Облыстық прокуратурада “Алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдау ерекшеліктері” тақырыбында семинар-кеңес өтті. Жыл басынан бері сотта алқабилердің қатысуымен 32 аса ауыр қылмыс бойынша іс қаралды. Келесі жылдан бастап олардың қатысуымен қаралатын істер санаты тағы 13-ке толықпақ.
Алқабилер үкім шығаратын сот отырысында прокурордың белсенді ұстанымы – ерекше маңызға ие. Сондықтан мемлекеттік айыптаушы үнемі өзін-өзі дамытып, соның ішінде кәсіби деңгейін ғана емес, сонымен бірге құқықтық сауаттылығын да арттыруы қажет.
Іс-шараға құқық қорғау органдары академиясының профессоры мен облыс судьялары арнайы шақырылды. Кездесуде сөз алған облыс прокуроры Қайрат Әбдіхановтың айтуынша, прокурорлық қызметтің негізгі функцияларының бірі – мемлекеттік айыптаушы ретіндегі рөлі. Қылмыстық қудалаудың соңғы кезеңі ретінде, оның сотта сенімді сөз сөйлеуі, құқық нормаларын дұрыс қолдануы және дәлелдемелерді шебер ұсынуы маңызды.
“Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта оның барлық кезеңдерімен модельденген сот ісін жүргіземіз. Мемлекеттік айыптаушылар мен адвокаттар ретінде тартылған прокурорлардың қызметіне алқабилер ретінде іріктелген университеттің 4 курс студенттері баға береді”, – деді Қайрат Әбдіханов.
Семинар аясында академия профессорымен шешендік шеберлік, сенімді сөйлеу дағдылары, пікірталас, кейстік есептер мен стандартты емес жағдайларды шешу бойынша тренингтер ұйымдастырылды.
Прокурорлардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін арттыру бойынша осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.