Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданына барды. Өңір басшысы заманауи тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысып, бірқатар әлеуметтік нысанға табан тіреді.
Бәйтерек ауылына кіре берістегі жол биыл тамыз айында салынып, пайдалануға берілген. Бұл мақсатқа бюджеттен 45 млн. теңге қаржы бөлініпті. Жаңа кейіпке енген жолдың ұзындығы – 800 метр. Жалпы биыл аудандық маңызы бар жолдардың 32 километрі (1,6 млрд. теңге жұмсалады) қалыпқа келтіріледі.
Өңір басшысы “Altyn Urpaq” Булаев балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына барды. Мұнда 8 ұстаз 152 балаға тәрбие беруде. Өлкетану, бизнес және кәсіпкерлік, туризм, робототехника, музыкалық бағыттар бойынша үйірмелер жұмыс істейді.
Өңір басшысы ат басын бұрған келесі нысан – “Агро МТС Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасы. Нысан былтыр пайдалануға берілген. Жобаның құны – 3,2 млрд. теңге. Кешенде 1100 ірі қара бар. Кәсіпорын мемлекеттен 172,2 млн. теңге субсидия алған.
Ғауез Нұрмұхамбетов Жастар ауылының су тарату желілерін қайта салу жұмысының барысымен танысты. Нысан елді мекенді таза сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Резервуарға 100 текше метр су сыяды. Жоба құны 360 млн. теңге, жұмыс аяқталуға жақын.
Облыс әкімі Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев мұражайына да соқты. Өңір басшысы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жәдігерлерді көрді. Мұнда биыл 130 жылдық мерейтойы аталып өткен ақынның кітаптары, құжаттары мен жеке заттары сақталған. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов “СК АГРО-2050” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, диқандармен кездесті. Өңір басшысы облыста егін орағының аяқталғанын айтып, нәтижесімен бөлісті, мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, фермерлердің мәселелерін тыңдады.
Ауылдағы әлеуметтік нысан – Мәдениет үйі де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Биыл оның ғимараты 227,6 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. 328 орынға шақталған нысанда спорт, тренажер залдары бар, кітапхана жұмыс істейді. Ғауез Торсанұлы жөнделген ғимаратта тұрғындармен кездесу өткізді. Жастар жаңа залда баскетбол жаттығуларын өткізгісі келетіндерін, алайда ойынға қажет жабдықтар жетіспейтінін айтты. Тұрғындар жаңа Мәдениет үйіне музыкалық білімі бар маманды директор етіп тағайындауды сұрады. Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдарға осы және басқа да мәселелерді бақылауға алып, шешуді тапсырды.
Тамерлан ТІЛЕУБАЕВ.