Петропавлда футбол ойнап жаттығып жүрген бозбала қаза тапты. Кенеттен жүрегі тоқтаған 18 жастағы жігітті дәрігерлер құтқара алмады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қайтыс болған Рауан Мұхтаров 16 қазан күні сағат 18:00-ден бастап “Қарасай” стадионының қосымша футбол алаңында жаттығып жүріп, құлап түскен. Оқиға орнына келген “Жедел жәрдем” қызметі жүрегі тоқтап қалған жігітке реанимациялық көмек көрсеткен. Алайда бала облыстық көп бейінді балалар ауруханасында тілге келместен қайтыс болды.
Бозбала 2005 жылы туған, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде “Дене шынықтыру және спорт” мамандығы бойынша 2 курста оқыпты. 11 жасынан бокспен айналысқан, жасөспірімдер арасында бокстан облыс чемпионы, кадеттер бойынша халықаралық турнирдің жеңімпазы. Биыл шілде айынан бастап футболға ауысып, “Қызылжар” футбол орталығында жаттыға бастаған.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласы полиция басқармасының “102” пультіне медициналық мекеменің қабылдау бөлмесінде 18 жастағы қала тұрғынының қайтыс болғаны туралы хабарлама сағат 20:04-те келіп түскен. Бұл дерек Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 001-бабы “Адамның қайтыс болуы” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.