германия тұрғындары жейтін көрінеді. Ал Үндістан мен Қытайда күріш ұнынан жасалған өнімдер танымал, Венгрия мен Румынияда қонақтар жүгері торттилаларымен ауқаттанса, Африканың көптеген елдерінде құмайдан пісірілетін нан түрлері сұранысқа ие.
Жер бетінде күн сайын тұтынылатын нанның жартысынан көбі бутерброд ретінде желінеді екен. Бір ел тұрғындары нанның арасына ет, шұжық салып, енді біреулері сары май, тосап жағып жейді екен. Ал қазіргі кезде екінің бірі жейтін “сэндвич” нанын ойлап тапқан Граф Джон Монтэгю Сэндвичтің негізгі мақсаты жұмыс уақытында жылдам әрі арзан тамақтану болған.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.