Облыс прокурорлары бюджет қаражатын мақсатты жұмсау ісіне қатысты талдау жүргізіп, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
Ақжар аудандық экономика және қаржы бөлімінің лауазымды адамдары “Автомобиль жолдары туралы” Заңның 14-бабының талаптарын бұза отырып, ведомстволық сараптамасыз, 3 ауылдағы жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізген. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде тиісті шаралар қабылданып, аталған сатып алулардың күші жойылды. Осылайша 363 млн. теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол берілмеді.
Аталған аудандағы ауылдық округ әкімі де бюджет қаржысын игеруде салғырттық танытқан. Ол “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңның талаптарына қарамастан, Талшық ауылындағы кентішілік жолдарды жөндеуге арналған шарт бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін 7 млн.теңге көлемінде төлем жүргізген.
Қадағалау актісі және Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары бойынша ауылдық округ әкімі мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды, бүгінде бюджет қаражатын өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.