“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп данышпан Абай атамыз айтқандай, шәкірт жүрегіне нұр құйған жандардың орны қашан да бөлек. Саналы ғұмырын өнерге, шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған жандардың бірі – Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі- музыкалық-эстетикалық бағыттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-кешенінің директоры Роза Кәшенова. Ерекше дауысқа ие нәзік жан жүздеген жас таланттардың өнер айдынынан өз орындарын табуына жол сілтеді.
Облыс орталығында дүниеге келген Роза Әбутәліпқызы кішкентайынан әнші болуды армандапты. “2-сыныпта оқып жүргенімде музыка мектебінің мұғаліміне оқуға қабылдауын өтіндім. Бақытыма орай Любовь Александрова деген жақсы ұстаз мені директорға апарып, талабымды байқап көрді”, – дейді кейіпкеріміз балдәурен шағын еске алып.
Роза Кәшенова 1976 жылы №41 орта мектепті бітірген соң Петропавл музыка училищесіне оқуға түседі. Білім ордасында оқи жүріп, көркемөнерпаздар қойылымдарына қатысып, хорда солист болған. Жас талапкер өнер адамына сапалы білім алудың қажеттігін ерте сезеді. Содан арманның ақ кемесіне отырып Алматыға аттаныпты. Ондағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның вокал-хор факультетіне құжаттарын тапсырған. Екінің бірі қабылдана бермейтін оқу ошағының қабырғасында жүріп түрлі деңгейдегі концерттердің, фестивальдердің белортасынан табылады. “Бұрынғы Кеңес Одағының бүкіл аумағында және Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған мәдени шаралардан қалмауға тырысатынмын. Қазақтың ардақты композиторы Мұқан Төлебаевтың 70 жылдығына арналған мәдени шара көңілімнің түкпірінде сақтаулы. Ресейде, Балтық жағалауында, Украинада өткен “Қазақстанның жоғары өнері” фестиваліне қатысқанымды өмірімнің ең жарқын сәттері ретінде еске аламын”, – дейді ол.
Роза Әбутәліпқызы 1987 жылы консерваторияны бітіріп, “концерттік әнші, мұғалім” біліктілігін алып шығады. Сол жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқытушы болып жұмысқа орналасқан. Оңтүстік астанамызда білім мен тәрбие жинаған ол арада бірнеше жыл өткен соң туған жерге оралу туралы шешім қабылдапты. 1995 жылдан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқытушы, аға оқытушы, музыкалық пәндер кафедрасының меңгерушісі, доцент қызметтерін атқарған. 2005 жылы бүгінде өзі тізгінін ұстап отырған білім ошағының директоры болып тағайындалады.
Қазығы 1957 жылы қаланған білім ордасы шәкірттерді “Хор дирижерлігі”, “Музыка теориясы”, “Хореография”, “Фортепиано”, “Ішекті аспаптар”, “Актерлік шеберлік”, “Қазақ халық аспаптары”, “Кескіндеме”, “Эстрадалық музыка өнері” сынды мамандықтарға баулып, өнерпаздардың бірнеше буынын тәрбиеледі. Кейіпкеріміз білім ордасының алыс-жақындағы өнер ұйымдарымен байланысын нығайтып, талантты жандардың халықаралық, республикалық деңгейлерде ұйымдастырылатын байқауларға қатысу белсенділігін үнемі назарында ұстаған. Колледж студенттері осы уақытқа дейін Ресейде, Болгарияда, Италияда, Түркияда және Кипрде өткен халықаралық олимпиадаларда сәтті өнер көрсетті.
“2007 жылы “Музыкалық-эстетикалық бейіндегі студенттердің шығармашылық белсенділігін қалыптастыру” тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алдым. “Музыкалық-эстетикалық бейіндегі колледж студенттерінің кәсіби-шығармашылық қызметін қалыптастыру”, “Колледж студенттерінің кәсіби-шығармашылық қызметі”, “Солтүстік Қазақстанның қазақ халық әндері”, “Қазақстанның рухани мәдениеті – әлемдік өркениет мұрасы” тақырыбындағы мақалаларымды әріптестерім өздерінің жұмысында пайдаланып жүр”, – дейді колледж директоры.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, журналистиканы хоббиіне айналдырған, поэзия оқуға, эссе жазуға жаны құштар Роза Әбутәліпқызы 2010 жылдан бастап Англиядағы Еуропалық ректорлар клубының, “Юниор Камер” халықаралық қайырымдылық компаниясының мүшесі. Кейіпкеріміздің айтуынша, Қазақстанның болашағын тек өркениетке ұмтылған жандар, қуатты экономика, тұрақтылық, бейбітшілік жасайды. Мұның барлығы ұлттық сана, ерекше болмыс, қайсар рухтан тұратынын ескерсек, үшеуі де мәдениет саласымен тығыз байланыста екенін жадымыздан шығармауымыз керек. Роза Кәшенованың ұзақ жылғы еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Ол 2001 жылы “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл” медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері атағымен, “Мәдениет қайраткері” құрмет белгісімен, “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталған.
– Еліміздің кез келген азаматы мемлекеттің өркендеуі жолында ешкімнен ештеңе күтпей шынайы, адал болмысымен қызмет етсе, біз үшбаққа шығамыз. Менің өмірлік ұстанымым – осы. Адамды атаққа деген ұмтылыс емес, білім өсіреді. Көптеген шет мемлекеттерде болдым. Өркениетті елдерде қарапайым еден жуушыдан министр деңгейіне көтерілген жандардың барлығы дерлік “алдымен халық үшін” деген қағиданы негізге алады. Қазақ жастарының бойында да осы осындай көркем қасиет берік орнықса деймін, – дейді Роза Кәшенова.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.