«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Татулық – тұрақтылық кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Этносаралық салада медиативтік тәсілді қолдану бойынша өткізілетін іс-шаралардың берер пайдасы мол екенін осы жолғы семинар-тренинг тағы бір байқатты. Әсіресе, медиация (эт­номедиация), этносаралық саладағы жанжалдарды реттеудің, еңсерудің жолдары мен тиімді әдіс-тәсілдері туралы толық­қанды мағлұматтардың берілуі – соның бір дәлелі.

Семинар-тренингке қоғамдық медиаторлар, этномәдени бірлес­тіктер мен құрылымдық бөлімше­лердің, білім беру мекемелерінің, құ­қық қорғау, жергілікті билік орган­дарының, ішкі саясат бөлімдері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсене қатысып, кәсіби шеберліктерін ортаға салды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кеңесінің мүшесі Гүлмай­дан Урозбаева, медиатор-жаттықтырушы, Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер орталығының же­текшісі Әлия Құртаева өз тәжірибе­лерімен бөлісті.

Қатысушылар үш күн ішінде эт­носаралық жанжалдың ерекшелік­терімен, оның тілмен жеткізгісіз зар­даптарына әсер ететін факторлар­мен, жанжалдардың түрлері және си­паттамаларымен, қақтығыстардың себептерімен тереңірек танысты. Әрбір теориялық білім практикалық тапсырмалармен ұштастырылып отырды. Мысалы тренингке қатысу­шылар “Бағдаршам” бағдарламасы шеңберінде жанжалды жағдайлар­дың өршу деңгейін зерделеді. Сон­дай-ақ кейстер, топтарда жұмыс іс­теу, медиативтік кездесу алгоритмін пысықтау бойынша жеке тапсырма­лар орындалды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің “А” арнайы мақсаттағы жасағы қыз­метінің психологы Лола Шакимованың тренингі этносаралық қақтығыс­тың психологиялық проблемасына арналып, “тобыр психологиясының” негізгі аспектілері, олармен комму­ни­кативтік байланыс орнату, “келіс­сөз жүргізу” тақырыптары үлкен қы­зығушылық тудырды.

Соңғы күні тыңдаушылардың алған білімдері, практикалық тәжірибелері таразыланып, сертифи­каттар табыс етілді.

“Семинар жанжалдарды шешу­де медиативтік тәсілдің құзырет­те­рін қалыптастыруға бағытталды. Жан-жал­дың этносаралық сипаты­на ба­са назар аударылуы кездейсоқ емес. Этномедиацияны дамытуға және этносаралық жанжалдарды рет­теуге Қазақстан халқы Ассам­блеясы өз күш-жігерін барынша жұ­мылдырып келеді. Ассамблея ал­дағы уақытта да қоғамдағы бейбіт­шілік пен тұрақтылықты, этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту миссиясын тиімді түрде жү­зеге асырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Басты мақсатымыз ел бірлігі мен өзара тү­сіністікке жұмылдырылмақ”, – деді се­минар-тренингке қатысты ойын білдірген кәсіби медиатор Инесса Қуанова.

“Мен алғаш рет этномедиация бойынша оқыту семинар-тренингіне қатыстым. Ақпарат соншалықты қы­зықты және өзекті болды.  Лекторларды мұқият тыңдап, практикалық сабақтар мен тренингтерге қатыс­тық. Қазақстан халқы Ассамблея­сының өкілі ретінде этносаралық қа­тынастар саласынан пайдалы жа­ңалықтар алдым”, – деп атап өтті “Радзима” облыстық беларусь мә­дени орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Татаренко.

Мағжан Жұмабаев аудандық ба­лалар кітапханасының меңгерушісі Ирина Глейзнистің пікірінше, бүгінгі таңда этномедиация – сән емес, уа­қыттың шұғыл талабы. Көпэтносты елдерде кез келген тұрмыстық, қыл­мыстық немесе әлеуметтік қақты­ғыстар этносаралық ынтымақтас­тыққа зор қауіп төндіреді. Сондық­тан жергілікті деңгейдегі даулар мен келіспеушіліктерді шешіп қана қой­май, олардың алдын алатын этно­медиаторларды дайындау өте маңызды. Теориялық дайындықты қа­жетті практикалық дағдылармен ұштастырудың тағылымы мол.

“Amanat” партиясы Тайынша ау­дандық филиалының төрағасы Ме­реке Хамзин ризашылығын білдіріп, алған қосымша білімін күнделікті жұ­мыс барысында қолданатынын, осы си­паттағы оқулар жалғасын тапса деген өтінішін айтты.

Болат БАЗАРБАЕВ,

“Қоғамдық келісім” КММ басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp