Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында айтыскерлер сыныбы ашылды. Бұл игі іс республикалық “Төрт тоқсан-төрт өнер” жобасы аясында облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Айтулы шараға М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласбаева, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Қайырлы Ғафуров, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджан қатысты.
Жас айтыскерлерге арналған кабинеттің лентасын облысымыздың құрметті азаматы, күйші Серікбай Құсайынов қиды. Осыдан 5 жыл бұрын өңірде Е.Асқаров атындағы жас ақындар мектебі өз жұмысын бастаған еді. Бүгінде аталған мектептің керегесі кеңейіп, бірқатар білім ордаларында шығармашылық үйірмелер ашылған. Енді осындай мүмкіндік Абай атындағы білім ордасында да қолжетімді болып отыр. Сыныпқа Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағы облыстық филиалының жетекшісі Жарқын Жұпархан жетекшілік етеді.
Шара аталған мектептегі “Өнер” орталығының жас күйшілерінің өнерімен бастау алып, айтыскер ақын Қабдолла Бейісхан жырдан шашу шашты. Кейін Серікбай Құсайынов жас дарындарға ақ жол тіледі. Шара мектеп кітапханасындағы “дөңгелек үстел” басында жалғасын тапты. Онда келген меймандар ақындар үйірмесінің жұмысына сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Мектеп оқушылары ән айтып, өлең оқып, жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.