«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел үмітін ақтағандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қытайдың Ханчжоу төрінде дүбірлеп өткен ХІХ жазғы Азия ойындарының аяқталғанына бір аптаға жуық уақыт өтті. 17 күнге созылған байрақты бәсекеге 45 мемлекеттің 11 мыңға жуық спортшысы қатысты. Ел құрамасы сапынан 525 атлет қатысып, қазақстандықтар қоржынға 10 алтын, 22 күміс, 48 қола салды. Жалпыкомандалық есепте үкілеген үміттеріміз 11-орынды иеленді. Ал медальдар саны жөнінен 80 жүлдеге қол жеткізіп, үздік бестіктің қатарына енді. Азия ойындары басталар алдында мамандар 25-30 спортшыға алтын алады деп сенім артқан болатын. Алайда солардың тек 10-ы ғана биік тұғырдан көрінді. Бұл нәтиже спортсүйер қауымның көңілінен шықпағаны анық.

Ұлттық құрамамыз жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері үздік­сіз қатысып келеді. Ел командасы та­рихында алғашқы сарықұрлық бәсе­кесі Жапонияның Хиросимо қала­сын­да өткен. Сонда жерлестеріміз бұл турнирде атой салып, жалпыко­ман­далық есепте төртінші орынға тұ­рақтаған болатын. Отандық спорт­шы­лардың қоржынына 77 жүлде түс­ті, оның 25-і алтын, 26-сы күміс және тағы соншасы қола медаль. Отандық спорт түрлерінің енді ғана дами бас­таған кезі. Азиада да азуын көрсет­кен атлеттерміз араға төрт жыл са­лып, қол жеткізген табысты қайта­лай­мыз деп уәде берді. Ұлттық құра­ма мүшелері Тайландтың Банг­кок қа­ласында өткізілген жарыста 5-ші орынға тұрақтады. Осы жолы 80 ме­даль еншілеп, ел мерейін үс­тем етті.

Оңтүстік Кореяда өткен сарықұр-лық­тың басты бәсекесінде отандастарымыз тағы да төртінші орыннан көрінді. Ұлттық құрама мүшелері 74 медаль еншіледі. Ондағы алтынның саны 20-ақ еді.

Сарықұрлықтың басты бәсеке­ле­рінде Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея командаларынан кейін тұра­тын қазақ елі бұдан да жоғары белес­терді бағындыруға талпынды. 2006 жылы Катардың Дохасында өткен жа­рыста 23 алтынмен Қазақстан құрамасы төртінші орынға тұрақтады. Елі­міздің жанкүйерлері спорт­шылары­мызға сенім артып, атлетте­ріміздің үздік үштікке енуін аңсады. Кейінгі жа­рыс­тарда жерлестеріміз төбе көрсе­те алмай жатты. Спорт ма­мандары се­лекциялық жұмысты ойдағыдай ат­қардық, қажетті қаражатты бөлдік, енді міне Азияны бағынды­рамыз деді. Десе де олардың бұл ұран сөздері еш нәтиже әкелмеді.

2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Азия ойындарында отан­дық спортшылар тағы бір мәрте 5-ші орынды иеленді. Мұндағы нәти­же өткен жарыстардан төмен болды. Қоржынымызға небәрі 18 алтын, 23 күміс пен 38 қола медаль түсті. Десе де Қазақстанның Олимпиада коми­теті федерациясы мойымады. Олар бұл жолы сайысты 79 жүлде­мен аяқтадық деп ақталды.

2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы Азия ойында­ры­на Қазақстан атынан 414 спортшы аттанды. Бұл кезде атлеттер саны бойынша еліміз рекорд орнатып, үздік үштіктің ауылы алыс емес еке­нін көрсеткендей болды. Десе де осы жолы да ұлттық құрама 4-орынға жайғасты. Бірақ көңілге қонымдысы қор­жынға түскен 84 медальдің 28-і ал­тын еді. Араға тағы 4 жыл салып, жаз­ғы азиадада 9-шы орыннан бір-ақ көріндік. Сингапурдан соң жағылған үміт шырағы өшті.

Пандемия салдарынан азиада ара­ға бес жыл салып, байрағын көтерді. Бір жағынан спортшыларға же­ңілдік жасалғандай болды. Дайындық уақыты ұзарып, кем тұстарымызды түзетуге мүмкіндік берілді.

Азия ойындарында бұған дейін үздік үштікке ілікпей жүрген стенд ату­дың майталмандары “скид” бағдар­ламасы бо­йынша Қазақстанның қыз­дар құра­масы ең көп ұпай жинап, сарықұрлық ойындарының жеңімпа­зы атанды. Командамыз сапында Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панарина өнер көрсетіп, жа­рыс рекордын жаңартты. Же­келей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге қол жеткізді.

Стенд атуда “Skidміх” бағдарла­масында Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай ел қор­жы­нына кезекті ал­тын медаль қосты. Аталған бәсекеде алғашында 8 құрама бақ сынады. Намысқа тырысқан жерлестеріміз басаяғы жарты сағаттың ішінде қарсыластарынан 5 ұпайға асып, Азиа­да чемпионы атанды. Шыны ке­рек, стенд ату елімізде кенже дамыған. Қазақ­тар әдетте баласын фут­бол, күрес, бокс секілді спорт түрле­ріне береді.

Азия ойындарында тапаншамен 10 метрге жылжымалы нысананы көздеуде Зухра Ирназарова қарсыластарының мықтылығына қарамас­тан, жарысты өте сенімді бастап, тағы бір алтынды ұлттық құрама қоржынына салды.

Джиу-джитсудан бірнеше елде өткен халықаралық турнирде топ жарған Нұржан Батырбеков құра­маға тағы бір алтын медальді алып берді. Нұржан Азия ойындарындағы финалдық сайыста екі дүркін Азия чемпионын жеңіп, жанкүйерлерді бір қуантып тастады.

Тас жолдағы веложарыста сынға түскен ұлттық құраманың көшбасшы­сы Алексей Луценко үздік нәтиже көрсетіп, азиаданың алтын медалін еншіледі. Отандасымыз осылайша Азия ойындарының төрт дүркін же­ңім­пазы атанды. Топтық сында сол­түс­тікқазақстандық велошабандоз мәрттік танытып, жеңісті командаласы Евгений Федоровқа берді. Өзі бол­са, мәре сызығын екінші болып кесіп өтті.

– Соңғы 2 шақырым қалғанда Алексей жеңеді деп ойладым. Кейін мәреге жақындағанда оның жеңісті маған беріп жатқанын сездім. Кейін ол маған былай деп айтты: “Сенде ал­тын медаль жоқ, ал менде бар. Сондықтан саған жеңісті сыйладым”. Оның маған берген сыйына ал­ғысым шексіз. Алдағы жарыстарда да бірінші орын алуға тырысамын. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рақмет. Бұл алтын медаль – біздің ко­мандамыздың ортақ жеңісі, – деді Ев­гений Федоров.

Шосседе өткен веложарыста тағы бір қазақстандық спортшы мәре сызығын бесінші болып кессе, солтүстікқазақстандық Глеб Бру­сенс­кий 16-шы сатыға жайғасты.

Елімізде кенжелеп қалған ескек есушілердің жарысынан ешкім оң нәтиже күтпегені анық. Бірақ қазақстандық спортшылар дегеніне жетіп, Сергей Емельянов пен Тимур Хай­даров жоғары тұғырға көтеріліп, бірінші орын иегерлері атанды.

Азия ойындарында ел үмітін ақ­та­ған спортшылардың қатарында каратэшілердің бар екені даусыз. Дүбірлі додаға келген барлық 8 отанда­сымыз да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қоржынға 3 алтын, 3 күміс және 2 қола түсті.

Естеріңізге салсақ, биылғы сарықұрлықтың басты жарысында ел на­мысын 7 солтүстікқазақстандық қорғап, олар төрт жүлделі орынға қол жеткізді. Азиаданың тө­рінде намысты қолдан бермеуге ты­рысқан спортшыларымыздың болғанын жақсылыққа балауға болады.

– Менің ойымша, жерлестеріміз бұдан да жоғары нәтижеге қол жет­кізе алар еді. Әрине өкінішті. Бірақ қайткенмен де төрт жүлде түсті. Бұ­ған дейін тағы екі спортшымыз қа­тысуға ниетті еді. Олар алған жа­ра­қаттарына байланысты Азия ойындарына қатыса алмады. Алдымен дзюдошы қызымыз Назгүл Маратова­ның жарақаты тым ауыр болды. Кейін дәл жарыс басталар шақта жеңілатлет Михаил Литвин жара­қаттанды. Дегенмен алда әлі Па­риждегі Олимпиада бар. Ондағы жарыс­қа жолдама алу үшін бірнеше жерлесіміз таласады. Олардың қатарында Махаббат Үмітжанова, Глеб Брусенский, Назгүл Маратова, Ар­тем Захаров, Михаил Литвин, Нұр­қожа Қайпанов, Данияр Кәленов пен Әмір Зәкіров бар, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.

Азия құрлығы түгіл, Олимпиада­да жарысқа түсетін бәсекелестер көз тіккен негізгі сын – боксшылар жек­пе-жектері еді. Өкінішке қарай, былғары қолғап шеберлері, Әлем чем­пионатында топ жарған қазақстандықтар жанкүйерлер сенімін ақтай алмады. Ел боксшылары алтынсыз қалды. Әсіресе, Сәкен Бибосынов, Сабырхан Махмұттың көрсеткен өнерлері көңілден шықпады.

Аса ауыр салмақта қазақстандық былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаев бұрыңғы қарсыласы өз­бекстандық Баходүр Жалоловпен фи­налда кездесті. Екі спортшы да аянбады. Тіпті, екі соңғы раундта жерлесімізге жеңіс жақын тұрды. Бірақ отандасымызға бұйырғаны кү­міс медаль. Осылайша бокстан ер­лерде екі қола, бір күміс, әйелдер қа­тарынан бір күміс пен бір қола түсті. Бұл ретте бұрымдылар сынында ал­ғаш рет қатысқан солтүстікқазақстандық Наталья Богданованы атап өткен жөн. Жерлесіміз үшінші орынды қанағат тұтты.

Жүлде алған спортшыларды Мемлекет басшысы қабылдады. Ұлттық құраманың жетістігіне Прези­денттің көңілі толмайтыны көрініп, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысын сынға алды.

– Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және федерациялар арасында үйлесім жоқ. Спортты басқару институтта­рының қызметі мен өзара ықпалдас­тығына қатысты бүкіл жүйені қысқа мерзімде қайта қарау қажет. ҰОК-нің қызметін жетілдіру ісіне де назар аудару керек. Туризм және спорт ми­нистрлігі, ҰОК және федерация­лардың жұмысын үйлестіруді түбегейлі жолға қоюы керек. Тиімді байла­ныстың, ықпалдастықтың және өза­ра жәрдемдесудің болмауы жақсы нәтижеге жеткізбейді, яғни, жеңіліске әкеп соқтырады. Париж Олимпиада­сы қарсаңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бұл тапсырмасын спорт саласындағы атқамінерлер орындайды деп сенеміз.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp