«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ЖІГІТТІҢ БЕЛГІСІ — БІЛЕК КҮШІ, БЕЛ КҮШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гір көтерудің тарихы тереңде жатқанымен, спорт ретінде тек 1985 жылы ғана мойындалып, ресми бекітілді. Ауыр атлетиканың бір түріне жататын гір тасын көтеруді Шығыс Еуропа халықтары ойлап тапқан. Қазақ жерінде бұл спорт түрі ХХ ғасырда пайда болды. Оны танымал етуге сүбелі үлес қосқан әйгілі балуандарымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Балуан Шолақ десек қателеспейміз.

Алып күшті қажет ететін бұл спорт түрі облысымызда өткен ға­сырдың 70 жылдары жанданғанымен, оның кең етек жайып, жергілікті тұрғындар арасында танымал­ды­лығының артуы еліміз Тәуелсіздік алған жылдармен тұспа-тұс келді.

– 1990 жылдардың басында түр­лі мерекелерде гір көтеруден жа­рыстар өткізіле бастады. Ол кезде спортшыларының жасы, салмағы ескерілмейтін. Барлығы 24 келілік гір тасын көтеретін. Бекітілген бір ереже де болмайтын. Мен де жас­тардан қалыс қалмай, түрлі сайыстарға қатыстым. Кейін әуестігім бұл спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік берді, – деген Халит Сү­лейменов Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде қазір де гір көтеруден жарыстар жиі ұйым­дастырылатынын айтты.

Тарих парақтарын сараласақ, об­лыста гір көтеруден алғашқы үйірме 1992 жылы ашылыпты. Бұл спорт түрінен өңірдің аға жаттықтыру­шы­сы болып Николай Лаврентьев та­ғайындалған.

– Сол уақытта спорт саласына рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Петропавлда гір көтеруден үйірме ашылды. Ол бұрынғы “Ло­комотив” стадионының базасында жұмыс істеді. Әрине бастапқыда айналысушылар қатары аз болды. Десе де Николай Лаврентьев ауылдарды аралап, жастарды жинады. Қала біріншілігі ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Оған облыстың түкпір-түкіпірінен балалар мен жасөс­пірімдер қатысты, – дейді гір кө­теру спортынан облыстың қазіргі аға бапкері Андрей Глывяк.

Аға бапкердің сөзінше, жерле­сіміз Николай Лаврентьевтің баста­масымен өткізілген жарыстар қазір дәстүрлі турнирлерге айналған. Кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің спорт және дене шынықтыру факультеті жаны­нан гір көтеру үйірмесі ашылды. Оған Петр Борков есімді азамат жауапты болған.

– Алғашқы республикалық жарыс­тарда өңір намысын тек қала спортшылары қорғады. Петропавлдағы жоғары оқу орнында ауыл жастары да оқығанын ескерсек, облыс құрамасына олар да алынды. 2000 жылдардың басында мықты команда жасақталды. Бұл кезде гір көтерушілердің дені елді мекендерден оқу қуып келген студенттерден құр­алды, – дейді Андрей Глывяк.

Жоғары оқу орнында ашылған үйірме гір көтеру спортының да­муына жаңа леп берді. Жерлестеріміз республикалық жарыстарда топ жа­рып, жеңімпаздар ұлттық құрама са­пына алынды. Команданың дені уни­верситеттің студенттері болған­дықтан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшы­лы­ғының шешімімен бұл спорт түрінен аға бапкер болып университтен Петр Борков тағайындалды.

– Петр Борков 2000-2009 жыл­дар аралығында облыстың аға бап­кері қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен талай жас республикалық жарыстарда танылды. Шәкіреттері ұлттық құрама сапында жақсы нәти­желерге қол жеткізді. Алғашқы халықаралық додаларда топ жарғандар да – бұл жаттықтырушының тәр­биеленушілері. Олардың қатарында мен де бармын, – деген Андрей Глывяк бапкерлік эстафетаны 2009 жылы ұстазынан қабылдағанын ай­тады.

Бүгіндері елімізде гір көтеру спорты кең етек жайған. Әлем, Азия чемпионаттарына, ел біріншілігіне жерлестеріміз үздіксіз қатысады.

– Ел біріншілігінде жүлдегер атану қиын. Мұны жерлестеріміз жақ­сы біледі. Бір кездері республикалық жарыстарда Батыс Қазақстанның спортшылары фаворит саналды. Кейін олардың орнын алматылық, ақ­молалық гір көтерушілер басты. Бү­гіндері біздің басты қарсыласта­рымыз – Қостанай командасының өкілдері, – дейді аға бапкер.

Гір көтеруден жарыстар жас санаты мен салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылады. Бір қызығы, өңірімізде жастардан гөрі ардагер спортшылардың нәтижелері көз сүйсіндіреді. Әлем және Азия чемпионы Ерік Әлібаев, өткен жылғы сары құрлықтың үздігі Халит Сүлейменовті ерекше айтуға болады.

– Халықаралық жарыстарда жастарымыз бірде орын алса, енді бірде жүлдесіз қайтатын кездері болады. Ал ардагерлер кем дегенде күміс жүлдеге қол жеткізеді. 60-тан асқандардың спортқа деген махаббаты ерекше. Оларға қарап, жасөспірімдеріміз де бой түзейтініне сенімдімін, – дейді Андрей Глывяк.

Спорт ардагері, Азия бірінші­лігінің чемпионы Халит Сүлейменовтің айтуынша, спорт жасқа қарамайды, бастысы – айналысып жатқан сүйікті ісіңді сүю. Ардагер спортшы­лардың әлемдік аренадағы жетістіктері бұл сөзімізге дәлел.

Қазіргі уақытта облыстың аты­нан халықаралық жарыстарға қатысып жүрген спортшылардың саны отыздан асады. Барлығы да ұлттық құраманың белді мүшелері. Біреуі еңбек сіңірген спорт шебері, 20-сы спорт шебері, қалғаны спорт шеберлігіне үміткерлер. Соңғы рет жерлес­теріміз қыркүйек айында Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысқанын атап өткен жөн. Бұл жарыста солтүстікқазақ­стандықтар 20-дан астам жүлделі орынға ие болып, жалпыкоманда­лық есепте ұлттық құрамамыз екінші сатыға жайғасты.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp