Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Береке шағынауданында салынып жатқан түзету мектеп-интернатының құрылысымен танысты. 50 адамға арналған жатын корпусы бар 300 орындық түзету мектеп-интернаты келесі жылы ашылуы тиіс. Абаттандыру және инженерлік желілер тарту басталмаған, әлі жобалау сатысында. Бұл жұмыстарды шымкенттік фирма орындайды.
Облыс әкімі шағынаудан тұрғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына да барды. Жоспар бойынша кешенде тұрғындар 10-нан астам спорт түрі бойынша шыныға алады.
Бұдан кейін өңір басшысы май экстракциялық зауытына барды. Құрылыс жұмыстары аяқталған зауытты келесі жылы іске қосу жоспарланған. Кәсіпорында 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сүт өнімдерін шығаратын “Масло-Дел” ЖШС зауытының жұмысы, Ұлттық ұлан академиясы аумағында жүргізіліп жатқан құрылыстың барысы да назардан тыс қалған жоқ. Ал Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары жеткен жетістіктерімен таныстырды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.