«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бар өмірім өлеңмен өтсе менің, Туған елді жырлауға жетсе лебім…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сайдың тасындай небір саңлақтарды, от ауызды, орақ тілді шешендерді, баһадүр батырларды, қадау-қадау қаламгерлерді өмірге әкелген қасиетті Қызылжар топырағынан ақсұңқар құстай түлеп, қарымды қалам иесіне айналғандардың бірі – ақын, журналист, аудармашы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарасбай Нұрқан. Оның мөлдір шықтай таза, “жүрекке жылы тиіп”, жеңіл оқылатын жырлары, тылсым табиғат сыйлаған ақындыққа деген кіршіксіз махаббаты, қарапайым, ақжарқын мінезімен үйлесім тапқан мағыналы өмірі жыл өткен сайын өлеңсүйер қауымның жүрегінде жаңғыруда. Назарларыңызға көзі тірісінде тамаша жырларымен таңдай қақтырған ақынның топтама өлеңдерін ұсынып отырмыз.

О, Қызылжар!

Атың сенің елге мәлім,

Естіген жұрт қызығар.

Сен дегенде менің әнім,

Үзілмейді, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

Еркін өмір арнасында

Ержеткен ұл, қызың бар.

Сұлу Есіл жағасында

Суың кәусар, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

Туған жердің ажарына

Шіркін көңіл ынтызар.

Аңсарым да, назарым да

Саған ауған, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

Тартқан сымдай көшелерің,

Өн бойыңда қызу бар.

Өскен сайын өсе бергін,

Көркем қала – Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

Самал ескен әсем жазың,

Әр перзентің сағынар.

Ақ бораның, сары аязың

Ыстық бізге, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

Аңсап жүрген кеудемізде

Ақ жалын бар, Қызылжар.

Алты алаштың зердесінде

Мағжаның бар, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

Туған ел

Бір ғажап сезімге бөлейді ажарың,

Кең дала, бай өлкем, бауырмал қазағым.

Күн шалған күмбездей жарқырап өнерің,

Аударып тұрсың сен әлемнің назарын.

Шалқысын жар салып асқақ ән:

Бір саған мың алғыс туған ел!

Өтерміз аянбай төгіп тер,

Сен мәңгі көркейіп жасай бер!

Тәуелсіз ел-жұртым, жаңғырған санасы,

Теңдікке ұмтылса, кімнің бар таласы.

Береке, бірлікке шақырған біздерді

Бөлінбес еншіміз – қазақтың даласы.

Шалқысын жар салып асқақ ән:

Бір саған мың алғыс туған ел!

Өтерміз аянбай төгіп тер,

Сен мәңгі көркейіп жасай бер!

Сапырған қымыздай ен дәулет, дәніміз,

Гүлденіп туған жер, көркейсін сәніміз.

Бәсеке, бәйгеде шабамыз намысқа,

Беу, алтын шаңырақ, сен үшін бәріміз.

Шалқысын жар салып асқақ ән:

Бір саған мың алғыс туған ел!

Өтерміз аянбай төгіп тер,

Сен мәңгі көркейіп жасай бер!

Көктерегім

О, менің көкорайлы Көктерегім,

Жаһанда өзіңдей жер жоқ дер едім.

Арада айлар өтіп, оралған соң,

Кеудемде сағынышым көп қой менің.

Ораған батысың мен түстігіңді,

Орманың – қорғаның ғой қысты күнгі.

Бауырында Жалғыз ағаш жайнап өскен,

Теремін түрлі жеміс, түсті гүлді.

Алқаңа сүйсінемін айна көлді,

Көлдерді мыңғырған мал айнала өрді.

Шалқалап жатам жасыл шалғыныңа,

Туристер мұндай жерді қайдан көрді?!

Мұхит қой маған сенің Қарасуың,

Қайың-тал жағасында жарасуың!

Телміріп соған сонша қарап тұрған

Өзіңнің оқып келген Жарас ұлың.

Туған жер, көкорайлы Көктерегім,

Есейіп, ержігітің боп келемін.

Әзірге қолда барым, қошеметім –

Өзекті жарып шыққан отты өлеңім.

Нағыз азамат

Емендей қанат жайған желді күнгі,

Жер-көкке саясы мол елдің ұлы.

Қоймайды көңілді нық сендіртпестен

Жаныңның жақұттайын мөлдірлігі.

Тайынбай небір жәйді бағалаудан,

Кезі жоқ әділеттен табаны ауған.

Мініңді көзге шұқып көрсетсе де,

Аулақ ол ағаттығың табалаудан.

Қымсынбай қиындықтың мыңынан да,

Бастайды заман көшін мығым алға.

Қалайша көсегесі көгермесін

Елімнің тап осындай ұлы барда.

Жер жыртсын, кен аударсын, Айға қонсын,

Бақытын барша көптің ойлар ол шын.

Тұтқасын жаңа өмірдің тұрған ұстап,

Азамат – оның аты қайда болсын.

Айнымай ұстаған жол, алған беті,

Тапжылмас асыл мұрат, ақ ниеті.

Айтулы осынау нағыз азаматқа

Айтудың мың бір алғыс келді реті.

Ақжарқын бейнеңе қараймын

Тамсанып өзіне, көзіне,

Тұз беріп тұрушы ең ботаға.

Сондай бір әдемі кезіңде

Түсіре бермеппін фотоға.

Сонда да, сонда да, арайлым,

Бір кезгі фотоға

Бір мезгіл қараймын.

Жайқалып жүргеннің өзінде,

Біразға келіппін, о, тоба!

Ақжарқын ойнақы кезіңде

Түсіре бермеппін фотоға.

Оңда да, солда да, арайлым,

Бір кезгі фотоға,

Бір мезгіл қараймын.

Таңғалып мендегі сезімге,

Күлсең, күл, мінезім – біртоға.

Әлі де ажарлы кезіңде

Түсіре бермекпін фотоға.

Қайда да, қашан да арайлым,

Бір кезгі фотоға

Бір мезгіл қараймын.

Үлпіл қар

Бір салқын сезіп едім іңірде мен,

Қар жауып қалған екен түніменен.

Мойынға ауыртпалық түскен жандай,

Бұта жоқ қалың қардан бүгілмеген.

Ақ көрпе айнала қар жамылыпты,

Дүние әктелгендей жаңғырыпты.

Мен тұрдым төңірекке көз жіберіп,

Сүйсінбей сұлулыққа нағылыпты?

Ақ қайың сеңсең бөркін баса киіп,

Зорайып көрінгенмен, емес биік.

Үстіңе секер саулап төгілердей,

Түбінен ақ қайыңның қалсаң түйіп.

Аспаннан жерге жеткен сәлемдеме,

Сән көрсем көбік қарды, жөнсіз деме.

Үлпілдеп ақ ботақан, боз інгендей,

Кіршіксіз болмайды екен әлем неге?

Қаланың көрсең түрін қара түтін,

Келмейді түнде ұйқың, күндіз күлкің.

Көшенің уын алып, шуын басқан,

Ақша қар жауса, жаусын дүркін-дүркін.

Тәңірден келген сыйды қарсы алғандай

Ол бір кез таза қарға тамсанғандай.

Осылай деген едім кезінде бір.

Сұлулыққа таңырқап, қағып таңдай.

Кеңбайтағым менің

Алтын күн кең даладан көз алмастан,

Сан ғасыр айлар, жылдар көп алмасқан.

Қазағым жауһар болып жарқырайды,

Ғасырлар қойнауында жоғалмастан.

Тауларды мұңға бөлеп, мұнар басқан,

Өтті ғой небір заман біздің бастан.

Ел-жұртым бәрін жеңіп келе жатыр,

Есінен, ақылынан айрылмастан.

Ағайын араласып, бауырласқан,

Еліме тілейтінім – ашық аспан.

Ұл мен қыз, биіктерге ұмтыла бер,

Еркіндік әуенінен жаңылмастан.

Жаралған ыстық жаздан, салқын қыстан,

Қанатын кеңге жайған Қазақстан.

Бейнеңді сом алтыннан сомдау керек,

Әлемде теңдесі жоқ Ғажапстан!!

Атырау, Алтай, Есіл-Нұра,

Алатау, Арқа, самал лебің.

Атадан қалған асыл мұра,

Кеңбайтағым менің!

Толқу

Көз алдымда көл серісі – Бурабай,

Толқындары толқындарын қуалай

Толқып жатыр, толқып тұрмын жағада,

Жыр кеудеде жата ма жәй, туламай?!

Бұлқын, жұлқын, о, өр толқын көк ала,

Мың бұралып дөңбекші де домала.

Терең болсаң, тебіренбей тұру жоқ,

Арнадан бір асып-таспай бола ма?

Мен де өзіңдей өршіл жанды жас ұлан,

Жұртым десе тауға, тасқа бас ұрам.

Туған жердің сұлулығын сүйем мен,

”Сондай болсақ” деген ойды жасырман.

Жеке батыр мұңға батып мұнартып,

Оқжетпесі оқшырайып тұрар тік.

Жұмбақтастың табам ба деп жұмбағын,

Қараймын тек, қараймын кеп құмартып.

Толқын баяу, толас тапқан жаңа да,

Сылқ-сылқ күліп тиіседі жағаға.

Ақ айдыннан жүзін көріп жүр әне

Менің әппақ арманымдай шағала.

Жүр, сәулешім, жүзейік біз қайықта,

Ескектейін егіз болсақ, айып па?

Көп таулардың, көк таулардың қиясы

Қиялдатып әкеткендей ғайыпқа.

Бейбіт күннің жыры

Ел үстінде Жеңіс күнге тігілген

Ту астында тұрмын толқып бүгін мен.

Солдаттардың тегеурінді тізесі

Сол туларды сүйерде тек бүгілген.

Қызыл туда жалын атқан алау бар,

Оны біздің арымызға балау бар.

Соғыстан соң күреңдене түскендей

Жауынгердің қаны түстес жалаулар.

…Оқтар. Оқтар. Ажал. Азап. Қайғы. Кек,

Европаға етек-жеңін жайды кеп.

Соғыс өртін қаныменен сөндіріп,

Біздің адам ту тіккен күн – май күні еді!

Есімізден ешқашанда кетпейтін,

Бұл күн – бізді жауларымыз кектейтін.

Бұл күн – бүкіл қаһармандар қабірі

Көңіл нұры, көз жасымен көктейтін.

Берлин барған, кегін алған халқымның,

Жеңімпаздар, артсын дәйім даңқың мың!

Кеудеңменен қорғасыннан қорғаған

Бейбіт күннің жыры болып балқыдым.

Жүрек сыры

Ажарың ашық аспандай,

Күлгенің күннің нұрынша.

Майысып белің жас талдай,

Ойысып бері бұрылсаң.

Жүректі лүпіл қақтырып

Қояды назың, өкпең бір.

Сезімің әлі пәк, тұнық,

Таңдағы шықтай мөп-мөлдір.

Қараған шақта қас керіп,

Жанарың ыстық жаздайын.

Кетердей тіпті тас та еріп,

Құшаққа құлай жаздаймын.

Бұрымың сенің толқынды,

Бұралып аққан бұлақтай.

Тағайын жырдан шолпыңды,

Жараса кетсін құрақтай.

Өлеңім – жалғыз байлығым,

Қалам ба сенен барды аяп?

Бәрінен бұрын, ай, күнім,

Көңілім таза қардай ақ!

Бұзық бұлт

Айналып, үйіріліп, ауып кетіп,

Бұлттар жүр әлсін-әлсін жауып кетіп.

Визиті тамыз бойы таусылмай тұр

Орағын алтын дәннің қауіпті етіп.

Сұрқай бұлт суға бөгіп алғандай нық,

Жасы көп, жаратқан ба сормаңдай ғып.

Етегі шуда-шуда шұбатылып,

Өтеді ойды-қырды малмандай ғып.

Көкжиек

Дүние көз ұшында дөңгеленген,

Көңілімді баурап еді бала күннен.

Қол жетпес бір керемет, көз көрім жер,

Қызығып көкжиекке қарадым мен.

Ең алғаш тілегіме тізгін беріп,

Жүгірдім, көкжиекке жеткім келіп.

Ол маған, о ғаламат, жеткізбеді,

Тұрғанмен жердің шеті секілденіп.

Мен кеттім, сол кеткеннен сағым қуып,

Қайтсем де, жетем, дедім, белім буып.

Тапқаным бұл өмірден сонда менің,

Жақсы өлең, бар болғаны, жүзге жуық.

Ешкімге көрмесем де еміншектеп,

Заманның ыңғайына көндім ептеп.

Армандап, мен қаншама ұмтылсам да,

Көкжиек жеткізбеді шегіншектеп.

Жасымда сағым қуып ойнап едім,

Дариға, сол күндерім қайда менің?

Сенің де көп нәрсеге қолың жетпей,

Таңырқап отырсың ба, қайран елім?!

Сүйсініп бұл сөзіме күлгеніңмен,

Көп менің білмейтінім білгеніммен.

Алпысқа мен де келіп қалған екем,

Жете алмай көкжиекке жүргеніммен.

Қарамай жолда жаурап, тоңғаныма,

Қуандым елге жетіп қалғаныма.

Көкжиек жеткізбесе, жеткізбесін,

Үмітің үзілмесе болғаны да.

* * *

Тамаша сөзіңіз бар “Балам” деген,

Ойым жоқ қарыздар боп қалам деген.

Өзге емес, өзім жазған бір кітапты

Әкелсем деп жүремін алаңменен.

Ауызы буылған қап әңгімеңіз,

Түбінде асыл жатқан алтын теңіз.

Азырақ сөзіңізді тыңдап көрсем,

Балалар біраз байып қалды деңіз.

Жадыңыз әлі күнге берік екен,

Ақылға әзіліңіз серік екен.

Мен сізді сыртыңыздан жазып жүрмін,

Әр айтқан сөзіңізді теріп өтем.

* * *

Жағада жатқан қой тастар

Кісіге қызық ой тастар:

Көк малта жайып қойғандай,

Иіріліп жатқан қойлардай;

Шығып бір қалған сеңдердей,

Сығымдап буған теңдердей;

Жастық та емес, жүк те емес,

Қара тас қана, – түк те емес.

Сүреңсіз, суық жатқаны,

Қажалып күнге қатпары.

Мелшиіп мың жыл жатқанша,

Өмір бер қасты қаққанша.

Кімдер саған сүйсінбейді

Атың қандай әдемі, Қызылжарым,

Айтқан сайын толқиды менің жаным.

Қадірлеуім өзіңді, қастерлеуім,

Қызылжар деп шырқатып салған әнім.

Қызылжарым, Қызылжарым,

Кеудемізде – қызу жалын.

Кім білмейді, кім сүймейді

Қызылжардың ұл-қыздарын.

Кімдер саған сүйсінбейді,

Айхай, шіркін, Қызылжарым!

Аймалайды, желпиді самалдарың,

Сықырлайды аяздан алаңдарың.

Шымырлығын көздейсің, іске мығым,

Адалдығын сүйесің адамдардың.

Ағайынға күнкөріс – базарларың,

Қазағыңмен көркейіп, ажарландың.

Жағасында Есілдің жарқырай бер,

Жасаңғырап, жаңғырып, Қызылжарым!

Мөлдір әуен

Сыңғырап жетеді әуен құлағыма,

Жайлаудың сылдыраған бұлағы ма?

Әлдилеп тал бесікте тербеткендей,

Алады жанға жайлы құндағына.

Ескендей сәске түстің сал самалы,

Ырғалып иілгендей гүл сабағы.

Осы бір мөлдір әннен біздің елдің

Байқалар еркіндікті аңсағаны.

Әкемдей ешкім мұны айта алмайды,

Тыңдасаң, шерің тарқар қай-қайдағы.

Әуені жан сарайын желпіп тұрған

Қазағым думандатып той-тойлады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp