Келер жылы Қазақстанда дәрі-дәрмектерді қадағалау бойынша ақпараттық жүйе мен балабақшаға кезекке тіркеудің бірыңғай деректер базасы іске қосылады. Үкіметте өткен кеңесте Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа тиісті цифрлық шешімдер таныстырылды.
Дәрілік заттарды қадағалау жүйесі бірнеше мәселені бірден шешуге ықпал етеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және өтірік есептен шығару мүмкіндігін жойып, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасына, қалдықтарына және жарамдылық мерзімдеріне мониторинг жүргізеді.
Толық қадағалау мақсатында әр қорапқа екі өлшемді бірегей “Data Matrix” коды қолданылады. Нәтижесінде республикадағы дәрілік заттардың толық айналымын өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақылауға мүмкіндік туады.
“Жүйе дәрілік заттардың көлеңкелі саудасын едәуір төмендетеді және оларды орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға көмектеседі. Жалпы платформада дәрі-дәрмек қорын таблетка санына дейін қадағалауға болады”, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев.
Сондай-ақ ашықтықты арттыру арқылы ықтимал контрафактілік өнімдерді анықтауға, сондай-ақ дәрілік заттардың бекітілген бөлшек сауда бағаларын бақылауға мүмкіндік туатыны атап өтілді.
Әсет ҚАНАФИН.