«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгінің батыры кім екенін білесіз бе? Әрине, ол – ұстаз. Себебі ол – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты – талай тентектің тәртібін түзеп, небір еркені ақылға шақырып, есейтіп, ержеткізді. Балаға білім беріп қана қоймай, бойындағы бар дарын, қабілетін ашатын, оқытатын, тәлім-тәрбие беретін тұлға ретінде қоғамды қалыптастыратын үлкен қозғаушы күш. Ол – түрлі салаларды қатар меңгерген, әр баланы жалғызым деп білетін, жауапкершілік жүгі ауыр жолға өз өмірін арнаған жан. Сондықтан ұстаздардың тынымсыз еңбегінің еленіп, бағаланғаны қоғамның мерейін үстем етеді. Мемлекет бас­шысы аса үздік жетістіктері және елі­мізге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімдерге “Қазақстан­ның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағын берді. Марапатталғандардың қатарында Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің бас­тауыш сынып мұғалімі Айжан Қа­пезова да бар. Еңбек өтілі жарты ғасырға жуық, талай буынды білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұс­тазды құттықтап, әңгімеге тарттық.

– Айжан Байкенқызы, үздік жетістіктеріңіз бен елімізге сіңір­ген айрықша еңбегіңіз үшін “Қа­зақстанның еңбек сіңірген ұс­та­зы” құрметті атағын алуы­ңыз­бен құттықтаймын. Өзіңіз жайлы, ұс­таздық қызметті таңдауға не се­беп болғанын айтып өтсеңіз…

– “Ұстаздық – бұл адамға бері­летін сый, ұстаздық – бұл талант, ұстаздық – бұл бейімділік, ұстаздық – бұл өмірлік іс” деген сөз бар ғой. Көзімді ашып көргенім, құлағыммен алғаш естігенім де – мұғалім. Ал ұс­таздықтың қадір-қасиетін отбасынан сезініп өстім. Себебі ағам мен жең­гем мектеп мұғалімі болып жұмыс істейтін. Мен Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылында дүниеге келдім. Осы ауылдың 8 жылдық мектебін тамам­дадым. Мектептегі алғашқы ұс­тазым – Шәукеров Мақыш Шәукер­ұлы деген кісі еді. Ұстаздық жолды таңдауыма осы кісінің әсері, ықпалы зор десем де болады. Сол уақытта бастауыш сыныбы 3 жылдан тұра­тын. Мақыш Шәукерұлы бізге са­бақты баппен, байыпты мінезімен, керемет түсіндіретін. Білім берген үш жылдың ішінде бір рет қабақ шытпай, ерінбей, жалықпай, әріптерді үй­ретті, қолға қалам ұстатты, партада отыру, сыныптың тәртібін тәптіштеп түсіндірді. Мен сол кісіге қатты ұқ­сағым келетін. Ал 9-10 сыныптарда бұрынғы Преснов қазіргі Жамбыл ауданында Айымжан деген ауылда оқыдым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен Ажар Жұмағалиқызы Райым­бекова деген мұғалім сабақ берді. Сабағы керемет өтетін. Бағ­дарла­мамен шектеліп қалмай, түрлі қы­зықты ақпараттар, тәрбиелік дү­ниелерді жиі айтатын. Ол кісінің бізге берген білімін тез қағып алып, үй­ренуге тырыстым. Осы кісілердің де әсері болса керек, ағарту­шылық жол­ға қызығушылығым арта түсті.

Арман қуып 1980 жылы Қостанай облысының Рудный педучилищесіне түсіп, оны 1983 жылы тамамдадым. Қолыма дипломымды алған соң жол­дамамен Жамбыл ауданындағы Баянауылдағы мектепке жұмысқа орналастым. 1985 жылы, яғни екі жыл­­дан соң тұрмысқа шығып, жұба­йым екеуіміз 3 баланы өсіріп, жеткіз­дік. 1999 жылға дейін бастауыш сы­ныпта мұғалім болдым. Сол жылы Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебіне жұмысқа орналас­тым. Балаларды оқы­тамын, үйрете­мін, дамытамын деп жүргенде 40 жылдан астам уа­қыттың қалай өтіп кеткенін аңғар­маппын.

Негізінен бастауыш сынып мұ­ғалімдерінің еңбегі өте зор. Әрбір баланы отырғызу, тұрғызу, киіндіру, қалам ұстату, қадағалау, ата-анасы келгенше назарда ұстау қиын жұмыс. Алайда елімізде бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі елене бермей­ді. Мәселен жоғары буын мұғалім­деріне арналған сайыстар жиі өткі­зіледі, шәкірттерінің жетістіктері еле­ніп жатады. Ал бастауыш сынып­тарға арналған “Ақбота”, “Зерде” олимпиадалары сынды санаулы са­йыстар ғана бар. Біз осыларға қа­тысып, шәкірттеріміздің жұмыста­рын көрсетеміз. Алайда бұл өте аз. Сондықтан бастауыш сынып мұға­лім­деріне көбірек көңіл бөлініп, ар­найы олимпиада, конкурстар өт­кізілсе деймін.

– Мемлекет басшысының қо­лы­нан марапатты екінің бірі ала бермейді ғой. Осы сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Облыстық білім басқарма­сы­нан “Астанаға жол жүресіз, Мемле­кет басшысы қабылдайды” деген ха­бар келгенде жүрегім алып-ұшып, қат­ты толқыдым. Не дегенмен елі­міздің Президентімен кездесу, қо­лынан марапат алу үлкен бақыт қой. Еңбегімнің ақталғаны шығар деп қабылдадым. Бастауыш сынып мұ­ғалімі деген қызығы мен шыжығы бірге жүретін қиын жол деп білемін. Сондықтан мені марапаттау арқылы бастауыш сынып мұғалімдерінің дәрежесін көтерді деп ойлаймын. Себебі білім негізі – бастауышта.

Сондай-ақ бұл кездесуде Мем­ле­кет басшысы жас ұрпақтың тәр­биесіне көбірек көңіл бөлу керек­тігіне тоқталды. Бір оқумен шектел­мей, адами құндылықтарды, адам­гершілік, патриоттық қасиеттерді бала бойына дарытудың маңызды­лығын, сіңірудің қажеттілігін айтты. Мұнымен келіспеске болмас, себебі бала мектеп табалдырығын аттаған­нан бастап, оған қарапайым дүние­лерді үйрету – біздің міндетіміз. Өкінішке қарай, балаларда қазіргі таңда сыйластық сезімі, үлкенге құрмет, кішіге ізет байқалмайды. Ал соңғы уақытта баламен емес, ата-анамен жұмыс істеу өте қиын. Мек­теп – ұстаз – ата-ана деген үштіктің ата-ана тарапы көп орындалмай жатады. Сондықтан ата-аналар жа­ғынан мәселелер туындап тұрады. Бұл жалғыз мұғалімге ауыр тиеді. Тек мектеп тарапынан ғана емес, отба­сын­да да үйретілетін дүниелер көп. Себебі тәрбиенің бастауы отба­сы­нан басталады. Егер отбасында ба­лаға жақсы тәлім-тәрбие берілсе, мек­теп оны бала бойына дарыту үшін барлық жағдайды жасайды.

– Шәкіртті жеңіс тұғырына шығару үшін ұстаздың еңбегі зор. Қазіргі таңда оқушының білімге деген қызығушылығын ояту үшін не істеу керек?

– Әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді танып, өзгелерге танытуға талпынуы тиіс. Бес саусақ бірдей емес, сол сияқты оқушылар да әр түрлі болып келеді. Сондықтан оқушының қабілет-қарымын дөп басып анықтап, қызығушылығын ояту – мұғалімнің басты міндеті. Әр баланың айтары бар. Кейде ата-анасына айтпағанын мұғалімімен бөлісіп жатады. Арманын, жоспарын айтқанда, бетін бірден қайтарып тастамай, қолдап, демеп отыру керек. Ең бастысы баланы “жақсы” оқиды, “орташа” оқиды деп ешқашан бөлуге болмайды. Кейбір оқушылар бастауыш сыныпты нашар оқиды да, 5-6 сыныпқа барғанда ашылады, ал енді кейбір балалар керісінше бас­тауышты үздік оқиды да, жоғары сыныпта оқуға деген қызығушылығы азаяды. Осы ретте ұстаздың ықпалы зор. Жан-жақты ақпарат бере отыра білімге қызықтыру немесе тек қана бекітілген бағдарлама шеңберінен шықпай оқыту арқылы біз баланың болашағын қалап жатқанымызды ұмытпауымыз керек.

– Ұстаздар жайлы сөз қозға­ғанда “мақтанышы – шәкірттері” дегенді жиі айтамыз. Мақтанышы­ңызға айналған, сеніміңізді ақтап жүрген шәкірт­теріңіз жайлы ай­тып өтсеңіз.

– Шынында да, мұғалімнің басты жетістігі – шәкірттерінің жеңісі. Әр ұстаз шәкірттерімен мақтанады. Осы­дан бірнеше жыл бұрын Жәмила Бектұрған деген оқушым респуб­ликалық “Зерде” ғылыми жобалар жарысында 3-ші орын алды, 2022-2023 оқу жылдары Мәдина Баяхмет екі жыл қатарынан орындар иеленді. Бірінші жылы екінші, келесі жылы үшінші орын алды. Ал облыс, қала көлеміндегі конкурстарға, олимпиа­даларға, ғылыми, мәнерлеп оқу жарыстарына қатысып, жүлделі орын алып жүрген шәкірттерім өте көп. Менің осындай жетістікке жетуім шәкірттерімнің арқасы. Осы орайда маған демеу болып, қолдан келер көмектерін аямай, атсалысып жүр­ген ата-аналарға мың алғыс. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана нәтиже болады.

– Қазіргі білім жүйесіне қатыс­ты түрлі пікір айтылып жүр. Осы са­ланың тәжі­рибелі маманы ре­тінде ойыңыз­ды білсек деп едік.

– Білім беру саласында жүрге­німе жар­ты ғасырға жуық уақыт бол­ғандық­тан, салыстыратын, “қап, әт­те­ген-ай” дейтін тұстар өте көп. Қа­зіргі мен бұрынғы білім жүйесінің айыр­машы­лығы жер мен көктей. Бұ­рын біз ізденіп, кітапханалардан шық­пай, шетелдік кітаптарды аударып, сабақ оқитынбыз. Ал қазіргі таңда бәрі алдымызда, қажетті ақпарат ғалам­торда толып тұр. Қазір техника би­леген заман болғандықтан оқушы­лар да “заманына қарай амалы” деп, осыған бейімделіп алған. Ең өкініш­тісі, қазіргі оқулықтарда оқушы тұр­мақ біз түсіне бермейтін қателіктер бар екенін мойындау керек. Бола­шақта осы қателер назарға алынып, оқулықтарымыз жөнделеді деген үмітім зор.

– Ұстаздық жолды таңдаған жас мамандарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Жақсы ұстаз – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық қабілеті мол тұлға. Сондықтан ұстаздық жолына енді қадам басып жатқан жас әріптес­теріме шыдамды, төзімді, сабырлы болыңыздар деймін. Әсіресе мейі­рімді болу керек. Себебі қазіргі уа­қытта бала тұрмақ үлкендердің өзі мейірімге мұқтаж. Осы жолды таң­даған екенсіз, өз ісіңізді шын жақсы көріңіз. Сонда ғана сізден тәлім-тәрбие алған шәкірттер – ұлтжанды, әділ, адал, еліміздің дамуына зор үлес қосатын мықты, таудай тұлғаға айналады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp