Этносаралық салада медиативтік тәсілді қолдану бойынша өткізілетін іс-шаралардың берер пайдасы мол екенін осы жолғы семинар-тренинг тағы бір байқатты. Әсіресе, медиация (этномедиация), этносаралық саладағы жанжалдарды реттеудің, еңсерудің жолдары мен тиімді әдіс-тәсілдері туралы толыққанды мағлұматтардың берілуі – соның бір дәлелі.
Семинар-тренингке қоғамдық медиаторлар, этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелердің, білім беру мекемелерінің, құқық қорғау, жергілікті билік органдарының, ішкі саясат бөлімдері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсене қатысып, кәсіби шеберліктерін ортаға салды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кеңесінің мүшесі Гүлмайдан Урозбаева, медиатор-жаттықтырушы, Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер орталығының жетекшісі Әлия Құртаева өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қатысушылар үш күн ішінде этносаралық жанжалдың ерекшеліктерімен, оның тілмен жеткізгісіз зардаптарына әсер ететін факторлармен, жанжалдардың түрлері және сипаттамаларымен, қақтығыстардың себептерімен тереңірек танысты. Әрбір теориялық білім практикалық тапсырмалармен ұштастырылып отырды. Мысалы тренингке қатысушылар “Бағдаршам” бағдарламасы шеңберінде жанжалды жағдайлардың өршу деңгейін зерделеді. Сондай-ақ кейстер, топтарда жұмыс істеу, медиативтік кездесу алгоритмін пысықтау бойынша жеке тапсырмалар орындалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің “А” арнайы мақсаттағы жасағы қызметінің психологы Лола Шакимованың тренингі этносаралық қақтығыстың психологиялық проблемасына арналып, “тобыр психологиясының” негізгі аспектілері, олармен коммуникативтік байланыс орнату, “келіссөз жүргізу” тақырыптары үлкен қызығушылық тудырды.
Соңғы күні тыңдаушылардың алған білімдері, практикалық тәжірибелері таразыланып, сертификаттар табыс етілді.
“Семинар жанжалдарды шешуде медиативтік тәсілдің құзыреттерін қалыптастыруға бағытталды. Жан-жалдың этносаралық сипатына баса назар аударылуы кездейсоқ емес. Этномедиацияны дамытуға және этносаралық жанжалдарды реттеуге Қазақстан халқы Ассамблеясы өз күш-жігерін барынша жұмылдырып келеді. Ассамблея алдағы уақытта да қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту миссиясын тиімді түрде жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Басты мақсатымыз ел бірлігі мен өзара түсіністікке жұмылдырылмақ”, – деді семинар-тренингке қатысты ойын білдірген кәсіби медиатор Инесса Қуанова.
“Мен алғаш рет этномедиация бойынша оқыту семинар-тренингіне қатыстым. Ақпарат соншалықты қызықты және өзекті болды. Лекторларды мұқият тыңдап, практикалық сабақтар мен тренингтерге қатыстық. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі ретінде этносаралық қатынастар саласынан пайдалы жаңалықтар алдым”, – деп атап өтті “Радзима” облыстық беларусь мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Татаренко.
Мағжан Жұмабаев аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ирина Глейзнистің пікірінше, бүгінгі таңда этномедиация – сән емес, уақыттың шұғыл талабы. Көпэтносты елдерде кез келген тұрмыстық, қылмыстық немесе әлеуметтік қақтығыстар этносаралық ынтымақтастыққа зор қауіп төндіреді. Сондықтан жергілікті деңгейдегі даулар мен келіспеушіліктерді шешіп қана қоймай, олардың алдын алатын этномедиаторларды дайындау өте маңызды. Теориялық дайындықты қажетті практикалық дағдылармен ұштастырудың тағылымы мол.
“Amanat” партиясы Тайынша аудандық филиалының төрағасы Мереке Хамзин ризашылығын білдіріп, алған қосымша білімін күнделікті жұмыс барысында қолданатынын, осы сипаттағы оқулар жалғасын тапса деген өтінішін айтты.
Болат БАЗАРБАЕВ,
“Қоғамдық келісім” КММ басшысының міндетін атқарушы.