«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢҒЫ ШЫҚТАЙ ТҰНЫҚ ӨНЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXІХ республикалық фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Рухани шараға арнайы шақырылған меймандар, фестивальге қатысқан он театрдың өнерпаздары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты шара Сегіз сері атын­­дағы қазақ халық аспаптары оркестрі орындаған “Шат­тық Отаны” күйімен басталды. Ор­кестердің сүйемелдеуімен әнші, “Мә­дениет саласының үздігі” төсбелгі­сінің иегері Динара Таушева “Қыз Жібек” операсынан “Жібектің ария­сын”, Асхат Таушев пен Руслан Мұс­тафин “Попурри неаполитанских пе­сен”, “Ата­мекен” әндерін орындады. “Сен­ситив” би ұжымы сахналаған “Абай жаны” хореографиялық қойы­лымы тәнті етті. Театр өнерпаздары Қасым Дүйсе­хан, Рүстем Арменұлы, Әлібек Мал­каждар, Ернұр Аралтаев театр сыншысы, “Дарын” мемле­кеттік жас­тар сыйлығының иегері Мирас Әбіл­дің Темірбек Жүргеновке арнаған өлеңін на­қышына келтіріп оқыды.

– Қасиетті Қызылжарда өткізіл­ген республикалық фестиваль өз мә­ресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр әртістері бір апта бойы жергілікті көрерменге түрлі жанрдағы қойылымдарын ұсынды. Аталмыш іс-шара еліміздің мәдени өміріндегі ең елеулі, жарқын, әрі қызықты оқиғаға айналды. Сонымен қа­тар әр театр труппасының әлеуетін тануға, сахна тарландары арасындағы қарапайым қарым-қатынасты ор­натып, нығайтуға тамаша мүмкіндік берді. Петропавлдағы қос өнер орда­сының сахнасында өткен фестиваль мәдениетіміздің дамуына өз септігін тигізді, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан алғыс айтқан министрлік жанындағы Мәдениет комитетінің театр өне­рі басқармасының бас эксперті Мөл­дір Ондасынова.

Шараға Астана, Алматы қалала­рынан арнайы шақырылған қадірлі меймандар фестивальдің жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Өңіріміздегі өнердің қос қарашаңырағы – Сә­бит Мұқанов пен Н.Погодин атында­ғы театрларда алты күн бойы екі спектакльден қойылды. Фестивальдің өз деңгейінде ұйымдастырылуына жергілікті тұрғындар да атсалысты. Көрермендер залында ине шан­шар орын болмағанын қалың бұқа­ра­ның өнерге деген жанашырлығы деп бағамдадық.

– Министрлік бекіткен қазылар ал­қасы әр спектакльден соң талдау жұмысын жүргізіп, қойылымның маңызына, актерлердің шеберлігіне баға берді. Біз қазақ театр өнерінің қай бағытта дамып жатқанын аңғардық. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер аз емес екенін білдік. Қойы­лымдарды талқылау барысында ай­тылған сын-ескертпелер ескерілеті­ніне сенеміз, – дейді қазылар алқа­сының төрайымы Бақыт Нұрпейіс.

Фестивальдің қорытындысы бо­йынша, “Мағжан” спектаклі үшін Түр­кістан облыстық музыкалық драма театрына облыс әкімінің арнайы сый­лығы берілді. “Темірбек Жүргенов” атындағы арнайы сыйлық “Қара шек­пен” спектаклі үшін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма теат­рына, қазылар алқасының арнайы жүлдесі “Шақан шері” спектаклі үшін Серке Қожамқұлов атындағы Жезқаз­ған қазақ драма театрына бұйырды. “Екінші пландағы үздік әйел бей­несі” номинациясымен “Қорғансыз­дың күні” қойылымында Ғазизаның әжесінің рөлін сомдаған Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыс­тық музыкалық драма театрының актрисасы Анар Бейсенбина, “Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі” номинациясымен “Мағжан” спектакліндегі Елтай рөлін сомдаған Түркістан музыкалық драма театрының әртісі Жандәулет Батай, “Үздік әйел адам бейнесі” номинация­сы­мен “№37” спектакліндегі Зейнеп рөлі үшін фес­тиваль­ге алғаш рет қа­тысқан “Шам” театрының актрисасы Зарина Кар­мен марапатталды. “Үз­дік ер адам бейнесі” номинациясы “Шал мен те­ңіз” спектакліндегі Сантьяго рөлі үшін Алматы қаласының Мемлекет­тік қуыршақ театрының әртісі Ба­қытжан Каюовқа, “Үздік ре­жиссерлік шешім” номинациясы “Ұж­дан” спектаклі үшін Жүсіпбек Ай­мауытов атындағы Павлодар облыс­тық қазақ музыкалық драма театры­ның режис­сері Азамат Нигмановқа, “Үздік сценографиялық шешім” но­ми­нациясы “Атау кере” спектаклі үшін Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды об­лыстық академиялық драма театры­на табысталды. “Үздік спектакль” аталымын “Бернарда Аль­баның үйі” қойылымымен көпшіліктің көңілінен шыққан Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік бала­лар мен жасөспірімдер театры жеңіп алды. Жеңімпаздар ақшалай сыйақы мен дипломдарға ие болды. Фестивальге қатысқан барлық театрға Те­мірбек Жүргенов атындағы қор төрағасы Сәпен Аңсаттың ұйытқы болуымен Ұлттық банк шығарған “Т.Жүргенов 125 жыл” мерейтойлық монетасы табысталды.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp