Кез келген уақытта науқастарға қарай құстай ұшатын “Жедел жәрдем” қызметінің көмегіне жүгінбейтін жан жоқ. Осындайда шақырту бойынша лезде жетуі тиіс жедел жәрдемнің қызметтік көлігіне баса назар аудармайды екенбіз. Жаны қысылған адамға дер кезінде көмек көрсетуде осы көліктердің сапасы аса маңызды. Сондықтан облыстағы жедел жәрдем көліктерінің жай-күйімен танысуға бел будым.
Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының ғимараты 1905 жылы салынған. Ғасырдан астам уақыт тұрған ғимараттың қабырғалары жарылып, тоз-тозы шыға бастаған. Жамаумен ғана іргесі сақталып тұрған орталықтың көліктер тұрағы тар және апатты жағдай да екені айтылған да, жазылған да еді. Көлік тұрағында орынның жоқтығынан жүргізушілер қызметтік көліктерін қысы-жазы далаға қоюға мәжбүр.
– Бүгінде жаңа “Жедел жәрдем” ғимаратын ұсыну мәселесі шешіліп жатыр. Ал облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының көліктері бүгінгі таңда 100 пайызға жаңартылды, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног.
Облыстық жедел медициналық көмекке күн сайын 500-ден астам адам хабарласады. Осылайша жылына шамамен 180 мыңға жуық қоңырау соғылады. Операторлар әр қоңырауға жауап беріп, шақыртуларды ауырлық дәрежесіне қарай бөліп, “Жедел жәрдем” көлігін жібереді. Әр қоңырау бойынша жауап беру уақыты 5-тен 10 минутқа дейін. Жыл сайын орталықтың дәрігерлері мен фельдшерлері адам өміріне араша болатын алғашқы медициналық көмек көрсетудің жаңа, заманауи әдістерін меңгереді.
Өңіріміздің барлық 13 ауданында және Қызылжар ауданының Соколовка ауылында облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының қосалқы стансалары бар. Өткен жылдары аудан орталықтарындағы медициналық көмектің сапасын және “Жедел жәрдемнің” жұмысын жақсартады деген ниетпен жабдықталған жиырмадан астам жаңа реанимобиль тұрғындардың игілігіне жарап тұр. Бұл көліктер ауыл тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, жаңа туған және шала туған нәрестелерді тасымалдау үшін арнайы капсуламен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар облыста барлығы 58 санитарлық автокөлік порты бар, оның ішінде 23-і қалада, 29-ы ауылда, алты санитарлық автокөлік медициналық авиция бойынша қызмет көрсетеді.
Алайда аудан орталықтарындағы ауруханаларға қарайтын көліктердің жағдайы мәз емес. Мәселен, Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылының тұрғындары мен дәрігерлері ұзақ жолға шыдамайтын ескі көлікпен қатынайды. Ол істен шықса, науқасқа уақытылы көмек көрсетілмейді деген сөз. Осыған дейін екі жүргізуші ауыстырып үлгерген, сырты ғана шала жөндеу көрген сары көліктің ішінде бір адамдық орындықтан басқа ештеңе жоқ. Аталған аудандағы Белое ауылындағы медициналық пунктегі көлік екі ауылға бірдей қызмет көрсетеді екен. Бірқатар аудандардағы ауруханаларға хабарласып, “Жедел жәрдем” көліктері жайлы сұрап едік, мардымды жауап ала алмадық.
Бір сөзбен айтқанда, облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі көлікпен толық қамтамасыз естілсе де, аудандық орталық ауруханаларға қарасты “сары көліктер” әлі де жаңартылмаған. Денсаулық сақтау ұйымдары өкілдерінің бұл көліктер жаңасына ауыстырылады деген шығарып салма сөзі сенім ұялатпады. Себебі айтар жақсы жаңалығы болса, жар сала сүйіншілер еді ғой.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.