“Егемен болмай, ел болмас” деп, ата-бабаларымыз армандап айтып кеткен егемендікке қол жеткізіп, әлемнің саяси картасынан ойып орын алған мемлекет құру бақыты бізге бұйырды. Бұған мерейіміз тасып, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі жарияланған күндердің екеуін де мерекелейтін болдық.
Ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде Ресей Федерациясында тәуелсіздік күні жоқ. 1990 жылы осы елдің халық депутаттарының бірінші съезі Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған 12 маусым қазір “Ресей күні” мемлекеттік мерекесі ретінде атап өтіледі. Бұл ретте Ұлыбритания сияқты бұрынғы отаршыл империяда да тәуелсіздік мейрамы жоқ екендігі ойға оралады.
Шынтуайтында, РКФСР мемлекеттік егемендігі туралы декларациясында өзінің Конституциясы мен заңдарының Кеңес Одағының Конституциясы мен заңдарынан басымдығын жариялап, егемен мемлекет ретінде өмір сүре бастағаны жаңа тарихтан мәлім. Көрші елдің мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң қабылдамағанының себебі де осы болса керек.
Белорусь КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдаған 27 шілдені 1995 жылға дейін Тәуелсіздік күні ретінде мерекелеп келді. Себебі, Белорусь КСР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 25 тамызда болған кезектен тыс және төтенше сессиясында мемлекеттік тәуелсіздік туралы жеке декларация қабылдамай, бұрын қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларацияға конституциялық заң мәртебесін берумен шектелді. Ал 1996 жылы өткізілген республикалық референдумда Екінші дүниежүзілік соғыста гитлершіл басқыншылардан азат етілген 1944 жылдың 3 шілдесі – Беларусь Республикасының Тәуелсіздік күні болып белгіленді.
ТМД елдері – Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Молдова 1989-1990 жылдары өздерінің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдағанымен, осы тарихи маңызды құжат жария етілген күндерді мерекелер тізбесіне енгізген жоқ. Тек 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздік туралы ресми құжаттар қабылданған күндерді “Тәуелсіздік күні” ұлттық немесе мемлекеттік мерекесі ретінде атап өтеді.
Кеңес Одағының құрамындағы одақтас республикалардың “егемендік шеруін” Балтық жағалауы мемлекеттері бастағаны белгілі. Тас құрсауды бұзу әрекетін бірінші болып Эстония жасап, 1988 жылғы 16 қарашада өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын жариялады. 1989 жылғы 26 мамырда Литва, 28 шілдеде Латвия осындай саяси құжат қабылдады. Алайда аталған мемлекеттер де өз егемендігін жариялаған күндерді мерекелемейді. Тек өз мемлекеттерінің құрылған және тәуелсіздігін қалпына келтірген күндерді мемлекеттік мерекелер ретінде жыл сайын атап өтеді.
Осы орайда мемлекеттік егемендік пен мемлекеттік тәуелсіздік бір-бірімен ажырағысыз байланысты ұғымдар екенін айтқан жөн. Уикипедияда және саяси сөздіктерде француздың “souveraineté” сөзінен аударылған егемендік ұғымы мемлекеттің сыртқы істердегі тәуелсіздігін және мемлекеттік биліктің ішкі істердегі үстемдігін білдіретіні, сондай-ақ саяси тұрғыдан алғанда, тәуелсіздік сыртқы қатынастарда мемлекеттің егемендігінің міндетті бір бөлігі болып саналатыны, ал ішкі қатынастарда билік тармақтарының бөлінуін білдіретіні атап көрсетілген. Яғни мемлекеттік егемендік ұғымы – мемлекеттік тәуелсіздік ұғымымен салыстырғанда әлдеқайда кең де маңызды.
Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарында ұлттық құрамындағы қазақ халқының үлес салмағы 40 пайыз ғана болған, ал солтүстік өңірлерінде ұлтсыздандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізілген біздің ел үшін 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған “Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы” Декларацияның мәні ерекше. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Республика күніне орай Ақордада болған салтанатты жиында: “Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын.
Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады. Ұлы Абай айтқандай, “ақырын жүріп, анық баса” отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік”, – деген пайымы сол кездегі өмір шындығынан туындаған.
Одақтас республикалардың “егемендік шеруі” біздің елдегі қоғамдық-саяси жағдайға елеулі әсерін тигізгені анық. Мемлекеттік егемендікті жариялауды талап етушілер қатары қалыңдап, қоғамдық қозғалыстар 1990 жылғы қазан айында аса белсенділік танытты. Олар сол кездегі республика астанасы – Алматы қаласындағы Жоғарғы Кеңес ғимаратының жанында саяси митингілер өткізді. Пикет ұйымдастырып, аштық жариялаған жастар да болғаны жадымызда. Кей өңірлерде казачествоның бас көтеруі де халқымыздың наразылығын туғызып, әсіресе, жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, егемендік идеясы төңірегінде ұйыстыра түсті.
Шын мәнінде егемендік декларациясы Кеңес Одағының іргесі шайқалып, күйреудің алдында тұрған алмағайып кезеңде еліміздің алдағы даму жолын дербес белгілеуіне мүмкіндік берген алғашқы саяси құжат болды. Оның қағидаттары негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылданды.
Егемендік декларациясын қабылдау оңай болмағаны да мәлім. Оның негізгі жобасы және Жоғарғы Кеңесте құрылған “Демократиялық Қазақстан” депутаттық тобы ұсынған баламалы жоба республикалық баспасөзде жарияланып, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бұл құжаттар он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің екінші сессиясында, 1990 жылғы 15-16 қазанда кеңінен талқыланды. “Демократиялық Қазақстан” тобы ұсынған жоба авторлары біздің көп этносты елде ұлттық республиканың орнына азаматтық қоғам құрылуға тиіс деген ұстанымда болды. Депутат Сұлтан Сартаев оларға қарсы уәж айтып: “Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – кұқықтық мемлекет. Алайда ол – ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония және басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытып, көркейтеміз” дегені есімізде.
Декларация жобаларын екі күн бойы қызылкеңірдек болып айтысып-тартысып талқылаған депутаттар бірқатар мәселе бойынша ортақ шешімге келе алмауына байланысты Жоғарғы Кеңес 16 қазанда 25 депутаттан тұратын арнайы келісім комиссиясын құрып, оның жұмысына жетекшілік жасауды депутат, академик Салық Зимановқа тапсырды. Осы комиссия он күн бойы жұмыс істеп, декларация жобаларының әрбір бабын жан-жақты қарап, көпшілік дауыспен мақұлдады.
Келісім комиссиясы әбден пысықтаған декларация жобасы 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысында қаралды. Талқылау 6 сағатқа созылып, тағы да қызу пікірталас өрбіп, құжат жобасының әрбір бабы бойынша дауыс беру жүргізілді. Сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келісім комиссиясы әзірлеген декларация жобасының баптарын қолдап сөз сөйлеп, дауласқан депутаттарды келісімге шақырып, орынды ұсыныстар да енгізіп отырғандығы оң әсерін тигізіп, ақыры аса маңызды тарихи құжат депутаттардың көпшілігінің дауысымен қабылданды. Оған 360 депутаттың 71-і қарсы дауыс бергендігі – сол кезде еліміздің егемендігіне, ана тіліміз бен ата салт-дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық өркендеуімізге қарсы адамдардың аз болмағандығын аңғартады. Ал Парламент мүшелерінің 181-і ұлты қазақ азаматтары болғанымен, олардың ішінде, өкінішке қарай, “Демократиялық Қазақстан” тобының белсенді мүшелері ретінде көзге түскен кейбір белгілі саяси тұлғалар да бар еді.
17 баптан тұратын декларацияның 1-ші бабында: “Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы – егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады. Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу құқығын өзiнде сақтап қалады”, – деп жазылды. 2-ші бапта Республикамыз ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданатындығы, 3-ші бапта егемен еліміздің қазіргі шекарасындағы территориясы бөлінбейтіні және оған қол сұғылмайтындығы мәлімделіп, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, өзге де топтар немесе жекелеген адамдар тарапынан еліміздің конституциялық құрылысына қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекетi, оның территориясының тұтастығын бұзуға шақыратын, сондай-ақ ұлт араздығын қоздыратын жария ұрандар заң бойынша жазаланатындығы ескертілді. 8-ші бапта Республика өзінің егемендi құқықтары мен Конституциясын бұзатын Одақтың заңдары мен оның жоғары органдарының актiлерiнiң қолданылуын тоқтата тұруға құқылы екендігі атап көрсетілді. 9-шы бапта жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует – бүкiл ұлттық байлық Республиканың ерекше меншiгiнде болатындығы жария етілді. 10-шы бапта Республика мемлекеттiк банк және өзiнiң қаржы-кредит жүйесiн құруға құқылы екендігі, мемлекеттiк бюджетiн дербес қалыптастыратыны, жалпы одақтық мүліктегi, оның iшiнде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесiне құқығы барын мәлімдеді. 11-ші бапта Республика экологиялық қатер төндіретін объектілердің құрылысына тыйым салуға және олардың жұмыс iстеуiн тоқтатуға құқылы екендігі айтыла келіп, ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерiн сынау полигондарын салуға тыйым салынатындығы мәлімделді. 13-ші бапта еліміз Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне бағынатын өз iшкi әскерiн, мемлекет қауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға құқылы екендігі, 14-ші бапта Республика халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға құқылы екендігі, шет мемлекеттермен экономикалық және сауда байланыстарын өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құратындығы айтылды.
Егемендік декларациясы елімізде батыл шешімдер қабылдауға жол ашты. Президент өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Сондай-ақ Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесін құру, Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР Үкіметінің басқаруына көшіру, алтын қоры және алмас қорын құру, елдің сыртқы экономикалық қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы Жарлықтар шығарды. Осылайша одақтық министрліктердің үстемдігі жойылып, республиканың шын мәніндегі егемендігі қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысының 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні деп жарияланды. 2001 жылы бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына жатқызылды. 2009 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер тізбесінен алынып тасталды. Бұған қоғамдағы “Тәуелсіздік күні бар болған соң Республика күнінің қажеті қанша?” деген сыңаржақ пікір себеп болды. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 29 қыркүйекте Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарған заңға қол қойды.
Мемлекет басшысының “Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам” деген сөзінің мағынасы терең. Пайымдап қарасақ, мұның өзі егемендік декларациясын әзірлеуге және оны қабылдауға аянбай ат салысқан атақты заңгерлер, академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Қайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, егемендік декларациясын қабылдаған Жоғарғы Кеңестің төрағасы болған Ерік Асанбаев, кімнің кім екені анық байқалған сын сәттерде ұлттық мүдделерімізді шынайы жанашырлықпен қорғасып, “орыс халқының қазақ ұлы” атанған депутат Александр Княгинин сынды елін сүйген ерлердің ерен еңбегіне берілген әділ де лайықты баға екені де даусыз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.