«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел велоспортының отаны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабаларымыз кезінде жүйрік ат мініп жарысса, бүгінгі жастар велосипедпен додаға түсіп жүр. Түрлі халықаралық жарыстарда топ жарып, еліміздің атын әлемге танытуда. Соңғы уақытта байрақты бәсекелерге қатысып жүрген­дердің арасында қызылжарлықтардың қарасы қалың. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы – еліміз велоспортының ұс­таханасы екенін тағы бір дәлелдей түседі.

Қызылжарда велоспорт өзге өңір­лермен салыстырғанда жақсы дамыған. Оған дәлел атақты жерлес­теріміздің Кеңес үкіметі тұсында да, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де жеткен жетістіктері. Велоспорттан КСРО чемпионы, Қазақстанның ішкі біріншілігінің бірнеше дүркін жеңім­пазы Николай Гребенщиков солтүс­тіктің тумасы екенін айта кеткен жөн. Ол Сидней Олимпиадасының күміс, Лондондағы жаһандық аламанның алтынын жеңіп алған атақты жер­лесіміз Александр Винокуровтың алғашқы бапкері екенін біреу білсе біреу білмес.

Кеңес одағы тұсында облыста велоспорт жақсы дамығанымен жер­лестеріміз ішкі чемпионаттардан ары аса қойған жоқ. Халықаралық деңгейге шығып, ел мерейін үстем етуге мүмкіндік болмады. Ал Қазақ­стан егемендік алған соң спорт са­ласына айырықша назар аударыла бастады. Республика­мыздың түкпір-түкпірінде спорт мектептері ашы­лып, кәсіби клубтар құрылды. Біздің өңірімізде велоспортты дамытуға арналған орталық пайда болған еді.

– Петропавлдағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мек­тебі 1998 жылдың маусым айын­да құрылды. Бұған дейін велоспорт дене шынықтыру кешендерінде үйір­ме ретінде ғана жұмыс істеп келген. Велоспорттың дамуына үлес қосқан­дардың бірі – Николай Гребенщиков. Мұндай азаматтардың арқасында барша әлем солтүстік веломектебін таныды, – дейді велоспорттан олим­пиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге мамандандырыл­ған спорт мектебі директорының орын­басары Алла Винникова.

Спорт мектебі ашылған кезде 717 жасөспірім бірден үйірмелерге жазылған екен. Жастардың көбі чемпион болуды емес, велосипед тебуді үйренгісі келгендері анық.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында жастар республикалық жа­рыстарға қатыса бастады. Әрине ба­лалардың саны көп болған соң, нәти­же де көп күттірген жоқ. Алғашқы шәкірт­теріміз – бүгіндері спорт сала­сын­дағы белгілі бапкерлер. Кейбірі бізде жат­тықтырушы болып жұмыс істейді, – дейді Алла Винникова. Елі­міздің ең атақты вело­шабандозы, әлемге та­нымал Александр Виноку­ров та об­лыс орталығындағы вело­спорт мек­тебінде тәлім алған. Спорт­тық ман­сабындағы алғашқы жеңістеріне де осы жерде жеткен.

Петропавлдағы велоспорт мек­те­бінің бағындырған асулары көп. 25 жылдың ішінде көптеген спорт саң­лақтарын баптады, соның ішінде ха­лықаралық дәрежедегі екі спорт шеберін, 38 спорт шеберін, 111 спорт шеберлігіне үміткерді даярлады.

Бүгінгі таңда велоспорт мек­тебінде 240 бала жаттығады. Бәрі Александр Винокуровтың ізін басып, Олимпиада шыңына шыққысы келеді. Бұл межеге бәрі бірдей жете алмас, бірақ араларында Алексей Луценко сынды таланттар да көп.

– Спорт мектебінде балалар 18 жасқа дейін жаттығады. Олардың арасынан оза шапқандар ұлттық құ­рама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Кейбірімен “Астана” кәсіпқой командасы келісімшартқа отырады. Басым бөлігі елордалық клуб құрамында өнер көрсетіп жүр, – дейді велоспорт мектебі директо­рының орынбасары.

Биыл велоспорт мектебінің 9 тәр­биеленушісі ұлттық құрама сапына алынған. Олар: Мансұр Бейсембай, Михаил Подлужный, Даниил Зин­кевич, Егор Логачев, Аслан Тектұр­ғанов, Максим Шнакинберге, Данияр Шаяхметов, Иван Клих және Ярос­лав Филлипов. Жасөспірімдердің соңғы жылдары халықаралық дең­гейдегі жарыстарда жақсы нәтиже­лерге қол жеткізуіне теріскейде ашылған “Vino Junior Team” клу­бының да көмегі зор.

– 2012 жылы Александр Вино­куровтың Олимпиададағы жеңісінен соң халықаралық құрлықтық коман­да құру туралы шешім қабылданды. Бұл клубтың сапында жерлестеріміз өнер көрсетеді, – дейді Алла Вин­никова.

Велоспорт мектебінің тарихы тереңде, жетістіктері көп, бірақ негізгі жеңістерін еліміздің егемендігімен байланыстыруға болады. Себебі биік белестерді Қазақстан Тәуелсіз ел атанған соң бағындырды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp