Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл жыл өткен сайын ажарланып, сәніне сән, жанына жан қосылып келеді. 2017-2023 жылдар аралығында елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына 4127,3 млн. теңге жұмсалған. Осы кезең ішінде 815,2 млн. теңгеге көшелер мен жолдар қалпына келтірілген. 250 млн. теңгеге стадион, спорттық және балалардың ойын алаңдары салынған. 145,4 млн. теңгеге аудандық Мәдениет үйі кірсе, шыққысыз етіліп, адам танымастай жаңартылған. 16 пәтерлі екіқабатты тұрғын үйді іске қосуға 190,5 млн. хоккей кортына 163 млн. теңге қарастырылған. 1785 үйдің 95 пайызына сапалы ауызсу тартылған. Елді мекен аумағында 1300 оқушысы бар 3 мектеп, 2 балабақша жұмыс істейді.
Шалғайдағы ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Кішкенекөлде салынып жатқан тренажер залы бар жабық жүзу бассейнінің құрылысымен танысты. Учаске бастығы Әбдіғани Өтебаевтың айтуынша, бас мердігер – “Altyn LYD” ЖШС. Жобаның құны – 580,4 млн. теңге, оның 65 пайызы игерілген. Кешеннің жалпы аумағы – 1651,39 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары биыл тамызда басталып, келесі жылы көктемге салым толық аяқталмақ.
Өңір басшысын бір ауысымда 250 науқасты қабылдай алатын емхананың қазіргі ахуалымен “Азамат Құрылыс” ЖШС-ның директоры Ақатай Қуанышбек таныстырды. 7751,88 шаршы метр аумаққа созылған құрылыс алаңында 40 адам еңбек көрігін қыздыра түскен. Қарастырылған қаржы 940 млн. теңгеге жуық, жұмыстың орындалуы – 70 пайыз. Демек биыл маусым айында құрылысы қолға алынған денсаулық сақтау мекемесі келесі жылдың бірінші тоқсанында, яғни уәделі мерзімде бой көтереді деген сөз.
“Жолдасбай Агро” шаруа қожалығына облыстық мәслихаттың депутаты, есімі жұртшылыққа жақсы таныс Сүйіндік Жолдасбаев жетекшілік етеді. Шаруашылық иелігінде 12461 гектар жайылым бар. Егістік алқабы 22931 гектарды құрайды, оның 8063 гектары – бидай, 1176 гектары – арпа, 1812 гектары – сұлы, 3182 гектары – зығыр, 5656 гектары – күнбағыс, 1244 гектары – судан шөбі. Осылайша егістікті әртараптандыру арқылы өсімдіктерді өсіру технологиясы жақсы меңгерілген.
Сүйіндік Қайырбекұлы мал шаруашылығын өркендету ісіне де өзіндік үлесін қосып жүр. Қожалықта 1758 бас етті бағыттағы абердин-ангус сиыры, 1400 бас жылқы өсіріледі. Машина-трактор паркін түрлі маркалы 11 трактор, 12 комбайн, 8 егіс кешені құрайды. 140 адам тұрақты жұмысқа тартылған, орташа айлық жалақы – 280 мың теңге. Соңғы бес жылда 1,575 млн. теңге субсидия рәсімделіп, 432 млн. теңге салық төленген.
Ғауез Торсанұлы осында салынып жатқан тауарлы-сүт фермасының құрылыс учаскесін аралағаннан кейін жергілікті шаруалармен кездесіп, проблемалық мәселелерді сұрастырып білді.
Ақбұлақ – керегесі кеңейіп, өркен жайған ауылдық округтердің бірі. 125 адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етсе, үштен екісі – жастар. Ақбұлақ пен Кішкенекөл арасындағы 27 шақырым жолды жөндеуге 716,251 млн. теңге бөлінген. Жас Ұлан ауылында 350 мың теңгеге электр шамдары қойылған.
Облыс әкімі округте құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан 1300 сауын сиырға шақталған тауарлы-сүт фермасына соқты. “Jalayr Agrofoods” ЖШС-ның директоры Әсел Ибраимова жобаның құны 2,8 млрд. теңге тұратынын, оның 500 млн. теңгесі “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан бөлінгенін, жылдық қуаттылығы – 6 мың тоннаны құрайтынын, 10 жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді.
“Ақбұлақ ауылында 1,3 мың бас малға арналған сүт фермасының салынып жатқаны құптарлық. Бұл жобаның арқасында тұрғындар жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Су желілері де тартылуда. Келесі жылы көшелерді жөндеуге қаражат бөлетін боламыз”, – деді өңір басшысы.
Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов 70 оқушы білім алатын Чехов атындағы орта мектепке соқты. 66 қызметкердің тең жартысына жуығы – ұстаздар. Осында тұрғындармен өткен кездесуде су жүйесі тартылып жатқаны, келесі жылы ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланғаны, бұдан бөлек, мұғалім кадрларының жетіспейтіні, Қарашілікте әлеуметтік желі байланысының жоқтығы, байланыс станциясын орнату қажеттілігі сөз болды.
“Айтылған сын-пікірлер орынды. Проблемаларды жан-жақты зерделеп, бірігіп шешетін боламыз”, – деген өңір басшысы ұсыныс-пікірлердің бақылауға алынатынын қадап айтты.
Жұмыс сапарымен Ақжар ауданына келген облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралап, Талшықта бой көтеріп жатқан хоккей кортын аралап шықты.
Осы жерде тұрғындармен әңгімелесіп, ауданның даму жоспары, өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Жұртшылық ауыл көшелерін, сондай-ақ облыстық маңызға ие Казгородок – Горковьское жолын жөндеу жайын қозғады.
Ғауез Торсанұлы көпшіліктің ұсыныстары басты назарда ұсталып, келесі жылдың жоспарына енгізілетінін жеткізді.
Бұдан соң аудан орталығындағы орталық қазандыққа барып, жылу желілерінің жұмыс барысын бақылады. 2021 жылы іске қосылған орталық қазандықтың жылумен қамтамасыз ететін желісінің ұзындығы – 7 шақырым, оған 14 әлеуметтік нысан қосылған. Жобалық қуаттылығы 10,5 гигакалорияға тең. Нысанды “Сапро-НАТ” ЖШС сенімді басқаруға алған.
Өңір басшысы болған ғимараттың бірі – 80 орынға лайықталған “Batyr” жабық хоккей корты, оны салуға 215,9 млн. теңге бағытталған. Жалпы аумағы – 2242,7 шаршы метр.
“Талшық Астық LTD” ЖШС иелігіндегі элеватордың сыйымдылығы – 209 мың тонна. 9200 тоннаға шақталған қоймалар бар, сағатына 30 тонна астықты тазалап-кептіре алатын үш құрылғы бар.
Өңір басшысы Ленинград ауылдық округіне қарасты Дәуіт ауылында орналасқан “Бекет” шаруа қожалығы мен “Нұр КААД Агро” серіктестігінде болды. Марат Шәпенов басқаратын “Бекет” ШҚ мал және егін өсірумен шұғылданады. Шаруашылық қаражатына тұрғызылған заманауи тауарлы-сүт фермасында симменталь тұқымды сиырлар сауылады. Ірі қараның саны – 2876 бас, жылқы – 3158 бас. Мұнда 73 адам еңбек етеді.
“Нұр КААД Агро” серіктестігінде жұмыс істеп тұрған диірменнің тәуліктік қуаттылығы – 45 тонна. Бұдан бөлек, 7156 гектар жері бар.
Облыс әкімі осында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, ой-пікірлері мен ұсыныстарын зейін қоя тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.