Бағдарламаның артықшылықтары мен кемшіліктері
Биыл облысымызға 2300-ге жуық адам қоныс аударды, оның 138-і – қандас. Өңірге қоныс аударғандардың 31 пайызы Түркістан облысынан келген. Оларға материалдық көмек көрсетуге және тұрғын үймен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаражат бөлінді. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, яғни жұмыс күші артық өңірлерден кадр тапшы өңірлерге тұрғындарды көшіруді мақсат еткен мемлекеттік бағдарламаның жергілікті жерде орындалуын көру үшін өңірге Парламент Сенатының депутаттары іссапармен келіп, қоныс аударушылармен кездесті, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.
Облысқа қоныс аударғандардың бірі – Ғалимзан Минхаеров. Ол 2021 жылы Маңғыстау облысынан көшіп келген. Мал шаруашылығымен айналысу мақсатында мемлекеттен грант алып, кәсіп бастаған. Зайыбы Халида да қарап отырмай, мемлекеттің қолдауын көріп, өз ісін ашты, бүгінде ол төсек-орын тігумен айналысады.
“Менің қасиетті Қызылжар өңіріне көшіп келгеніме үш жыл болды, екі балам бар. Біз бұл өлкенің таңғажайып табиғатына қызықтық. Қоныс аударғандарға мемлекеттен қолдау көрсетілетіні бізді одан сайын қанаттандырды. Зайыбым бір миллион теңгеге жуық грант алды. Тіккен көрпелерін дүкендерге өткізеді”, – дейді Ғалимзан Минхаеров.
Жалпы биыл облысқа қоныс аударған қандастардың көбі Ресей мен Моңғолиядан келген. Ал ішкі көші-қонда Астана қаласы мен Түркістан облысының үлесі басым.
“Оңтүстікте халық тығыз қоныстанған аймақтар бар. Сол өңірлерден теріскейге қоныс аударуға ниетті азаматтар аз емес. Оларға керегі – жұмыс орны, еңбекақы, баспана. Бұл мәселені шешу үшін қандай мемлекеттік бағдарлама қажет, арнайы жоба керек бола ма? Осылардың барлығын зерделеп, “Үкімет сағатында” талқыламақпыз”, – дейді Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде бес мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Жалпы облыста ауыл шаруашылығы мен білім беру саласында мамандар тапшы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жыл сайын өңірге қоныс аударушыларға екі мыңнан астам квота бөлінеді. Бұл жұмыс келер жылы да жалғасып таппақ. Десек те қоныс аударғандардың қатарынан жұмыстың жоқтығынан кейін қайтқандар да табылуда.
“Біз Қызылжарға қоныс аударғандардың жағдайын өз көзімізбен көрдік. Ішкі миграция, көші-қон мәселелерін, мемлекеттік бағдарламаларды қалай жетілдіру керектігі депутаттар үшін маңызды. Болашақта бағдарламаны жетілдіру көзделуде”, – дейді Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов.
Сенаторлар Мамлютка қаласындағы №2 орта мектепке де барды. Бұл білім ордасы 2015 жылы қолданысқа берілген. Қазіргі уақытта 242 оқушы білім алуда. Мектеп жанында 37 балаға арналған шағын орталық жұмыс істейді.
Бұл күні Парламент Сенаты және облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен “Демографиялық өсу – ұлттың бәсекеге қабілетті артықшылығының негізі” атты кеңес өтті. Қоныс аударушылар мен қандастар бағдарламасын іске асыру кезеңінде өңірге жұмыс күші артық өңірлерден барлығы 15 мыңнан астам адамның немесе 4435 отбасының келгені айтылды. 490 отбасына 270 млн. теңгеге қайтарымсыз грант және несиелер берілген. Еңбекке қабілетті азаматтардың 30 пайызының жоғары білімі бар, 38 пайызы арнаулы орта білім алса, 32 пайызы мектеп бітірген. 4285 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 888 адам жеке кәсіп ашқан.
Биылдан бастап өңірімізге көшіп келген азаматтарға 4 млн. теңге мөлшерінде “экономикалық ұтқырлық” сертификаттары беріледі. Бұл көмекті әзірге 130 адам алыпты.
Жансая ҚАЙЫПОВА.