«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Талпынған жетер мұратқа

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртаулықтар “Bon appetit” қоғамдық тамақтану орнын жақсы біледі. Оның иелері – Айбек пен Әсел Ағзамовтар.

Заманауи стандарттар бойын­ша жабдықталған кешен аудан орталығы – Саумалкөлде орналас­қан. Мұнда дайындалатын дәмді және алуан түрлі тағамдар, жылдам қызмет көрсету сервисі үлкен сұ­ранысқа ие. Жас кәсіпкерлер орта және шағын бизнестің тікелей қа­тысушылары бола отырып және өз мүмкіндіктері мен әлеуеттерін есеп­тей келіп, жақында “Kerbez” мейрам­ханасын ашты.

2016 жылы кәсіпкерлік салаға алғаш қадам басқан Айбектің ай­туынша, аудандағы қызметтер нары­ғындағы жағдайды саралап, зерт­­теуіне тура келген. Содан қо­ғамдық монша, кейін “Мега ватт” электр тауарлары дүкенін ашуға бел буыпты. Ойға алған мақсат нәтижесін беріп, табыс молайған­нан кейін зайыбымен ақылдаса ке­ліп, “Bon appetit” асханасы жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Басқа дәм­ханалардан барынша ерекшелен­діруге тырысқан. Қазір мұнда шағын банкет залы да көпшілікке қызмет көрсетеді. Маусым айынан ғима­ратты мейрамхана ретінде қайта құру басталып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз да жанкешті тірлік жарты жылға жалғасқан. Оған өз қаражат­тарын салып, сондай-ақ қосымша “Даму” қоры арқылы жеңілдетілген не­сие ресімдеген.

“Көкшетау қаласынан дизай­нерлер мен құрылысшылар шақы­рылды. Ішкі келбетін өзіндік өрнек­пен, нәзік талғаммен безендіруге ба­рынша мән берілді. Талапқа сай жаб­дықтар, ыдыс-аяқтар сатып алынды. Мейрамхана 185 орынға шақ­талған. Алдағы уақытта орын санын 200 адамға дейін жеткізуді жос­парлап отырмыз”, – дейді жұбайы­ның сөзін жалғастырған Әсел.

Екеуінің де клиенттерге қызмет көрсетудің барлық қыр-сырын меңгеріп алғаны бірден байқалады. Олар өз тәжірибелерін өзгелерге үйретуден жалыққан емес. Әсел даяшылардың шеберлігін жетілді­руге үлкен мән береді. Саумалкөл­де­гі агротехникалық колледждің әлеуметтік серіктесі ретінде де аспаздық және кондитерлік істің қыр-сырына терең бойлауды дәс­түр еткен. Оқу орны мен бизнестің өзара ынты­мақтастығының сту­денттердің тағы­лым­нан өтуіне, сонымен қатар тұрақты жұмыс орнын табуға игі әсері мол.

Мейрамханаға қойылатын ма­ңызды шарттың бірі – қызметтердің сапасы десек, бұл мәселе да жан-жақты ойластырылған. Ас мәзірінің бағасы қолжетімді, туған күн, үй­лену тойы, басқа да қызықты, де­малыс кештеріне алдын ала тапсырыс берілсе, жеңілдіктер жасалады.

Ирина БУРКОВСКАЯ.

Айыртау ауданы.

Суретте: жас кәсіпкерлер Айбек және Әсел АҒЗАМОВТАР.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp