«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балалардың бронх демікпесін қалай емдеуге болады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бронх демікпесі – тыныс алу жолдарының ең жиі кездесетін ауруы. Мамандардың айтуынша, елімізде сырқаттар саны жылдан жылға артып келеді. Болжамға сәйкес, 21 ғасырдың екінші жартысында әрбір екінші бала демікпеден зардап шегуі мүмкін. Қазіргі уақытта осындай сырқатқа шалдыққан өңірлердегі балалар Алматыдағы “Алатау” республикалық балалар клиникалық санаторийінде тегін оңалтудан өте алады. Осы мекеме директорының орынбасары Екатерина Слободенюк дерт жайында, санаторийге жолдаманы қалай алуға болатындығы және толыққанды өмір сүруге, асқынуларды ұмытуға мүмкіндік беретін жағдайларды айтып берді.

– Екатерина Борисовна, “Алатау” балалар клиникалық санаторийінің басқалардан ерекшелігі неде? Бұл жерде қандай ем қабылдауға болады?

– Бұл мекеменің толық атауы – “Алатау” балалар клиникалық санаторийі шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны. 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елімізде балаларға арналған санаторийлер саусақпен санарлық, біздің ұйымның ерекшелігі – бұл республикадағы таулы-климаттық курортта орналасқан жалғыз балалар санаторийі, теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте тұр. Яғни ауасының өзі ем, тау басына көтеріліп-түсу күнделікті қабылданатын ем қатарына енгізілген. Еліміздің он үздік санаторийінің қатарында.

Бізге созылмалы бронхопульмональды аурулар, соның ішінде бронх демікпесі бар балалар келіп, тегін ем қабылдайды. 150 орын бар, оның ішінде ата-аналар қалауы бойынша балаларымен бірге келіп, ақылы түрде жата алады. 3-17 жас аралығындағы балаларға арналған аурухана жыл бойы жұмыс істейді. Курс 21 күнге арналған. Былтыр 1890 баланың денсаулығын жақсартуға септестік.

– Бронх демікпесі созылмалы аурулардың қатарына жатады ғой. Ол туралы жан-жақты айтып бересіз бе? Несімен қауіпті?

– Бронх демікпесі – аллергиялық қабыну бар созылмалы ауру. Бұл дерттің белгілері – жөтел, ентігу, тыныс алған кезде ысқырғандай дыбыстың шығуы, тыныс алудың қиындауы, тіпті тұншығуға дейін баруы мүмкін. Ауру өте ауыр болып, өмірге қауіп төндіреді. Бронх демікпесі аллергиямен тығыз байланысты. Аллергиялық реакциядан әртүрлі аурулар пайда болуы мүмкін. Мысалы тамақ аллергиясы кезінде атопиялық дерматит, респираторлық-аллергиялық ринит немесе бронх демікпесі білінеді. Тағы бір айта кететін жайт, бронх демікпесімен ұлдар жиі ауырады.

– Бронх демікпесі тұқым қуалай ма?

– Бронх демікпесіне қарағанда аллергияға бейімділік тұқым қуалайды. Егер отбасында астматиктер болса, онда балалар аллергиялық аурулармен жиі ауырады. Ол демікпе, аллергиялық ринит болуы мүмкін. Егер ата-ананың біреуінде бронх демікпесі болса, онда балада бұл дерттің қайталануы 30 пайыз болмақ. Ата-ананың екеуі де ауырса онда 70 пайыз жағдайда бала дертке шалдығады.

– Бронх демікпесі қалай пайда болады және қандай белгілерге назар аудару керек?

– Бронх демікпесі бірден пайда болмайды. Аллергия – бұл жүйелік реакция, сондықтан балаларда ол алдымен тамақ аллергиясы ретінде көрінеді, яғни, үлкен дәретке тұрақсыз бару, кейін атопиялық дерматит және басқалары пайда болып, содан кейін жоғарғы немесе төменгі тыныс жолдарының клиникалық көріністері мазалайды. Демікпе – аллергияның соңғы кезеңі. Сонымен қатар аллергияға бейім адамдар жиі жедел респираторлық инфекцияларды жұқтырып, ол кейін бронх демікпесінің дамуына себеп болады.

Бронх демікпесіне әкелетін ең кең таралған себеп – үйдегі шаңға, гүл тозаңына, дәрілер мен азық-түлікке патологиялық реакция. Бронхтың қысылуына үйдегі микроскопиялық кенелер әсер етуі мүмкін. Олар кілемде, жұмсақ ойыншықтарда, төсек-орында болуы мүмкін. Құс жастық пен көрпе, үйде көктің болуы жағдайды ушықтыра түсуі ықтимал.

Егер баланың демалысы қиындап, тыныс алу кезінде сырыл, ысқырық дыбыстар шықса, түні бойы жөтел қысса, физикалық белсенділіктен кейін демалысы нашарласа, суық тию 10 күннен артық созылып кетсе немесе демікпеге қарсы ем қолданғанда жағдайы жақсарса – бұл оның бронх демікпесімен ауыратындығының белгісі. Бронх демікпесі 13-17 жасқа келгенде жойылуы мүмкін.

– Бронх демікпесі бар баланың жағдайын жақсарту үшін не істеген жөн?

– Белгілі бір ережелерді ұмытпай, орындау қажет. Үйде гипоаллергенді жағдай қалыптастырған жөн: үй жануарлары – ит, мысық, құстар, балықтардан бас тарту, бөлмелердің күнделікті шаңын сүрту, кілем, жүн төсеніштерден, жұмсақ ойыншықтардан құтылу, түрлі косметикалық ұнтақтарды, жуғыштарды шектеп, химиялық заттармен – лак, сыр, желімдермен жұмыс істеуді барынша азайту маңызды. Темекі түтіні де зиян, көктемде өсімдіктер гүлдегенде далаға шығуды шектеген абзал. Гипоаллергендік диета ұстану артықтық етпейді. Шоколад, цитрустер, жаңғақтар, балық, бал, томат аллергенді, олардан бас тартқан дұрыс. Тыныс гимнастикасын жасау қажет. Бассейнде жүзіп, таза ауада көбірек серуендеген жөн.

– “Алатау” санаторийінде республиканың әр өңіріндегі балалар тегін емделе алады ғой. Ол үшін не істеу керек?

– Біздің санаторийге диспансерлік есепке алынған балаларға жолдама беріледі. Жолдама әр облысқа бөлінген. Ол үшін тіркелген емханаға барып, дәрігермен бірге құжаттарды жинаған жөн. Олардың қатарында баланың жеке құжаттары, жолдама, баланың санаторлық-курорттық картасы, амбулаторлық картаның көшірмесі, бейіндік мамандардың қорытындысы, зертханалық талдаулар бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp