Қазақтың ардақты қаламгері Шерхан Мұртаза “журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ” депті. Иә, халық пен билік арасындағы алтын көпірге баланатын бұл мамандыққа екінің бірі, егіздің сыңары беттей алмайды. Саналы ғұмырын қазақ журналистикасының дамуына, әдебиетіміздің өрістеуіне арнаған жандардың бірі – жерлесіміз, Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Есіл ауданының құрметті азаматы Жақсыбай Самрат. Жақында қаламгермен кездесіп руханият тақырыбында еркін сұхбат құрудың сәті түсті. Сол әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Жақсыбай Баянұлы, өзіңізбен еркін сұхбаттасудың, руханият жөнінде әңгімелесудің сәті түсті. “Әр адам – өз өмірінің сәулетшісі” деген сөз бар ғой. Артыңызға бұрылып қарағанда өткен 63 жыл ғұмырыңызды қалай елестетесіз?
– Өткен өмірім туралы ойланғанда, бала кезім көңіл көкжиегіне қонақтайды. Жас күнімде әңгімені көп тыңдадым. Үйге қонақ келсе ұйықтаған болып жатып, олардың әңгімелерін тыңдайтынмын. Кітапты да көп оқыдым, ұнаған кей тіркестерді қойын дәптеріме түртіп алып, реті келгенде пайдаланатынмын. Бірде дүкеннен сұрағанымды әпермеген шешеме “жұмыртқадан жүн қырыққан сараң екенсіз” деп таң қалдырғанмын. Сол кезде 2-3 сыныпта оқимын. Шешем ондай сөзді бұрын естімеген екен, таңданысын жасырмады. Жазушы Сайын Мұратбековтің “Жусан иісі” хикаятында Аян деген бала бар ғой. Соған ұқсап ойымнан ертегі құрастырып, балаларға айтып беретінмін. Айналамдағы адамдарды тамсандыруға ынтық болдым. Мақтансүйгіштігім де көп болды, үнемі жұрттың көзіне түсуге тырысып жүретінмін. Бұл енді көп баланың басында болатын әдеттер ғой. Сабақта бірінші болып жауап беруге, жұмбақ айтылса, бірінші болып шешуге тырысатынмын. Бірде Шәмар Салжігітова деген апайымыздың “Үй үстінде ұсақ тас” деген жұмбақ айтқаны есімде. Жауабының жұлдыз екенін менен басқа ешкім білмеді. Апайымыз “өздерің де жұмбақ айтыңдар” дегенде мен жұлып алғандай “қора-қора қой өрер” дедім. Жауабы – кітаптың беттері. Өте арманшыл бала болдым, “көп түсті сиясы бар қаламсабым болса” деп армандайтынмын. Үлкен болғанда оны костюмімнің сыртқы қалтасына тағып алып жүрсем ғой деп қиялдайтынмын. Өте ұқыпты, тыңғылықты болдым. Әрбір затымның өз орны болатын, бәрін өз орнына жинап қоятынмын.
– Сіз мамандығыңыз бойынша есепшісіз. Журналистикаға, жалпы әдебиетке қалай келдіңіз?
– Есепші – жаным қалаған мамандық емес. Бала кезімнен жазушы, журналист болғым келді. Тілшілерді даярлайтын оқу орны болмады. Болашақ филологтарды оқытатын жақын маңдағы оқу орны Көкшетаудың пединституты ғана. Неге екенін білмеймін, оған барғым келмеді. Алыстағы Алматыға баруға жүрегім дауаламады. Ол кезде жоғары оқу орындарына “ақша беріп түседі екен” деген сияқты әңгіме желдей есетін. Есепке жүйрік болған соң жақын жердегі Целиноградқа (қазіргі Астана) барып, ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Қаржы-экономикалық техникумына түсіп, “есепші” болып шықтым.
– Сіздің журналистикаға бет бұрған кезіңіз 1993 жыл еліміз енді ғана тәуелсіздігін алған аумалы-төкпелі уақытпен тұспа-тұс келді. Сол сәтте кездескен қиындықтар туралы айтып бересіз бе?
– Жуырда “Өмір жолы – тар соқпақ” атты 15-ші кітабым жарыққа шыққалы жатыр. Бұл – мемуарлық шығарма, өз өмірім туралы толғаныс. Сол туындыда Қызылжардағы ұлтаралық ахуал, аумалы-төкпелі кезең туралы көзіміз көрген, басымыздан өткен оқиғалар толық баяндалады. Әрине, адамның бойында жігер болмаса түрлі кедергілерге тап болады. Адамды намыс деген асыл қасиет биікке шығарады. Менің де алдымнан түрлі кедергілер кесе-көлденең шықты. Жолым болмаған сәттер де кездесті. Соның бәрін намысымның арқасында жеңе білдім. Тіпті өзге тілді жетік білмейтінімізді көзімізге шұқып көрсететіндер де табылды. Бірақ ондайлардан жасқанған емеспін. Белгілі журналист Серік Пірназар менен “Дидарғайып” деген журналдың бір санына тұздық боларлық сұхбат алған. Сонда бұрынғы автокөлік басқармасында ревизор болып жүргенімде мені қудалап, соңыма түскен бір адам жайлы айтқанмын. Ол өзі кадр бөлімінің бастығы болды. Маған дейін қазақтың бірнеше баласын жұмыстан шығарып жібергенін естіген едік. Ол кәсіпорынның кадр бөліміндегі бар әйелге мені бақылап отыр деп тапсырып қойыпты. Бұл құрылымдық әдепті бұзу деген сөз. Әлгінің үстінен қызмет әдебін бұзды деп басқарма бастығының атына шағым жаздым. Бастығымыз қолдап, әлгіге ескерту жасады. Қазақтың әр баласының жүрегінде “мен осынау ұлан-байтақ жердің иесімін, елімді, жерімді қорғаймын” деген аяулы сезім болуы керек. Оны кез келген жерде, ортада айта білу маңызды.
– “Әдебиет әрі күшті, әрі нәзік, әрі көркем болуды тілейді” – деген екен қаламгер Ғабиден Мұстафин. Осы уақытқа дейін 14 кітап жазыпсыз. Олардың барлығы өз оқырманын тапты. Жеке адамдар туралы жазған туындыларыңыз бір төбе. Сіздің жазушылық кредоңыз қандай?
– Қаламгер айтқан үш қасиет әр жазушының бойынан табылуы керек. Кестелі сөздің шебері Ғабит Мүсіреповтің: “Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз. Екіншіден, ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз! Үшіншіден, ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз” деген сөзі бар. Ғабеңнің бұл қанатты тәмсілі менің өмірлік ұстанымыма айналған. Жазу үстеліне отырғанда осы сөзге көз жүгіртемін. Менің жазушылық кредом – осы. Сонымен бірге мен сыншылмын, ешнәрсені көзсіз қабылдай алмаймын, әрқашан мәселенің астары мен тысына үңілуге тырысамын, сынап қараймын. Карл Маркс “Бәріне де күдікпен қара” – деген екен. Бұл – кінәмшіл күдік емес, ойланып қара, өтірік емесіне өзіңнің көзіңді жеткізуге тырыс деген мағынада айтылған сөз. Осы сөз де маған үнемі қамшы болып келеді.
– Ең алғашқы кітабыңыз – “Бітеу жара” отарлықтың езгісін көрген, ызғарлы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың сол кездегі рухы мен жігері, бірлігі жайында жазылған роман. Оқып отырып түрлі оқиғаларға тап боламыз. Туындыға әдеби қауымның, оқырманның көзқарасы қалай болды?
– Алматыдан алыстағы Қызылжарда тұратын жазушының Желтоқсан оқиғасына қайрылу себебі бәріңізді қызықтыратын сияқты. Желтоқсан оқиғасы туралы маған дейін де көп дүние жазылды. Олардың барлығында түрлі фактілер кездеседі. Жастардың жапа шеккендігі жиі айтылды. Алаңға шыққан өрімдей ұл-қыздарға аңғал, білімсіз деген сынды жалалар жабылды.
Бірақ оқиғаның тарихи маңызы, жастардың кеңестік империядан тайсалмай, тайталасқан саналы қарсылығы, яғни ерен ерлігі ескерусіз қала берді. Меніңше, Желтоқсан оқиғасын біз осы тұрғыдан қарауымыз керек. Оқиғаға қатысқан қыздар мен жігіттер империяның шовинистік саясатының әділетсіздігіне әбден қаны қайнаған, өктемзорлықпен жүргізілген жаппай орыстандыру саясатына барынша ызалы жандар болатын. Мемлекетімізді өзге этнос өкілінің басқаруына жастар жол бермеді. Егер бұл оқиға 50-60 жылдары болса сталиндік қанды қасаптан жасқанып, есеңгіреп қалған халық үнсіз көнер еді, ал 1986 жылы “Қайта құру”, “Жаңаша ойлау” деген сияқты демократиялық жаңғырықтар естіліп, елдің рухы, соның ішінде бұғып жатқан ұлттық сезімі де оянып, ашық көрініс таба бастаған. Сондықтан да жастар көтеріліске ұласқан қарсылық акциясына саналы түрде шықты. Міне мен оқиғаны осы тұрғыдан көрсетіп, көркем әдебиетте баяндап, саналы, рухты, білімді жастардың образын жасауға тырыстым. Сол кездегі биліктің пасық, қитұрқы әрекеттерін де көркем бейнелермен әшкереледім. “Бітеу жара” осылай өмірге келді. Оның неге “Бітеу жара” аталғандығы да түйсікті жанға түсінікті. Өйткені бұл оқиғаның басы-қасында болған коммунистік режімнің кейбір функционерлері әлі де өкімет басында отыр. Олар қанды оқиғаның ортасында жүрсе де қарсылық білдіріп, жастарды қорғауға жарамады, керісінше империяның сойылын соқты. Осындай жағдайда бар шындықты толық айта алмайсың. Әрине, басыңды бәйгеге тігіп, шыңғырған шындықты айтуға болар, бірақ елдің іргесі әлі толық бүтінделмей жатқанда шаңырақты шайқалтып, билік басындағы адамдардың істеріне көлеңке түсіре беруге болмайды. Сондықтан Желтоқсан оқиғасы әлі күнге үстінен сипағанда қан шықпайтын, бірақ астындағы жара жазылмай жатқан халқымыздың бір қасіреті.
“Бітеу жара” туралы кезінде газеттерге көп жазылды, телехабарлар да түсірілді. Түркияның Ардаһан университетінде Бану Нақышбек деген қызылордалық қыз магистрлік дисертация қорғады. Думан Мұхамеджанов есімді жігітіміз аудиобаспасын шығарды. Қазір кейбір ұшақтарда оны жолаушылар аудиодан тыңдайды. Мұхтар Мағауин ағамыз “Жұлдызға” шығарды.
– Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкей “Журналистика – жол үстіндегі әдебиет”, – деген екен. Журналист бола жүріп, жазушылықпен, шығармашылықпен айналысу қиын емес пе?
– Әрине, оңай емес. Менің кейбір кітаптарым ұзақ жылғы үзілістерден кейін жарыққа шықты. Мысалы “Өзгеленді бұл ғалам” деген кітабым 2003 жылы жазылып, тек 2008 жылы баспа бетін көрді. Еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанда” жұмыс істеп жүрген кезім. Саяси шолушымын. Айына 25-30 мақалам шығып тұратын. Сол кездегі Мемлекет басшысының, Парламент басшылығының, Үкімет мүшелерінің жасаған сапарлары туралы да біраз мақала жаздым. Президентпен бірге 30 шақты шет мемлекетте болдым. Ел көріп, жер көріп, көкірек көзім ашылып, өмірлік көзқарасым қалыптасты. Баспасөз бетінен түспей, түрлі сыйлықтар мен атақтар алып жатқан соң есімім елге танылды. Сол сапарларда байқағаным Еуропа елдері өте мәдениетті, шаһарлары таза, сәнді болып келеді. Адамдар бір-бірін ерекше сыйлайды. Менің ең алғашқы барған елім Австрия еді. Оның астанасы – Вена қаласының қақ ортасында адамдарды пар атқа жегілген тамаша сәнді фаэтондармен, күймелермен қыдыртатын қызмет бар. Халық оларға отырғанда өзін орта ғасырлардағы еуропалық шонжарлардай сезінеді. Ал енді сол аттар жарқыраған көшелерді былғамас үшін памперс кигізіп қойған. Бір өңкей ірі тұлғалы, семіз аттар адуын желіспен аяқтарындағы тағасымен жолды тақ-тұқ еткізіп, жұмсақ күймеде қыдыртқанда бір ерекше күйде боласың… Америкаға барғанда адам өзін еркін сезінеді. Оның Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында екі рет болдым. Заңды бұзбасаң саған ешкім тиіспейді, ештеңеден жасқанбайсың. Ал Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында кез келген жерде полиция тоқтатып, құжаттарыңды тексеруі мүмкін. Осы сапарлардың барлығы менің журналист, жазушы болуыма оң әсер етті.
– Сіздің “Ізденіс жылдары” атты кітабыңызды “Егемен Қазақстан” газетінде жұмыс істеп жүрген кезіңіздің жемісі деп айтуға болады. Басқа да еңбектеріңізге қысқаша шолу жасап өтсеңіз?
– Дұрыс айтасыз, “Ізденіс жылдары” атты публицистикалық жинағым барған елдерім, көрген оқиғаларым туралы жазылған дүниелерден тұрады. Олардың бәрі де кезінде “Егеменге” жарияланған. Бір ерекшелігі бұл еңбегіме Жапония, Малайзия, Моңғолия, Қытай, Сирия, Йордания, БАӘ сияқты Азия елдері мен ТМД аумағындағы Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне барған сапарларымда көрген, бастан кешкен оқиғаларым жайында жазылған мақалаларым енгізілді. “Диверсант балалар” деген мақаламның оқиғасы қызық. 1941-1944 жылдары Украинаны басып алған неміс фашистері осы өңірлерге өздерінің биліктерін орнатқаны белгілі. Балалар үйіндегі жетімдер арасынан ата-аналары “халық жауы” деп танылған 13-14 жастағы балаларды теріп алып, “Кеңес өкіметі сендерге жазықсыз зардап шеккізді. Ата-аналарыңды жазықсыз атты, сендерді жетім етті. Енді сол Кеңес елінен кек алғыларың келе ме?” деген. Бұған балалар көне кеткен. Содан осы балаларды диверсант етіп дайындап, КСРО-ның тылына ұшақпен апарып түсіреді. Арқалаған дорбасы бар, отын теріп жүрген балалардан НКВД күдіктенбейді. Дорбаға жарылғыш заттар орналастырылған. Диверсант балалар оларды темір жолдарға тастап кетіп, үстінен пойыз басқанда жарылатындай етіп қояды. Осындай жолмен олар бірнеше пойызды апатқа ұшыратқан. Бұл әңгіме КСРО уақытында айтылмады, соңғы жылдары ғана белгілі болған.
“Жылдар жылжып барады…” жинағым да “Егеменге” және басқа да газет-журналдарға шыққан қызықты материалдарымнан тұрады. Менің көркем шығармаларым жоғарыда айтылған “Бітеу жара”, одан кейін “Өзгеленді бұл ғалам”, “Бұралаң жол” атты романдарым және “Күзде гүлдеген алмалар” атты әңгімелер жинағым мен “Кенже ұл” атты драмам. Публицистикалық шығармаларымның арасында “Абылайдың ақ үйі” еңбегімді ерекше атап өтер едім. Қызылжар қаласының аумағында Абылай ханның үйі болғандығын қалай дәлелдеп шыққанымыз жайлы жазылған бұл кітапты көп адам біледі. Қазір Петропавл қаласындағы ең маңызды тарихи орын осы – Абылайдың ақ үйі. Ол ханның музейі ретінде халыққа қызмет етіп келеді. Белгілі журналист Кәрібай Мұсырман:
“Абылайдың ақ үйі” –
Қызылжардың бақ үйі.
Болған мұнда деп көнбей
Тұрды жалғыз қасқиып.
Хан алдында парызды
Терең ұққан тәрізді.
Айналдырды ақыры –
Ақиқатқа аңызды, – деген болатын бір өлеңінде.
Бұлардан басқа мен бірнеше адамның өмірі мен қызметі жайлы кітаптар шығардым. Соның ішінде қадірлі ақсақал Сапар Дүйсенов, белгілі педагог Назымбек Оразымбетов жайлы жазылған кітаптарым жаныма ыстық.
– Бүгінде алпыс үш жастың белесіне көтерілгелі отырсыз. Қандай сезімдесіз? Жуырда оқырмандардың қолына тиетін он бесінші кітабыңызда ғұмырбаяныңыз баян етілген ғой?
– Бұл, жоғарыда айтқанымдай, екі томнан тұратын өзім туралы мемуарлық еңбек. Алғашқы томы шығуға дайын. Адам 63-ке толғанда өмірдің бір белесіне шығады ғой. Біз де сол белестен асып барамыз. Алланың қанша өмір беретіні белгісіз. Сондықтан өз өмірімді, бастан кешкен барлық дүниемді өз заманыммен үйлестіріп, баяндап кетуді парыз санадым. Тарих дегеннің өзі де жеке адамдардың бастан кешкен оқиғаларынан тұрады. Ойлы оқырман өз бағасын бере жатар.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.