«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғибраты мол ғалым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ руханиятының да­муына үлкен үлес қосып жүрген әде­биеттанушы ғалым, фило­логия ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Есембековтің есімі әдеби және ғылыми ортаға жақсы таныс. Ол – әдебиет теория­сы, мәтін теориясы мен лингвистикасы, аудармата­ну саласын зерттеуде тыңғылықты еңбек сіңіріп жүрген ғалым.

Темірғали Оразғалиұлы 1953 жылы 20 қазанда Мағжан Жұма­баев ауданында дүниеге келген. Өзі туып-өскен ауданның құрметті азаматы.

Ұлттық әдебиеттану ғылымы­ның әлемдік әдеби үрдісті игеру­дегі бағыты мен беталысын ғылы­ми еңбектеріне арқау ете білген ғалымның талғамы биік, танымы те­рең. Оқу-ағарту ісі, білім-ғылым – қиын, әрі бұралаң-қалтарысы көп күрделі жол. Ұстаздық, ғылым жолы – абыройлы, мерейлі қызмет десек те, бұл саланы екінің бірінің таңдай бермесі анық.

Ғалым ғылыми-оқытушылық қызметін осыдан 44 жыл бұрын, яғни 1979 жылы Қарағанды мемле­кеттік университетінде бастайды. 1980-1982 жылдары М.Ломоносов атындағы ММУ жанындағы әде­биет теориясы институтында оқиды. 1982-1985 жылдары С.М.Ки­ров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің күндізгі аспиран-турасында оқып, 1986 жылы кан­дидаттық диссертациясын қорғай­ды. 1986-1991 жылдары ҚарМУ-да аға оқытушы, доцент, факультет де­канының орынбасары, фа­культет деканы лауазымдарында жұмыс істейді. 1991 жылы министрліктің бұйрығымен жаңадан ашылған А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне жұ­мысқа жіберіліп, филология фа­культетін ұйымдастыру және әде­биет кафедрасын құрумен айна­лысады. 1993-96 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанту­расында білім алады. 1997 жылы әдебиет теориясы мамандығы бойынша “Қазақ прозасындағы драматургияның көркемдік-эстетикалық маңызы” тақырыбында док­торлық диссертация қорғайды. 1997-99 жылдары А.Ясауи атын­дағы Халықаралық Қазақ-Түрік уни­верситетінде кафедра меңгеру­шісі, диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. Темірғали Есембеков 2001 жылдан 2010 жылға дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың “Әде­би шығармашылық және аударма теориясы” кафедрасының про­фес­соры қызметін атқарды, дис­сертациялық кеңестің мүшесі бол­ды. 2000 жылдан 2005 жылға дейін Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комиссиясы сарап­тамалық кеңесінің мүшесі бол­ды. 2010 жылдан бастап қазіргі уа­қытқа дейін еліміздегі ең іргелі бі­лім ордасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың “Шетел филологиясы және аударма ісі” кафедрасының профессоры.

1999 жылы М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетінің сол кездегі ректоры Ға­лым-Қайыр Мұтанов білім ордасын білікті кадрлармен толықтырып, ғы­лыми-зерттеу, педагогикалық әлеуетін арттыру мақсатында рес­публикамыздың ілгері оқу орын­дарынан білікті мамандарды шақырған болатын. Темірғали ағайы­мыз да ректордың арнайы шақыруы­мен туған жеріне туын тігіп, ғылым мен білімнің өркендеуіне сү­белі үлесін қосу үшін Қызылжар өңіріне келеді. Министрдің бұйры­ғымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ауыстырылып, қазақ филологиясы кафедрасының мең­ге­рушісі қызметін атқарады, уни­верситеттің тарих-филология фа­культеті жанындағы аспирантура мен диссертациялық кеңестің ашы­луына және жазушы Сәбит Мұқа­новтың туғанына 100 жыл толуына орай СҚУ-да ұйымдастырылған ЮНЕСКО халықаралық конферен­циясының өтуіне, конферен­ция материалдарының екі томдық ба­сы­лы­мының ғылыми редактор­лық қызме­тіне, Алаштың ардақты­сы Мағ­жан Жұмабаев, көркемсөз ше­бері Ғабит Мүсірепов және тағы басқа қаламгерлердің құрметіне ар­налған конференциялар ұйымдастыруға белсене қатысады.

Өзінің саналы ғұмырын ғылы­ми зерттеу жұмыстарына, студент жастарды тәрбиелеуге, жас ғалым­дарды ғылым әлеміне жетелеуге арнаған Темірғали Есембеков – әр­қашан ұрпақтың ертеңін бүгіннен ойлаған қамқор тұлға. “Қазақ тілі мен әдебиеті”, “Практикалық қазақ тілі” кафедралары оқытушыла­рының кандидаттық диссертация қорғап, ғылым жолына түсулеріне көмектесті. Өзі де үш оқыту­шымызға ғылыми жетекші болып, оларды ғылым кандидаттарының қатарына қосты.

Темірғали Есембеков – ғылы­ми бағыттардың беталысын ба­ғамдайтын сарабдал ғалым және ойының ұшқырлығымен, пікірінің уәжділігімен, тұжырым тиянақтылығымен өзгешеленеді. Бірнеше тілді еркін меңгерген ол ғылыми ең­бектерін қазақ және орыс тілдерінде жазуға машықтанған, түрік, неміс тілдерінде еркін сөйлей ала­ды. Оны қазақ әдебиеті ғылымы­ның майталмандары З.Ахметов, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Т.Кәкі­шев, Р.Нұрғали сияқты әлемдік әдебиеттану кеңістігінен нәр алған ғалымдардың замандасы әрі ізба­сары деуге болады. Ғалымның ғы­лыми еңбектерін, зерттеу-сын ма­қа­лаларын оқи отырып, терең бі­лімділікті және әдебиетке деген адалдықты байқаймыз. Ғылымға сіңірген үлесі аса қомақты. Көркем мәтін поэтикасы мен теориясын әдеби-сыни тұрғыдан қарасты­рып, поэтикалық аударманың негіздері­не талдау жасаған “Көркем мәтін және аударма”, “Мәдениет­аралық коммуникация және әдеби компаративистика”, “Көркем мәтін поэти­касы”, “Көркем мәтін теория­сы”, “Мағжан Жұмабаев: “Шолпан­ның күнәсі” талдау, бағалау және аудар­ма”, “Аударматанудың зама­науи үрдістері” т.б. тақырыпта сүбелі ғылыми-зерттеу еңбектері, яғни монографиялары мен оқу құ­ралдары жарық көрді. Нақтырақ айтсақ, ғалым – 5 ғылыми моногра­фияның, 30-дан астам оқу құралы­ның, 200-ден астам мақаланың авторы. Үш ғылыми журналдың ре­дакциялық алқасының мүшесі болып сайланды. Ғылыми зерттеулерінің нәтижелері АҚШ, Ұлыбрита­ния, Германия, Греция, ҚХР, Түр­кия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанның ғылыми басылымда­рын­да жарияланған. Темірғали Ораз­ғалиұлының ғылыми жетекшілігімен әдебиет теориясы, мәтін тео­риясы, аударма теориясы саласында 12 кандидаттық диссертация сәтті қорғалды. Ол әдебиетта­ну бойынша екі докторлық диссер­та­цияның ғылыми кеңесшісі болды. Халықаралық Айтматов акаде­мия­сының толық мүшесі. Күлтегін, Әл-Фараби, “Ерен еңбегі үшін”, ҚазҰУ-дың 80 жылдығына медаль­дармен, Ы.Алтынсарин атындағы және “Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерімен ма­рапатталған.

Ғалымның 70-жылдық мерей­тойы қарсаңында туған жеріндегі білім ордасының ғылыми әлеуе­тінің дамуына қосқан үлесі баға­ланып, оған “М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың құрметті профессоры” атағы берілді.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

 М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp