Айыртаулықтар “Bon appetit” қоғамдық тамақтану орнын жақсы біледі. Оның иелері – Айбек пен Әсел Ағзамовтар.
Заманауи стандарттар бойынша жабдықталған кешен аудан орталығы – Саумалкөлде орналасқан. Мұнда дайындалатын дәмді және алуан түрлі тағамдар, жылдам қызмет көрсету сервисі үлкен сұранысқа ие. Жас кәсіпкерлер орта және шағын бизнестің тікелей қатысушылары бола отырып және өз мүмкіндіктері мен әлеуеттерін есептей келіп, жақында “Kerbez” мейрамханасын ашты.
2016 жылы кәсіпкерлік салаға алғаш қадам басқан Айбектің айтуынша, аудандағы қызметтер нарығындағы жағдайды саралап, зерттеуіне тура келген. Содан қоғамдық монша, кейін “Мега ватт” электр тауарлары дүкенін ашуға бел буыпты. Ойға алған мақсат нәтижесін беріп, табыс молайғаннан кейін зайыбымен ақылдаса келіп, “Bon appetit” асханасы жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Басқа дәмханалардан барынша ерекшелендіруге тырысқан. Қазір мұнда шағын банкет залы да көпшілікке қызмет көрсетеді. Маусым айынан ғимаратты мейрамхана ретінде қайта құру басталып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз да жанкешті тірлік жарты жылға жалғасқан. Оған өз қаражаттарын салып, сондай-ақ қосымша “Даму” қоры арқылы жеңілдетілген несие ресімдеген.
“Көкшетау қаласынан дизайнерлер мен құрылысшылар шақырылды. Ішкі келбетін өзіндік өрнекпен, нәзік талғаммен безендіруге барынша мән берілді. Талапқа сай жабдықтар, ыдыс-аяқтар сатып алынды. Мейрамхана 185 орынға шақталған. Алдағы уақытта орын санын 200 адамға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз”, – дейді жұбайының сөзін жалғастырған Әсел.
Екеуінің де клиенттерге қызмет көрсетудің барлық қыр-сырын меңгеріп алғаны бірден байқалады. Олар өз тәжірибелерін өзгелерге үйретуден жалыққан емес. Әсел даяшылардың шеберлігін жетілдіруге үлкен мән береді. Саумалкөлдегі агротехникалық колледждің әлеуметтік серіктесі ретінде де аспаздық және кондитерлік істің қыр-сырына терең бойлауды дәстүр еткен. Оқу орны мен бизнестің өзара ынтымақтастығының студенттердің тағылымнан өтуіне, сонымен қатар тұрақты жұмыс орнын табуға игі әсері мол.
Мейрамханаға қойылатын маңызды шарттың бірі – қызметтердің сапасы десек, бұл мәселе да жан-жақты ойластырылған. Ас мәзірінің бағасы қолжетімді, туған күн, үйлену тойы, басқа да қызықты, демалыс кештеріне алдын ала тапсырыс берілсе, жеңілдіктер жасалады.
Ирина БУРКОВСКАЯ.
Айыртау ауданы.
Суретте: жас кәсіпкерлер Айбек және Әсел АҒЗАМОВТАР.