1990 жылы Алматыдағы “Зерде” ғылыми журналының редакциясында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезімізде еліміздің тәуелсіздігіне тұңғыш рет жол ашқан құнды құжаттың қабылдануына байланысты өткізілген салтанатты жиынға қатысып, осынау тарихи оқиғаға біз де куә болған едік.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы жарлығымен 25 қазан – Республика күнi Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесi болып жарияланды. Арада алты жылдан астам уақыт өткенде, 2001 жылғы 13 желтоқсанда “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” жаңа Заң қабылданып, 25 қазан – Республика күні Қазақстан Республикасындағы ұлттық мереке санатынан мемлекеттік мерекелер санатына ауыстырылды.
Жиырма бір жылдан кейін, 2022 жылғы 16 маусымда өткізілген Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сөйтіп “қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек” деген ойын ортаға салды.
Президентіміз бұл тұжырымын: “1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын”, – деп негіздеді. Көп өтпей, 2022 жылғы 29 қыркүйекте Президентіміз “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Міне осы Заңға сәйкес 25 қазанда атап өтілетін Республика күні – еліміздің Ұлттық мерекесі мәртебесіне қайта ие болды.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, 1990 жылғы 25 қазанда “Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация” қабылданып, тиісінше Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-XII Қаулысы жарияланды.
Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация 17 баптан тұрады. Бүгінде құлағымызға әбден сіңіп, үйреншікті ұғымдарға айналып кеткен Қазақстан халқының еркiн бiлдiру, барлық азаматтар үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтылу, елімізде тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санау, жалпыға бiрдей адам құқықтары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу құқығын тану, қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғыну, iзгiлiктi демократиялық құқықтық мемлекеттi құруға бел байлау деген қағидалар осынау тарихи құжатта тұңғыш рет мемлекеттік дәрежеде ресми түрде жарияланды.
Декларацияның 1-ші бабында: “Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы – егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады”, – деп жазылып, Қазақстанның Кеңес Одағынан еркiн шығу құқығын өзiнде сақтап қалатыны атап көрсетілді. Ал декларацияның 2-ші бабында: “Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады. Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту Қазақ ССР-і мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады” деп жазылған.
Декларацияның 3-ші бабында қазiргi шекарасындағы Қазақ елінің аумағы бөлiнбейтіні және оған қол сұғылмайтыны, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайтыны жазылды. Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық бiрлестiктер, өзге де топтар немесе жекелеген адамдар тарапынан Қазақ елінің конституциялық құрылысына қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттерi, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, сондай-ақ ұлт араздығын қоздыратын жария ұрандар заң бойынша жазаланатыны атап көрсетілді.
Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайтыны әрi ол Қазақ елінде егемендiктiң бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң негiзi екені, мемлекеттік өкiмет билiгiн Қазақ елінің Конституциясы негiзiнде тiкелей де, өкілеттi органдар арқылы да жүзеге асыратыны декларацияның 4-ші бабында көрініс тапты.
Декларацияның 5-ші бабында еліміздің iшiндегi, басқа республикалар арасындағы көшу-қону үдерістері реттеліп отыратыны, 9-шы бапта жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует – ел аумағындағы бүкiл ұлттық байлық Республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болатыны бекітілді.
Декларацияның 11-ші бабы бойынша Қазақстан аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерi (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынды.
Қазақ елінің өз аумағындағы ядролық және басқа полигондардың, әскери-өнеркәсiптік кешен нысандарының қызметiнен Республика халқының денсаулығына, табиғи ортасы мен экономикасына келтiрiлген зиянды өтетіп алуға құқығы негізделді.
Декларацияның 12-ші бабында өздерiнiң ұлттық-мемлекеттiк және автономиялы құрылымдарынан тыс Қазақ елінде тұратын немесе Одақ аумағында ондай құрылымдары жоқ ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерiне қоғам өмiрiнiң барлық салаларында құқықтық теңдiк пен тең мүмкіндiктерге кепiлдiк берiлдi. Қазақ елі республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайтыны осы декларацияда тұңғыш рет мәлімделді.
Сонымен бірге декларацияда қазақ елінің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға құқығы бар деп көрсетілді.
“Республика шет мемлекеттермен экономикалық және сауда байланыстарын ерiктiлiк пен тең құқықтық принциптерiн сақтай отырып, өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құрады, сыртқы экономикалық қызмет мәселелерiн дербес шешедi”, – деп жазылды декларацияда.
Осынау тарихи құжатта Қазақ елінің елтаңбасы, туы және гимні мемлекеттік егемендіктің қасиетті рәміздері екені және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланатыны, декларация Қазақ елінің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың мәртебесін жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болатыны жария етілді.
Иә, осыдан отыз үш жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан тәуелсіз ел ретіндегі алғашқы қадамын жасап, жаңа кезеңге аяқ басты. Алдыңғы буын аға-апаларымыздың егемендік жолындағы ерен еңбектері ұмытылмай, жадымызда жатталып қалатынында күмән жоқ.
Мырзантай ЖАҚЫП,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың қауымдастырылған профессоры.