Еліміз Дүниежүзілік мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтері қауымдастығының (“WAPES”) 81-ші мүшесі болып қабылданды. “WAPES” – жұмыспен қамту қызметіне немесе еңбек нарығындағы саясатты дамытуға жауапты мемлекеттік жəне үкіметтік органдардың халықаралық коммерциялық емес қауымдастығы.
Оны 1988 жылы Канада, Франция, Германия, Нидерланды, Швеция, АҚШ елдері Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп құрған. “WAPES”-ке мүше елдер өзара жаһандық кəсіби байланыс орнатуды көздейді. Яғни жұмысқа орналастыру, еңбек миграциясы, кəсіптік оқыту, мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтерінің бірлескен жобалары мен іс-шаралары шеңберінде ынтымақтастықты арттырады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегінше, еліміздегі мемлекеттік жұмыспен қамту қызметіне өңірлердегі жəне ірі қалалардағы 20 еңбек мобильділігі орталығы, аудандар мен қалаларда орналасқан 207 “Мансап” орталығы, жұмыспен қамту мəселелері жөніндегі жергілікті органдар кіреді.
Еліміз жұмыспен қамту жəне еңбек нарығы саласында ақпарат алмасу мақсатында “WAPES”-ке мүше елдермен байланыс орната отырып, мемлекеттік жұмыспен қамту саласындағы үрдістер туралы жүргізілетін жобалар мен зерттеулерге қатыса алады. Бұл – еліміздің жұмыспен қамту қызметінің кəсіби əлеуетін арттыруға жəне оның қызметіне озық халықаралық тəжірибені енгізуге, мемлекеттік жұмыспен қамту стратегиясы мен қызметі бойынша жаһандық диалогке үлес қосуға, халықаралық аренадағы жұмыспен қамту саласындағы мүмкіндігін көрсетуге, сондай-ақ Қазақ елінің əлем елдері алдында еңбек нарығы бойынша сенімді серіктес бола алатынын көрсетеді.
Бақытбек ҚАДЫР.