«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛҒАЙДАҒЫ ШҰҒЫЛАЛЫ ІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданының орталы­ғы – Кішкенекөл жыл өткен сайын ажарланып, сәніне сән, жанына жан қосылып келеді. 2017-2023 жылдар аралығында елді мекеннің әлеу­меттік-экономикалық дамуына 4127,3 млн. теңге жұмсалған. Осы кезең ішінде 815,2 млн. теңгеге кө­шелер мен жолдар қалпына келті­рілген. 250 млн. теңгеге стадион, спорттық және балалардың ойын алаңдары салынған. 145,4 млн. тең­геге аудандық Мәдениет үйі кірсе, шыққысыз етіліп, адам танымастай жаңартылған. 16 пәтерлі екіқабатты тұрғын үйді іске қосуға 190,5 млн. хоккей кортына 163 млн. теңге қа­растырылған. 1785 үйдің 95 пайы­зына сапалы ауызсу тартылған. Елді мекен аумағында 1300 оқушы­сы бар 3 мектеп, 2 балабақша жұмыс істейді.

Шалғайдағы ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Кішкенекөлде са­лы­нып жатқан тренажер залы бар жабық жүзу бассейнінің құрылысы­мен танысты. Учаске бастығы Әбді­ғани Өтебаевтың айтуынша, бас мер­дігер – “Altyn LYD” ЖШС. Жобаның құны – 580,4 млн. теңге, оның 65 пайызы игерілген. Кешеннің жалпы аумағы – 1651,39 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары биыл тамызда басталып, келесі жылы көктемге салым толық аяқталмақ.

Өңір басшысын бір ауысымда 250 науқасты қабылдай алатын ем­хананың қазіргі ахуалымен “Азамат Құрылыс” ЖШС-ның директоры Ақа­тай Қуанышбек таныстырды. 7751,88 шаршы метр аумаққа со­зыл­ған құрылыс алаңында 40 адам еңбек көрігін қыздыра түскен. Қарас­тырылған қаржы 940 млн. теңгеге жуық, жұмыстың орындалуы – 70 пайыз. Демек биыл маусым айында құрылысы қолға алынған денсаулық сақтау мекемесі келесі жылдың бі­рін­ші тоқсанында, яғни уәделі мер­зімде бой көтереді деген сөз.

“Жолдасбай Агро” шаруа қожа­лығына облыстық мәслихаттың де­пу­таты, есімі жұртшылыққа жақсы та­ныс Сүйіндік Жолдасбаев жетекшілік етеді. Шаруашылық иелігінде 12461 гектар жайы­лым бар. Егістік алқа­бы 22931 гектарды құрайды, оның 8063 гектары – бидай, 1176 гектары – арпа, 1812 гектары – сұлы, 3182 гек­та­ры – зығыр, 5656 гектары – күн­бағыс, 1244 гектары – судан шөбі. Осылайша егістікті әртараптандыру арқылы өсімдіктерді өсіру техноло­гиясы жақсы меңгерілген.

Сүйіндік Қайырбекұлы мал ша­руа­шылығын өркендету ісіне де өзін­­дік үлесін қосып жүр. Қожалықта 1758 бас етті бағыттағы абердин-ангус сиыры, 1400 бас жылқы өсі­ріледі. Машина-трактор паркін түрлі маркалы 11 трактор, 12 комбайн, 8 егіс кешені құрайды. 140 адам тұрақты жұмысқа тартылған, орташа ай­лық жалақы – 280 мың теңге. Соңғы бес жылда 1,575 млн. теңге субси­дия рәсімделіп, 432 млн. теңге са­лық төленген.

Ғауез Торсанұлы осында салы­нып жатқан тауарлы-сүт фермасы­ның құрылыс учаскесін аралағаннан кейін жергілікті шаруалармен кез­десіп, проблемалық мәселелерді сұ­растырып білді.

Ақбұлақ – керегесі кеңейіп, өр­кен жайған ауылдық округтердің бірі. 125 адам өзін-өзі жұмыспен қамтама­сыз етсе, үштен екісі – жастар. Ақ­бұлақ пен Кішкенекөл арасындағы 27 шақырым жолды жөндеуге 716,251 млн. теңге бөлінген. Жас Ұлан ауылында 350 мың теңгеге электр шамдары қойылған.

Облыс әкімі округте құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан 1300 сауын сиырға шақталған тауарлы-сүт фермасына соқты. “Jalayr Agro­foods” ЖШС-ның директоры Әсел Иб­раимова жобаның құны 2,8 млрд. теңге тұратынын, оның 500 млн. тең­гесі “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан бөлінгенін, жылдық қуаттылығы – 6 мың тон­наны құрайтынын, 10 жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді.

“Ақбұлақ ауылында 1,3 мың бас малға арналған сүт фермасының салынып жатқаны құптарлық. Бұл жобаның арқасында тұрғындар жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Су желілері де тартылуда. Келесі жылы көшелерді жөндеуге қаражат бөлетін боламыз”, – деді өңір бас­шысы.

Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхам­бетов 70 оқушы білім алатын Чехов атындағы орта мектепке соқты. 66 қызметкердің тең жартысына жуығы – ұстаздар. Осында тұрғындармен өткен кездесуде су жүйесі тартылып жатқаны, келесі жылы ауылішілік жол­дарды жөндеу жоспарланғаны, бұдан бөлек, мұғалім кадрларының жетіспейтіні, Қарашілікте әлеуметтік желі байланысының жоқтығы, бай­ланыс станциясын орнату қажетті­лігі сөз болды.

“Айтылған сын-пікірлер орынды. Проблемаларды жан-жақты зерде­леп, бірігіп шешетін боламыз”, – де­ген өңір басшысы ұсыныс-пікірлердің бақылауға алынатынын қадап айтты.

Жұмыс сапарымен Ақжар ауда­нына келген облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралап, Талшықта бой көтеріп жатқан хоккей кортын ара­лап шықты.

Осы жерде тұрғындармен әңгі­мелесіп, ауданның даму жоспары, өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Жұртшылық ауыл кө­шелерін, сондай-ақ облыстық маңыз­ға ие Казгородок – Горковьское жолын жөндеу жайын қозғады.

Ғауез Торсанұлы көпшіліктің ұсы­ныстары басты назарда ұсталып, келесі жылдың жоспарына енгізілетінін жеткізді.

Бұдан соң аудан орталығындағы орталық қазандыққа барып, жылу же­лілерінің жұмыс барысын бақылады. 2021 жылы іске қосылған орталық қа­зандықтың жылумен қамтамасыз ететін желісінің ұзындығы – 7 шақы­рым, оған 14 әлеуметтік нысан қосылған. Жобалық қуаттылығы 10,5 гигакалорияға тең. Нысанды “Сап­ро-НАТ” ЖШС сенімді басқа­руға алған.

Өңір басшысы болған ғимарат­тың бірі – 80 орынға лайықталған “Batyr” жабық хоккей корты, оны са­луға 215,9 млн. теңге бағытталған. Жалпы аумағы – 2242,7 шаршы метр.

“Талшық Астық LTD” ЖШС ие­лігіндегі элеватордың сыйымдылы­ғы – 209 мың тонна. 9200 тоннаға шақталған қоймалар бар, сағатына 30 тонна астықты тазалап-кептіре алатын үш құрылғы бар.

Өңір басшысы Ленинград ауыл­дық округіне қарасты Дәуіт ауы­лында орналасқан “Бекет” шаруа қо­жалығы мен “Нұр КААД Агро” серіктестігінде болды. Марат Шәпенов басқа­ратын “Бекет” ШҚ мал және егін өсі­румен шұғылданады. Шаруашылық қаражатына тұрғызылған заманауи тауарлы-сүт фермасында симмен­таль тұқымды сиырлар сауылады. Ірі қараның саны – 2876 бас, жылқы – 3158 бас. Мұнда 73 адам еңбек етеді.

“Нұр КААД Агро” серіктестігінде жұмыс істеп тұрған диірменнің тәу­ліктік қуаттылығы – 45 тонна. Бұдан бөлек, 7156 гектар жері бар.

Облыс әкімі осында ауыл ша­руашылығы тауарын өндірушілер­мен кездесіп, ой-пікірлері мен ұсы­ныстарын зейін қоя тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp