Бүгінгінің батыры кім екенін білесіз бе? Әрине, ол – ұстаз. Себебі ол – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты – талай тентектің тәртібін түзеп, небір еркені ақылға шақырып, есейтіп, ержеткізді. Балаға білім беріп қана қоймай, бойындағы бар дарын, қабілетін ашатын, оқытатын, тәлім-тәрбие беретін тұлға ретінде қоғамды қалыптастыратын үлкен қозғаушы күш. Ол – түрлі салаларды қатар меңгерген, әр баланы жалғызым деп білетін, жауапкершілік жүгі ауыр жолға өз өмірін арнаған жан. Сондықтан ұстаздардың тынымсыз еңбегінің еленіп, бағаланғаны қоғамның мерейін үстем етеді. Мемлекет басшысы аса үздік жетістіктері және елімізге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімдерге “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағын берді. Марапатталғандардың қатарында Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Қапезова да бар. Еңбек өтілі жарты ғасырға жуық, талай буынды білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстазды құттықтап, әңгімеге тарттық.
– Айжан Байкенқызы, үздік жетістіктеріңіз бен елімізге сіңірген айрықша еңбегіңіз үшін “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағын алуыңызбен құттықтаймын. Өзіңіз жайлы, ұстаздық қызметті таңдауға не себеп болғанын айтып өтсеңіз…
– “Ұстаздық – бұл адамға берілетін сый, ұстаздық – бұл талант, ұстаздық – бұл бейімділік, ұстаздық – бұл өмірлік іс” деген сөз бар ғой. Көзімді ашып көргенім, құлағыммен алғаш естігенім де – мұғалім. Ал ұстаздықтың қадір-қасиетін отбасынан сезініп өстім. Себебі ағам мен жеңгем мектеп мұғалімі болып жұмыс істейтін. Мен Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылында дүниеге келдім. Осы ауылдың 8 жылдық мектебін тамамдадым. Мектептегі алғашқы ұстазым – Шәукеров Мақыш Шәукерұлы деген кісі еді. Ұстаздық жолды таңдауыма осы кісінің әсері, ықпалы зор десем де болады. Сол уақытта бастауыш сыныбы 3 жылдан тұратын. Мақыш Шәукерұлы бізге сабақты баппен, байыпты мінезімен, керемет түсіндіретін. Білім берген үш жылдың ішінде бір рет қабақ шытпай, ерінбей, жалықпай, әріптерді үйретті, қолға қалам ұстатты, партада отыру, сыныптың тәртібін тәптіштеп түсіндірді. Мен сол кісіге қатты ұқсағым келетін. Ал 9-10 сыныптарда бұрынғы Преснов қазіргі Жамбыл ауданында Айымжан деген ауылда оқыдым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен Ажар Жұмағалиқызы Райымбекова деген мұғалім сабақ берді. Сабағы керемет өтетін. Бағдарламамен шектеліп қалмай, түрлі қызықты ақпараттар, тәрбиелік дүниелерді жиі айтатын. Ол кісінің бізге берген білімін тез қағып алып, үйренуге тырыстым. Осы кісілердің де әсері болса керек, ағартушылық жолға қызығушылығым арта түсті.
Арман қуып 1980 жылы Қостанай облысының Рудный педучилищесіне түсіп, оны 1983 жылы тамамдадым. Қолыма дипломымды алған соң жолдамамен Жамбыл ауданындағы Баянауылдағы мектепке жұмысқа орналастым. 1985 жылы, яғни екі жылдан соң тұрмысқа шығып, жұбайым екеуіміз 3 баланы өсіріп, жеткіздік. 1999 жылға дейін бастауыш сыныпта мұғалім болдым. Сол жылы Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебіне жұмысқа орналастым. Балаларды оқытамын, үйретемін, дамытамын деп жүргенде 40 жылдан астам уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармаппын.
Негізінен бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі өте зор. Әрбір баланы отырғызу, тұрғызу, киіндіру, қалам ұстату, қадағалау, ата-анасы келгенше назарда ұстау қиын жұмыс. Алайда елімізде бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі елене бермейді. Мәселен жоғары буын мұғалімдеріне арналған сайыстар жиі өткізіледі, шәкірттерінің жетістіктері еленіп жатады. Ал бастауыш сыныптарға арналған “Ақбота”, “Зерде” олимпиадалары сынды санаулы сайыстар ғана бар. Біз осыларға қатысып, шәкірттеріміздің жұмыстарын көрсетеміз. Алайда бұл өте аз. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдеріне көбірек көңіл бөлініп, арнайы олимпиада, конкурстар өткізілсе деймін.
– Мемлекет басшысының қолынан марапатты екінің бірі ала бермейді ғой. Осы сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Облыстық білім басқармасынан “Астанаға жол жүресіз, Мемлекет басшысы қабылдайды” деген хабар келгенде жүрегім алып-ұшып, қатты толқыдым. Не дегенмен еліміздің Президентімен кездесу, қолынан марапат алу үлкен бақыт қой. Еңбегімнің ақталғаны шығар деп қабылдадым. Бастауыш сынып мұғалімі деген қызығы мен шыжығы бірге жүретін қиын жол деп білемін. Сондықтан мені марапаттау арқылы бастауыш сынып мұғалімдерінің дәрежесін көтерді деп ойлаймын. Себебі білім негізі – бастауышта.
Сондай-ақ бұл кездесуде Мемлекет басшысы жас ұрпақтың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Бір оқумен шектелмей, адами құндылықтарды, адамгершілік, патриоттық қасиеттерді бала бойына дарытудың маңыздылығын, сіңірудің қажеттілігін айтты. Мұнымен келіспеске болмас, себебі бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, оған қарапайым дүниелерді үйрету – біздің міндетіміз. Өкінішке қарай, балаларда қазіргі таңда сыйластық сезімі, үлкенге құрмет, кішіге ізет байқалмайды. Ал соңғы уақытта баламен емес, ата-анамен жұмыс істеу өте қиын. Мектеп – ұстаз – ата-ана деген үштіктің ата-ана тарапы көп орындалмай жатады. Сондықтан ата-аналар жағынан мәселелер туындап тұрады. Бұл жалғыз мұғалімге ауыр тиеді. Тек мектеп тарапынан ғана емес, отбасында да үйретілетін дүниелер көп. Себебі тәрбиенің бастауы отбасынан басталады. Егер отбасында балаға жақсы тәлім-тәрбие берілсе, мектеп оны бала бойына дарыту үшін барлық жағдайды жасайды.
– Шәкіртті жеңіс тұғырына шығару үшін ұстаздың еңбегі зор. Қазіргі таңда оқушының білімге деген қызығушылығын ояту үшін не істеу керек?
– Әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді танып, өзгелерге танытуға талпынуы тиіс. Бес саусақ бірдей емес, сол сияқты оқушылар да әр түрлі болып келеді. Сондықтан оқушының қабілет-қарымын дөп басып анықтап, қызығушылығын ояту – мұғалімнің басты міндеті. Әр баланың айтары бар. Кейде ата-анасына айтпағанын мұғалімімен бөлісіп жатады. Арманын, жоспарын айтқанда, бетін бірден қайтарып тастамай, қолдап, демеп отыру керек. Ең бастысы баланы “жақсы” оқиды, “орташа” оқиды деп ешқашан бөлуге болмайды. Кейбір оқушылар бастауыш сыныпты нашар оқиды да, 5-6 сыныпқа барғанда ашылады, ал енді кейбір балалар керісінше бастауышты үздік оқиды да, жоғары сыныпта оқуға деген қызығушылығы азаяды. Осы ретте ұстаздың ықпалы зор. Жан-жақты ақпарат бере отыра білімге қызықтыру немесе тек қана бекітілген бағдарлама шеңберінен шықпай оқыту арқылы біз баланың болашағын қалап жатқанымызды ұмытпауымыз керек.
– Ұстаздар жайлы сөз қозғағанда “мақтанышы – шәкірттері” дегенді жиі айтамыз. Мақтанышыңызға айналған, сеніміңізді ақтап жүрген шәкірттеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Шынында да, мұғалімнің басты жетістігі – шәкірттерінің жеңісі. Әр ұстаз шәкірттерімен мақтанады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жәмила Бектұрған деген оқушым республикалық “Зерде” ғылыми жобалар жарысында 3-ші орын алды, 2022-2023 оқу жылдары Мәдина Баяхмет екі жыл қатарынан орындар иеленді. Бірінші жылы екінші, келесі жылы үшінші орын алды. Ал облыс, қала көлеміндегі конкурстарға, олимпиадаларға, ғылыми, мәнерлеп оқу жарыстарына қатысып, жүлделі орын алып жүрген шәкірттерім өте көп. Менің осындай жетістікке жетуім шәкірттерімнің арқасы. Осы орайда маған демеу болып, қолдан келер көмектерін аямай, атсалысып жүрген ата-аналарға мың алғыс. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана нәтиже болады.
– Қазіргі білім жүйесіне қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Осы саланың тәжірибелі маманы ретінде ойыңызды білсек деп едік.
– Білім беру саласында жүргеніме жарты ғасырға жуық уақыт болғандықтан, салыстыратын, “қап, әттеген-ай” дейтін тұстар өте көп. Қазіргі мен бұрынғы білім жүйесінің айырмашылығы жер мен көктей. Бұрын біз ізденіп, кітапханалардан шықпай, шетелдік кітаптарды аударып, сабақ оқитынбыз. Ал қазіргі таңда бәрі алдымызда, қажетті ақпарат ғаламторда толып тұр. Қазір техника билеген заман болғандықтан оқушылар да “заманына қарай амалы” деп, осыған бейімделіп алған. Ең өкініштісі, қазіргі оқулықтарда оқушы тұрмақ біз түсіне бермейтін қателіктер бар екенін мойындау керек. Болашақта осы қателер назарға алынып, оқулықтарымыз жөнделеді деген үмітім зор.
– Ұстаздық жолды таңдаған жас мамандарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Жақсы ұстаз – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық қабілеті мол тұлға. Сондықтан ұстаздық жолына енді қадам басып жатқан жас әріптестеріме шыдамды, төзімді, сабырлы болыңыздар деймін. Әсіресе мейірімді болу керек. Себебі қазіргі уақытта бала тұрмақ үлкендердің өзі мейірімге мұқтаж. Осы жолды таңдаған екенсіз, өз ісіңізді шын жақсы көріңіз. Сонда ғана сізден тәлім-тәрбие алған шәкірттер – ұлтжанды, әділ, адал, еліміздің дамуына зор үлес қосатын мықты, таудай тұлғаға айналады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.