«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Орындаған тек жүректің әмірін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақ поэзиясының пайғамбары” атанған сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың тұлғалық болмысын ашу үшін ақынның “Жан сөзі” деген өлеңін тарихи контексте зерттеп көруге талпындық. Өз басым “Өзгелерім бір төбе, Ер Төстігім бір төбе” дегендей, Мағжан Жұмабаевтың “Жан сөзі” деген өлеңін ерекше қастерлеймін, өлеңді оқып отырғанда ақын жанымен сырласқандай күй кешемін.

Қазақ әдебиетінде Мағжан Жұ­мабаевты философ ақын деп тани­ды. “Жан сөзі” өлеңі бірінші жол­дардан-ақ мынадай тұжырыммен басталады:

Өмір – теңіз, жоқ оның түбі, шеті,

Сылқ-сылқ күлген сиқырлы толқын беті, – деп ақын өмірге деген өзінің философиялық көзқарасын ұсынады. Бұл жерде “өмір – теңіз” де­ген ұстанымды жеке адамның тағ­ды­ры деп емес, жалпы адамзат ба­ласының жарық дүниедегі тұтас та­рихы деп танығанымыз абзал дей­мін. Тарихи тұрғыдан қарағанда, си­қырлы беті сылқ-сылқ күліп жататын өмір теңізінің түбіне бойлаған жан бар ма екен, шетіне шыққан пенде болды ма екен? Жеке адамның тағ­дыры деп қарасақ, әркімнің кесімді уақыты бар, өмір шетінде күтіп алатын қазасы бар, сондықтан ақын дүниеге келген әрбір адамды адам­зат тарихының теңізіне сапарға шық­қан жолаушы есебінде қабылдай­тынын аңғартады.

Осы өмірге кіргелі көп күн болды,

Енді бір ай – толады жиырма жеті, – деп ақын өзінің ғұмырбаян­дық нақты дерегін ұсынады. Демек, “Жан сөзі” өлеңі 1920 жылы мамыр айының шамасында жазылған деп санаймыз.

Ес білгелі алыстым өмірменен,

Өмір – теңіз, толқыны тым көп қақты, – деген жолдардағы өмірмен алысу деген тіркес пен “өмір – теңіз” деп қайталанған метафораны енді ақынның өз басындағы тағдырын жырлауы деп қабылдауымызға сұ­ранып тұрғандай. Мағжанның әкесі Бекеннің ірі бай әрі ел билеген бо­лыс болғаны бәрімізге аян, тіпті әке­сі келешекте орнымды басып, ел би­лейді деп үміттеніп отырған Мағжан­ның оқу іздеймін, ұлтыма пайдалы азамат боламын деген талабын ұнат­пай, теріс батасын берген деген пікірлердің де айтылатыны бар. Мағ­жанның өзін қойып бірге туған аға-бауырларына дейін тоздырып жі­бер­ген тағдыр тәлкегінің сырын әкенің теріс батасынан іздейтін көзқа­растың бары да рас. Мүмкін сондық­тан да болар, өз заманында әкесінің атақ-абыройымен, мал-дәулетімен алаңсыз өмір сүруге тиісті ақын бар болғаны жиырма жеті жасында “өмірдің толқыны тым көп қақты”, – дейді. Бірақ Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын зер­делеген, “Мағжанның Қызылжары” атты зерттеу кітабының авторы, фи­лолог-ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай ағамыз мұн­дай пікірді терістеп, ондай оқиғаның орын алуын жоққа шығарады. Ға­лым­ның айтқан уәжі мен келтірген де­ректеріне біздің де қосылуымызға тура келеді. Тек біз өз тарапымыз­дан, ондай оқиға бола қалса, Мағ­жанның жасөспірім кезінде, діни се­минарияны бітірді делінетін 1910-1911 жылдары, яғни, ақынның 16-17 жасар кезінде болуы ықтимал деп жо­рамалдаймыз. Қазақ өмірінде ба­ланы жастайынан ел ісіне аралас­тыру тәжірибесі бар болғанын Абай Құнанбайұлының өмір дерегінен жақсы білеміз.

Ес білгелі алыстым жүрекпенен,

Ырық бермеді, қаңғыртты, ол не тапты? – деген кейіптеуге толы өлең жолдары ақынның ішкі сырынан хабар береді. Ақылы таңдаған жолға сезімі аяқ баспай, сананы жүректің әмірі жеңгенін ақын былайша тол­ғайды:

Ессіз жүрек тулады, бермеді ырық,

Ақыл сорлы ере алмай, қалды тұрып.

Ессіз жүрек, бөгелші бір азырақ,

Отыз тұр ғой үңіліп, арты – қырық.

“Қалды тұрып” деген сөзге жақ­сы ұйқасу үшін, әрине, “арты – қы­рық” деген сөйлем өзі сұранып тұр­ғандай көрінеді, дегенмен осы бір бол­машы ғана деталь Мағжан бойындағы ішкі түйсіктің жүйріктігін, көкірек көзінің ғайыпты болжағыш ғажайып бір құпиясын ашып кететін­дей. Отыздың үңіліп, артында қы­рық­тың тұрғанын жүрекке ескерту – жай ғана жасқа жас қосылады, өмір өтеді дегенді білдіргісі келгендіктен айтылмаған сыңайлы. Ақынның отыз бен қырық жасының арасын­дағы тағдырын алып қарасақ, жа­зықсыз қудалау, жала жабу, айыптау, абақтыға жабу, ақыры жер аудартып жіберу секілді тағдыр тақсыретте­ріне сәйкес келеді де, ақын ғұмыры 44 жасында шорт үзіледі!

Жүректің әміріне еріксіз бағын­ған ақынның біресе жел болып жын­да­нып өзі отқа түскен, біресе от бо­лып жандырып өзгені өртеген күйін тебіренбей оқу мүмкін емес! Сиқыр­лы сыбдырымен татқан жанның есін алған су болғаны, Күн бола тұрып көппен құшақтасқан жайсаңдығы, Ай болып талайдың өзегін үзген дара асқақтығы тек қана Мағжанға жара­сатындай. Одан басқа ақын осылай жырласа, сөзінің шындығына, сезімі­нің шынайылығына ешкімді сендіре алмастай.

Сен: “Сүй!” – дедің, талайды сүймедім бе?

Көбелек боп көп отқа күймедім бе? – деп қарапайым пенде басынан сан рет кешсе де, ашық айтуға тар­тынатын алапат сезім күйін де ақын жасырмайды және өзіне қалай жа­расады десеңізші!? Тіпті неге сон­шама көп сүйіп, көп күйесің деп кінә қоюдың өзі де орынсыз секілді сезі­леді. Басқаша болуы мүмкін де емес­тей!

“Ата-анаңнан без!” – дедің, безбедім бе?

Қаңғырып, талай жалғыз кезбе­дім бе? – деген жолдар сөз басында айтып өткендей, жасөспірім кезінде әкесінің теріс бата бергені туралы деректі айғақтай түсетіндей.

“Дәулеттен қаш!” – дедің сен, қашпадым ба?

Қойнымды жоқшылыққа ашпа­дым ба? – дегенде де әке мұра­сынан, ен байлықтан бас тартқыза білген ессіздікті көреміз. Ақылға сал­са, әрине, ешкім әкесінің дәулетінен қашпас еді, ал біздің зерттеп отыр­ған лирикалық кейіпкеріміз Мағжан болғандықтан, Мағжанның табиғи болмысы, азаматтық тұлғасы жүрек­тің әміріне бой ұсынғанын білеміз. Сондықтан да аса қатты таңырқамаймыз. Бізді қызықтыратыны – не себептен ақын өз бойын, ақыл-ойын жүрекке билеткен деген сұрақ.

“Жоқты іздеп тап!” – дедің сен, таппадым ба?

Сен: “Айға шап!” – дегенде шаппадым ба?

Не керек! Бар бұйрығың орындадым,

Сұм жүрек, сол қызметімді ақтадың ба?

Міне, ақынның жүрегімен сырласуы! Ұлы ақын, дана Абайдан кейінгі жүрекпен сырласқан ақын – Мағжан Жұмабаев деп айтсақ әбден лайық! Жүректің тапсырған қызметін қалтқысыз атқара жүріп, өз кезегінде ақын да сұрақты төтесінен қояды және жауапты да өзі береді:

Ақтамадың, алдадың, енді білем,

Енді бір ай – жиырма жеті жасқа келем.

Отыз, қырық… Қартаям, сөнем, өлем…

Еліме есебімді не деп берем?!

Жиырма жеті жасына дейін жү­ректің ессіз әмірлерін орындап кел­ген ақын алданғанын енді білді. Хал­қына есеп берер уақытын санаған­да, ақын аузына тағы да отыз бен қы­рық түседі, бұл не ғажап!? Неге “Сек­сен, тоқсан… Қартаям, сөнем, өлем…” демейді? Қырықтан артық санды айтқызбай тұрған қандай құдірет?! Жұмбақ?!

Өзі өмірден көшкен соң артында қалған ел-жұртының қалай бағалай­ты­ны ақынды алаңдатады.

Ақылға кеш айналдым, қараң күнім,

Бір күні құшағына алар өлім, – деген жолдарды оқып отырғанда Мағ­жанның ойшылдығы өзінің руха­ни ұстазы, кезінде “сөзі алтын хакім Абай” деп бағалаған ұлы ақыннан да ертерек оянған ба деген ой туады. Ұлы Абай “Қартайдық, қайрат қайт­ты, ұлғайды арман”, – деп өлең жазған­да бар болғаны қырыққа енді ғана келген қылшылдаған азамат екен. Соған қарамастан қартайдық деген. Ал Мағжан Жұмабаев небәрі жиыр­ма жеті жасында “Ақылға кеш айнал­дым, қараң күнім” деп қайғы­рады.

Сол қайғыдан шықты ма екен, “Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған…” деп туған халқына Мағжан соңғы да­тын айтып қалғысы келеді. Ақынын “айта түсші!” деп қолқалайтын қазақ­тың ХХ ғасырдағы сөз зергерінің өтініші… – бір ауыз сөз айтуға мұрсат сұрайды. Көп ұзамай сөйлеуге рұқ­сат сұрағанды қойып, “ләм” деп ауыз ашуға болмайтын үндемес уақыт орнайтынын білгендей!

Пайғамбар емес екені айдан анық, әйтсе де Күнбатыстан шығып, қазаққа төніп келген қарғыс атқыр қа­раңғылықтың сипатын әшкерелеп, “Пайғамбар” деген өлең жазған, келе жатқан дәуірдің зұлмат келбе­тін, қиянатшыл өктемдігін жүрегімен сезіп, түйсігімен болжай білген, жо­лындағысын аждаһаша апырып-жа­пырып қиратып бара жатқан төңкерісшіл жаңа заман “қаһармандарын” бар жұлын-жүйкесімен тітірене жи­ре­ніп қарсы алған ақын бойында пайғамбарлық қасиет болмады деп айту тағы қисынсыз.

Сөйткен қайран Мағжан! Алты алашқа ардақты ақын Мағжан Жұ­ма­баевтың атын атағанда, менің ті­ліме “қайран” деген сөз еріксіз орала береді. Еріксіз дейтінім, Мағжанды оқысам, Мағжан атын еске алсам, нәзік жүректі сыршыл ақынның өмі­рінде кездескен қаншама ауыр жол­дар мен аяусыз соққылар ақын жү­ре­гін еркінен тыс жұлмаласа, менің де жүрегімді еріксізден-еріксіз “қай­ран Мағжан!” деген күйінішті сезім жұлып жейді. Данышпан Абай ата­мыздың ақыл, қайрат, жүрек үшеуіне қаратып: “…Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртер­лік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым” дей­тіні бар он жетінші қарасөзінде.

Тағы да дана Абайдың: “Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қай­рат, нұрлы ақыл, жылы жүрек”, – де­ген сөзі мен Мағжанның қапасты-қилы замандағы талайсыз тағдыры­на берген жауабын, жазықсыз жала­дан жеткен аянышты өлімін қалай қарсы алғанын ойласақ, қайран Мағ­жанның, Абай айтқандай, “табаны­ның топырағы көзге сүртерлік қа­сиет­ті адам” болғандығын еріксіз мойындатқандай. “Жүрекке әмір жүр­мейді” деп халқымыз айтса да, адам­зат баласында жүрек қалауын ақылдың тапқан арзан қулығы мен бақай есебіне жем ететін қауымның басым екендігімен келісуге мәжбүр­міз. Мағжанды Мағжан етіп тұрған ұлы қасиет – таза, нәзік жүрегінің әмірін қылуасыз һәм риясыз, екі еткізбей орындағаны деп санаймын, ойымызды “Әміріңді екі қылмай орын­дадым” деген өлең жолдары айғақтай түседі. Мағжанның өмірі­мен аз-кем таныс адамды ақынның сол заманға лайық азды-көпті билік­тен де, мыңғырған мал мен мол дәу­леттен де, дүниеге шыр етіп келген­нен тіршілік үшін күресетін пенде баласының мұраты іспетті жақсы тұрмыс, жайлы өмірден де өз еркімен бас тартқаны, жүрек қалауы үшін барлық игіліктен қол үзгені еріксіз таң­ғалдырады. Жалған дүниедегі арзан қызық, баянсыз бақ үшін ба­сын байлатпай, қиын болса да қилы, қара басына емес, туған халқының мәңгілік мұратына қызмет ететін бі­лім мен ғылымға, әдебиет пен мәдениетке ұмтылтқан неткен қайсар­лық, неткен дәт! Міне, нағыз жүрек қалауы! “Жан сөзі” өлеңі жастық жа­лынмен жас кезінде жазылған өлең: үстіртін бір қарап өткенде махаббат, жастық, ғашықтық мәселесін қозғай­тындай көрінетіні рас. “Жүрегіңнің тү­бі­не терең бойла”, – деп дана Абай айтқандай, Мағжанның жүрек түкпі­ріне үңілсеңіз, бұл өлеңде жастық жалыннан тысқары ұлтын сүйген ұлы жүректің қуатты соғысын, ырғақ­ты дүрсілін айқын аңдайсыз.

“Қара жерді құшақтап мен жатармын,

Сол кезде не деп мені сынар елім?” деп жиырма жетідегі желпіл­деген жастың емес, тоқсан жетідегі тоқыраған, өлімнің ақиқаттығын мо­йындап, есеп беретін күннің жақын­дығын тұла бойымен, тұтас санасымен түйсінген қарияның аузынан шы­ғуға тиіс толғанысты сұрақты өзінің ғана емес, оқырман қауым, келешек буын – біздің де алдымызға көлденең тартады. Аттап өту, жалтарып кету мүмкін емес сұрақтар!

“Не қуаныш, не қайғы басқан күнде,

Басыма келіп: “Ақын, тұршы!” – дер ме?” деп күтеді өзі құлай сүйген халқын. “Бақытты, барақатты заман – осы!” деп санамызға құйып келген советтік дәуір келбетін, отарлықтың қиянатшыл езгісін еске түсіргенде, тағы да еріксізден-еріксіз Мағжан өлеңдеріне жүгінеміз. Өлеңдерін оқимыз, жанымызға ем табамыз:

“Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:

Мен келемін, мен пайғамбар – Күн ұлы”.

Бүгінгі тәуелсіз елдің еркін аза­маты ретінде ақынның ішкі түйсікпен ғайыптан сыр тартқандай етіп айтып кеткен үміт дүниесінің жанғанын көру – біздер үшін қандай бақыт де­сеңізші!

Е-е, қайран Мағжан! Пайғамбар емес екендігі – ақиқат, бірақ:

“Болмаса басыма да бармас па екен?

Атымды аузына да алмас па екен?

Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен?” – дейді. Еріксіз ойланамыз: бар саналы ғұмырын, өмірлік мақ­сат-мұратын соның жолына арнаған туған халқы өзінің ұлы ақынының, ар­дақты ақынының моласының басы­на да бармайтын, атын да ауызға алмайтын уақыт болатынын қайдан білді? Қайран Мағжан 1960 жылы ресми түрде ақталғанымен, бақан­дай 28 жыл бойы оның ақталғанын халыққа айтпады және бұл әрекет саналы түрде жасалған қиянат еді. Бұл сорақылықтың басқасында кім­дер болғанын, қай азамат өмірден өтер шағында Мағжандай ақынға жа­саған қиянаты үшін халықтан кеші­рім сұрап арнайы сөз қалдырып үл­гергенін ақынның тағдырын зерттеп жүрген жандар жақсы білсе керек.

Мағжанның пайғамбар емес еке­нін білдіргісі келгені болар, тәңірі та­ға­ла ақынның аузына: “Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған, Молама көз қырын да салмас па екен?” деген жыр жолдарын салады. Жоқ, қайран Мағжан, қазақ халқы аман тұрғанда, ұлтымыздың саналы, арлы азамат­тары аман тұрғанда қандай қапас пен қысастықтың, қиянат пен қаты­гез­діктің тезіне түссе де, туған хал­қың сенің молаңа, басыңда қал­қайып тұрған қара тасыңа әрқашан көз қырын салатын болады! Әттең, амал жоқ, адам баласына қиянатың, адамзатқа қастандығың жоқ болса да, әпербақан заманның қолшоқ­парлары, кісіліктен ада, адамшы­лықтан алыс, тыныш тұрған, тұнып тұрған бейбіт өмірге жаны қас, хайуани түйсіктері адами парасат пен адамшылық сананы жойып жі­берген, дүниеге әділдік орнатамыз деген желеумен өз құлқындары мен қарындарының қамы үшін, “ақыл-есі дұрыс адам түсіну мүмкін емес деңгейде қанды қасап қырғын жасап” (М.Мағауин), қаншама жанды еркек-әйел, бала-шаға деп қарамай атқа­нын атып, аштан қырғанын аштан қырып, білімі терең, көкірегі кең, кеу­десі даңғыл қаншама зиялы азаматтардың басын жұтқан сталиндік зұлмат қыл аяғы сенің, қайран Мағжан, аяулы Мағжан, ардақты Мағжан… молаңды да артыңнан жоқтап іздер қазағыңа қалдырмады! Сен мұны білмейсің, әрине!

Сөзімді Мағжанның тұлғалық болмысын таныған соң, ақындық, азаматтық қасиетін бағалаған соң туған мына жыр жолдарымен аяқ­тағым келеді:

“Орындаған тек жүректің әмірін,

Қиындықта тауыспаған сабырын.

Саналыға абақты боп орнаған,

Замананың тап басыпты тамырын!

Қайран Мағжан тік ұстаған кеудесін,

Тік ұстамау өр кеудені – ерге сын!

Талай Мағжан туар әлі қазақта,

Тек тәңірім тәлкек тағдыр бермесін!

Ойлы, сырлы Мағжан жыры – Мәңгілік!

Қайсар рухты Алаш ұлы – Мәңгілік!

Мағжан рухы мәңгілікке тербеткен

Ұлы дала – Қазақ елі – Мәңгілік!”

Нұрлан ЕСЕЙ,

Қаратал орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp