«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арыз қазақша жазылса, іс те сол тілде қаралады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт То­қаев халыққа арналған Жолдауында: “Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағы­тының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қа­зақ тілі шын мәнінде білім мен ғы­лым­ның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекет­тік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың белгісі деуге болады”,– деп атап көрсеткен бо­латын.

Мемлекеттік тіл еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастар­дың барлық саласында мемлекеттік басқару, заң шығару және іс қағаздарын жүргізу құқығына ие. Қазақстан халқын топтастырудың аса ма­ңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір азаматтың парызы, борышы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемле­кет­тік тілді барынша дамытуға, оның ха­лықаралық беделін нығайтуға, рес­публика тұрғындарының мемлекет­тік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдай­ларды жасауға міндетті.

Жоғарғы Соттың нормативтік қау­лысында біркелкі сот практикасын және сот ісін жүргізу тілі туралы заң­на­маны дұрыс қолдану бағдары қа­растырылған. Сот ісін жүргізу қағида­тын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостан­дықтарын қамтамасыз етудің құқық­тық кепілі болып табылады. Азамат­тық процестің қағидаты ретінде сот ісін жүргізу тілі соттың қызметін, аза­маттық іс жүргізу міндеттерін орын­дауда, оның негізгі қағидаттарын, тараптардың сот қорғауына деген құқықтарын, сондай-ақ азаматтық процестің басқа қатысушыларының процестік құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруда мәні ерекше. Аза­маттық істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдай­лар­да басқа тілдер де қолданылады. Азаматтық процестік кодексінің (АПК) 14 бабының талаптарына орай сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сот­тар өз еркімен сот ісін жүргізуді өз­герте алмайды, егер арыз қай тілде берілген болса, істі сол тілде жүргі­зіп, қарайды. Сот ісін жүргізу тілін таңдаудың маңызы зор, себебі сот ісін жүргізу тілі қағидатын іске асыру арқылы барлық азаматтардың ұл­тына қарамастан сот алдындағы теңдігі қамтамасыз етіледі. Қазақ­стан Республикасының және шетел­дің азаматтары өз құқықтары мен мүдделерін өз ана тілінде немесе ер­кін меңгерген тілінде қорғауға толық құқылы. Сот ісін жүргізу тілін өз еркі­мен таңдау принципін сақтау істің нақ­ты мән-жайларын дұрыс анық­тау­ға, заңды және негізді шешім шы­ғаруға септігін тигізеді. Сөз арасын­да азаматтық істерді қарау кезінде сот ісін жүргізу тілін анықтау ұзақ уақытқа созылатын рәсім екенін атап өткен жөн. Сондықтан мәселелер туындамауы үшін азаматтық істерді дайындау және сот ісін жүргізу ке­зінде аудармашының қатысуын ал­дын ала шешіп алған абзал. Әсіресе азаматтық істің қаралуын кейінге шегеруді болдырмауда тілді таңдау басты рөл атқарады. Кей кезде сотта істі қарау барысында да аудармашы­ға қатысты қиындықтар кездесіп жатады. Осы себепті тараптар сот ісін жүргізу тілін таңдауға мейлінше мұқият қарап, құқықтарын пайдала­на білсе, екі жаққа да тиімді болмақ. Және де бір атап өтетіні, істі сот қарауына дайындау барысында екі жақ та жазбаша өтінішхат негізінде сот ісін жүргізу тілін ұйғарыммен өз­гертуге құқылы.

Іс жүргізіліп отырған тілді білмей­тін немесе жеткілікті түрде меңгер­ме­ген адамдарға сотта ана тілінде не­месе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме, шағым жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар ұсыну, сот актілеріне дау айту, іс ма­териалдарымен танысу, сөз сөйлеу, кодексте белгіленген тәртіппен аудармашы қызметтерін пайдалану құқығы түсіндіріледі. Егер бірінші сатыдағы сотта істі қарауға дайын­дау барысында талап қоюшының өкілі талап қою арызын жазып берген тілді талап қоюшының өзі білмейтін болып шықса, онда сот талап қою­шының жазбаша өтінішхаты бойын­ша сот ісін жүргізу тілін өзгерту тура­лы ұйғарым шығарылады. Осы мә­се­леде талапкер мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, жетік біледі, бірақ орыс тілін білмейтіндер де кездесіп қалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушыларға өз ана тілінде не­месе таңдаған кез келген тілде жа­уап беру құқығы қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге оларға азаматтық құқықтарын іске асыру, құжаттардың мазмұнын, басқа процеске қатысу­шылардың сөздерін түсіну мүмкіндігі жасалынады. Ол үшін сотқа аудар­машы қатыстырылады.

Өзекті жайттың бірі – азаматтық істер бойынша қатысатын аударма­шы­лардың тапшылығы. Оның басты себебі аудармашыларға төленетін ақының төмендігіне келіп тіреледі. Екіншіден, уақыт өткен сайын ілеспе аудармашыға қойылатын жауапкер­ші­лік те артып келеді. Олардан бірін­ші кезекте сөйлеу мәдениетінің жоға­ры болуы, сөзді түсінікті әрі көркем етіп аудару, дауыс ырғағының құ­лаққа жағымдылығы талап етіледі. Әр саланың білгір мамандары сияқ­ты аудармашы да тәжірибелі, кәсіби жағынан шебер болуы, мүмкінді­гін­ше заң саласына маманданып, заң терминологиясын жетік білуі тиіс. Өйткені аудармадан қателесетін болса, тараптар ұғымына қиын соға­ры сөзсіз. Тіпті сот актісінің жарам­сыздығына әкеліп соқтыруы ықти­мал. Азаматтық процестің принципі ретінде сот ісін жүргізу тілі дұрыс қол­да­нылмаса немесе аталмыш талап бұзылса, сот шешімдерінің күші жойылады.

Өкінішке қарай елімізде аудар­ма­шылар даярлайтын оқу орындары жоқтың қасы. Осы себепті көп жағ­дай­да қазақ тілін жетік білетін фи­лологтар қатыстырылады, өзге тіл ма­мандарын жалдауға мәжбүр. Ал­дағы уақытта мемлекеттік тілдің қол­дану аясын кеңейтуге зор ықпал ете­тін ілеспе аудармашыларды әзірлеу курстары ұйымдастырылады деген үміттеміз.

Төр­аға­лық етуші аудармашыға міндеттерін түсіндіріп, көрнеу жалған аударма жасағаны үшін Қыл­мыстық кодексте көзделген жауап­кер­шілік туралы ескертеді. Сот аза­маттық сот ісін жүргізуде сот ісін жүр­гізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға басқа тілде жазыл­ған іс материалдарының аударма­сын тегін қамтамасыз етеді. Іске қа­ты­сатын адамдарға сотта сөйлей­тін­дердің басқа тілде сөйлейтін бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аударуға көмек беріледі. Іске қатысатын адамдарға сот құжаттары өзінің ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге ау­дарылып, табыс етіледі.

Әр адамға өз ана тілін қолдану құ­қығын қамтамасыз ете отырып, сот төрелігі мемлекет пен қолданыстағы заңнаманың демократиясын айқын­дайды. Осылайша соттың ашықты­ғы, азаматтардың өз құқықтарын мейі­лінше қолжетімді түрде қорғау мүмкіндігі сияқты маңызды мәселе­лер шешіледі. Сот ісін жүргізу тілі қа­ғи­датын қатаң сақтау сот ісін жүргізу­ге қатысатын азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қамтама­сыз етудің құқықтық кепілі, республи­камызда қолданылатын барлық тілдерге деген құрметтің үлгісі болып табылады. Облыс соттарында сот төрелігін жүзеге асыратын судьялар­дың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алады. Азаматтар – мемлекеттік органдар­да­ғы сотқа қазақ тілінде жүгінсе, сот істе­рін қазақ тілінде қарауға білімі мен біліктілігі жеткілікті судьялар аз емес.

Меніңше, мемлекеттік тілдің да­муына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ықпалы зор болуы керек. Өйткені мем­лекеттік саясатты іс жүзінде асыра­тын негізгі буын – осылар. Қарапа­йым халық, әсіресе жастар биліктегілерге қарап бой түзейді, үлгі-өнеге алып өседі. Олардың кәсіби білікті­лігін, биліктегі орнын ісіне қарап ба­ғалайды, өз болаша­ғына қатысты ба­ғыт-бағдарларын, жос­парларын тү­зе­йді.

Арай ӘБІЛМӘЖІНОВА,

Петропавл қалалық №2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp