Қазақ руханиятының дамуына үлкен үлес қосып жүрген әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Есембековтің есімі әдеби және ғылыми ортаға жақсы таныс. Ол – әдебиет теориясы, мәтін теориясы мен лингвистикасы, аударматану саласын зерттеуде тыңғылықты еңбек сіңіріп жүрген ғалым.
Темірғали Оразғалиұлы 1953 жылы 20 қазанда Мағжан Жұмабаев ауданында дүниеге келген. Өзі туып-өскен ауданның құрметті азаматы.
Ұлттық әдебиеттану ғылымының әлемдік әдеби үрдісті игерудегі бағыты мен беталысын ғылыми еңбектеріне арқау ете білген ғалымның талғамы биік, танымы терең. Оқу-ағарту ісі, білім-ғылым – қиын, әрі бұралаң-қалтарысы көп күрделі жол. Ұстаздық, ғылым жолы – абыройлы, мерейлі қызмет десек те, бұл саланы екінің бірінің таңдай бермесі анық.
Ғалым ғылыми-оқытушылық қызметін осыдан 44 жыл бұрын, яғни 1979 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінде бастайды. 1980-1982 жылдары М.Ломоносов атындағы ММУ жанындағы әдебиет теориясы институтында оқиды. 1982-1985 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің күндізгі аспиран-турасында оқып, 1986 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1986-1991 жылдары ҚарМУ-да аға оқытушы, доцент, факультет деканының орынбасары, факультет деканы лауазымдарында жұмыс істейді. 1991 жылы министрліктің бұйрығымен жаңадан ашылған А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне жұмысқа жіберіліп, филология факультетін ұйымдастыру және әдебиет кафедрасын құрумен айналысады. 1993-96 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторантурасында білім алады. 1997 жылы әдебиет теориясы мамандығы бойынша “Қазақ прозасындағы драматургияның көркемдік-эстетикалық маңызы” тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. 1997-99 жылдары А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде кафедра меңгерушісі, диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. Темірғали Есембеков 2001 жылдан 2010 жылға дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың “Әдеби шығармашылық және аударма теориясы” кафедрасының профессоры қызметін атқарды, диссертациялық кеңестің мүшесі болды. 2000 жылдан 2005 жылға дейін Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комиссиясы сараптамалық кеңесінің мүшесі болды. 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін еліміздегі ең іргелі білім ордасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың “Шетел филологиясы және аударма ісі” кафедрасының профессоры.
1999 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің сол кездегі ректоры Ғалым-Қайыр Мұтанов білім ордасын білікті кадрлармен толықтырып, ғылыми-зерттеу, педагогикалық әлеуетін арттыру мақсатында республикамыздың ілгері оқу орындарынан білікті мамандарды шақырған болатын. Темірғали ағайымыз да ректордың арнайы шақыруымен туған жеріне туын тігіп, ғылым мен білімнің өркендеуіне сүбелі үлесін қосу үшін Қызылжар өңіріне келеді. Министрдің бұйрығымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ауыстырылып, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады, университеттің тарих-филология факультеті жанындағы аспирантура мен диссертациялық кеңестің ашылуына және жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына орай СҚУ-да ұйымдастырылған ЮНЕСКО халықаралық конференциясының өтуіне, конференция материалдарының екі томдық басылымының ғылыми редакторлық қызметіне, Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев, көркемсөз шебері Ғабит Мүсірепов және тағы басқа қаламгерлердің құрметіне арналған конференциялар ұйымдастыруға белсене қатысады.
Өзінің саналы ғұмырын ғылыми зерттеу жұмыстарына, студент жастарды тәрбиелеуге, жас ғалымдарды ғылым әлеміне жетелеуге арнаған Темірғали Есембеков – әрқашан ұрпақтың ертеңін бүгіннен ойлаған қамқор тұлға. “Қазақ тілі мен әдебиеті”, “Практикалық қазақ тілі” кафедралары оқытушыларының кандидаттық диссертация қорғап, ғылым жолына түсулеріне көмектесті. Өзі де үш оқытушымызға ғылыми жетекші болып, оларды ғылым кандидаттарының қатарына қосты.
Темірғали Есембеков – ғылыми бағыттардың беталысын бағамдайтын сарабдал ғалым және ойының ұшқырлығымен, пікірінің уәжділігімен, тұжырым тиянақтылығымен өзгешеленеді. Бірнеше тілді еркін меңгерген ол ғылыми еңбектерін қазақ және орыс тілдерінде жазуға машықтанған, түрік, неміс тілдерінде еркін сөйлей алады. Оны қазақ әдебиеті ғылымының майталмандары З.Ахметов, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали сияқты әлемдік әдебиеттану кеңістігінен нәр алған ғалымдардың замандасы әрі ізбасары деуге болады. Ғалымның ғылыми еңбектерін, зерттеу-сын мақалаларын оқи отырып, терең білімділікті және әдебиетке деген адалдықты байқаймыз. Ғылымға сіңірген үлесі аса қомақты. Көркем мәтін поэтикасы мен теориясын әдеби-сыни тұрғыдан қарастырып, поэтикалық аударманың негіздеріне талдау жасаған “Көркем мәтін және аударма”, “Мәдениетаралық коммуникация және әдеби компаративистика”, “Көркем мәтін поэтикасы”, “Көркем мәтін теориясы”, “Мағжан Жұмабаев: “Шолпанның күнәсі” талдау, бағалау және аударма”, “Аударматанудың заманауи үрдістері” т.б. тақырыпта сүбелі ғылыми-зерттеу еңбектері, яғни монографиялары мен оқу құралдары жарық көрді. Нақтырақ айтсақ, ғалым – 5 ғылыми монографияның, 30-дан астам оқу құралының, 200-ден астам мақаланың авторы. Үш ғылыми журналдың редакциялық алқасының мүшесі болып сайланды. Ғылыми зерттеулерінің нәтижелері АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Греция, ҚХР, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанның ғылыми басылымдарында жарияланған. Темірғали Оразғалиұлының ғылыми жетекшілігімен әдебиет теориясы, мәтін теориясы, аударма теориясы саласында 12 кандидаттық диссертация сәтті қорғалды. Ол әдебиеттану бойынша екі докторлық диссертацияның ғылыми кеңесшісі болды. Халықаралық Айтматов академиясының толық мүшесі. Күлтегін, Әл-Фараби, “Ерен еңбегі үшін”, ҚазҰУ-дың 80 жылдығына медальдармен, Ы.Алтынсарин атындағы және “Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерімен марапатталған.
Ғалымның 70-жылдық мерейтойы қарсаңында туған жеріндегі білім ордасының ғылыми әлеуетінің дамуына қосқан үлесі бағаланып, оған “М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың құрметті профессоры” атағы берілді.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор.