«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстаздық — ұлы мұрат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп данышпан Абай атамыз айтқандай, шәкірт жүрегіне нұр құйған жандардың орны қашан да бөлек. Саналы ғұмырын өнерге, шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған жандардың бірі – Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі- музыкалық-эстетикалық бағыттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-кешенінің директоры Роза Кәшенова. Ерекше дауысқа ие нәзік жан жүздеген жас таланттардың өнер айдынынан өз орындарын табуына жол сілтеді.

Облыс орталығында дүниеге кел­ген Роза Әбутәліпқызы кішкентайы­нан әнші болуды армандапты. “2-сыныпта оқып жүргенімде музыка мек­тебінің мұғаліміне оқуға қабылдауын өтіндім. Бақытыма орай Любовь Александрова деген жақсы ұстаз мені директорға апарып, талабымды байқап көрді”, – дейді кейіпкеріміз балдәурен шағын еске алып.

Роза Кәшенова 1976 жылы №41 орта мектепті бітірген соң Петропавл музыка училищесіне оқуға түседі. Білім ордасында оқи жүріп, көркем­өнерпаздар қойылымдарына қаты­сып, хорда солист болған. Жас та­лапкер өнер адамына сапалы білім алудың қажеттігін ерте сезеді. Содан арманның ақ кемесіне отырып Алма­тыға аттаныпты. Ондағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консервато­рияның вокал-хор факультетіне құ­жат­тарын тапсырған. Екінің бірі қабылдана бермейтін оқу ошағының қабырғасында жүріп түрлі деңгейдегі концерттердің, фес­тивальдердің белортасынан табы­ла­ды. “Бұрынғы Кеңес Одағының бү­кіл аумағында және Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған мәдени шара­лар­дан қалмауға ты­рысатынмын. Қа­зақтың ардақты ком­позиторы Мұқан Төлебаевтың 70 жыл­дығына арнал­ған мәдени шара көңілімнің түкпі­рін­де сақтаулы. Ре­сейде, Балтық жаға­лауында, Украи­нада өткен “Қазақ­станның жоғары өнері” фестиваліне қатысқанымды өмірімнің ең жарқын сәттері ретінде еске аламын”, – дейді ол.

Роза Әбутәліпқызы 1987 жылы консерваторияны бітіріп, “концерттік әнші, мұғалім” біліктілігін алып шы­ғады. Сол жылы Алматы қаласын­дағы Мемлекеттік қыздар педаго­гикалық институтына оқытушы бо­лып жұмысқа орналасқан. Оңтүстік астанамызда білім мен тәрбие жи­наған ол арада бірнеше жыл өткен соң туған жерге оралу туралы шешім қабылдапты. 1995 жылдан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінде оқытушы, аға оқытушы, музыкалық пәндер ка­федрасының меңгерушісі, доцент қызметтерін атқарған. 2005 жылы бүгінде өзі тізгінін ұстап отырған бі­лім ошағының директоры болып тағайындалады.

Қазығы 1957 жылы қаланған білім ордасы шәкірттерді “Хор ди­рижерлігі”, “Музыка теориясы”, “Хо­ре­ография”, “Фортепиано”, “Ішекті аспаптар”, “Актерлік шеберлік”, “Қа­зақ халық аспаптары”, “Кескіндеме”, “Эстрадалық музыка өнері” сынды мамандықтарға баулып, өнерпаз­дардың бірнеше буынын тәрбиеледі. Кейіпкеріміз білім ордасының алыс-жақындағы өнер ұйымдарымен бай­ла­нысын нығайтып, талантты жан­дар­дың халықаралық, республи­ка­лық деңгейлерде ұйымдастырыла­тын байқауларға қатысу белсен­ді­лігін үнемі назарында ұстаған. Кол­ледж студенттері осы уақытқа дейін Ресейде, Болгарияда, Италияда, Түркияда және Кипрде өткен ха­лықаралық олимпиадаларда сәтті өнер көрсетті.

“2007 жылы “Музыкалық-эсте­тикалық бейіндегі студенттердің шы­ғармашылық белсенділігін қалып­тастыру” тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алдым. “Музы­ка­лық-эстетикалық бейіндегі колледж студенттерінің кәсіби-шығармашылық қызметін қалыптастыру”, “Кол­ледж студенттерінің кәсіби-шығарма­шылық қызметі”, “Солтүстік Қа­зақ­станның қазақ халық әндері”, “Қазақ­станның рухани мәдениеті – әлемдік өркениет мұрасы” тақырыбындағы мақалаларымды әріптестерім өзде­рінің жұмысында пайдаланып жүр”, – дейді колледж директоры.

Қазақ, орыс және ағылшын тілде­рін еркін меңгерген, журналисти­ка­ны хоббиіне айналдырған, поэ­зия оқуға, эссе жазуға жаны құштар Роза Әбутәліпқызы 2010 жылдан бастап Ан­глиядағы Еуропалық рек­торлар клубы­ның, “Юниор Камер” халық­ара­­­лық қайырымдылық компа­ния­сы­ның мү­шесі. Кейіпкеріміздің ай­туын­ша, Қа­зақстанның болашағын тек өр­ке­ниетке ұмтылған жандар, қуат­­ты эко­­номика, тұрақтылық, бей­бітшілік жа­сайды. Мұның барлығы ұлттық сана, ерекше болмыс, қайсар рухтан тұра­тынын ескерсек, үшеуі де мәде­ниет саласымен тығыз байла­ныста екенін жадымыздан шығарма­уымыз ке­рек. Роза Кәшенованың ұзақ жыл­ғы еңбегі бағаланбай қал­ған жоқ. Ол 2001 жылы “Қазақстан Рес­публика­сы­ның тәуелсіздігіне 10 жыл” медалі­мен, облыс әкімінің Құр­мет грамота­ла­ры­мен, Қазақстан Рес­публикасы­ның Білім беру ісінің құр­метті қызмет­кері атағымен, “Мәде­ниет қайрат­ке­рі” құрмет белгісімен, “Ы.Алтынса­рин” төсбелгісімен мара­патталған.

– Еліміздің кез келген азаматы мемлекеттің өркендеуі жолында еш­кімнен ештеңе күтпей шынайы, адал болмысымен қызмет етсе, біз үшбақ­қа шығамыз. Менің өмірлік ұстаны­мым – осы. Адамды атаққа деген ұм­тылыс емес, білім өсіреді. Көптеген шет мемлекеттерде болдым. Өр­ке­ниетті елдерде қарапайым еден жуу­шыдан министр деңгейіне көтерілген жандардың барлығы дерлік “алды­мен халық үшін” деген қағиданы не­гізге алады. Қазақ жастарының бо­йында да осы осындай көркем қа­сиет берік орнықса деймін, – дейді Роза Кәшенова.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp