Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауында: “Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың белгісі деуге болады”,– деп атап көрсеткен болатын.
Мемлекеттік тіл еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында мемлекеттік басқару, заң шығару және іс қағаздарын жүргізу құқығына ие. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір азаматтың парызы, борышы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, республика тұрғындарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.
Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында біркелкі сот практикасын және сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы дұрыс қолдану бағдары қарастырылған. Сот ісін жүргізу қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады. Азаматтық процестің қағидаты ретінде сот ісін жүргізу тілі соттың қызметін, азаматтық іс жүргізу міндеттерін орындауда, оның негізгі қағидаттарын, тараптардың сот қорғауына деген құқықтарын, сондай-ақ азаматтық процестің басқа қатысушыларының процестік құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруда мәні ерекше. Азаматтық істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Азаматтық процестік кодексінің (АПК) 14 бабының талаптарына орай сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Соттар өз еркімен сот ісін жүргізуді өзгерте алмайды, егер арыз қай тілде берілген болса, істі сол тілде жүргізіп, қарайды. Сот ісін жүргізу тілін таңдаудың маңызы зор, себебі сот ісін жүргізу тілі қағидатын іске асыру арқылы барлық азаматтардың ұлтына қарамастан сот алдындағы теңдігі қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының және шетелдің азаматтары өз құқықтары мен мүдделерін өз ана тілінде немесе еркін меңгерген тілінде қорғауға толық құқылы. Сот ісін жүргізу тілін өз еркімен таңдау принципін сақтау істің нақты мән-жайларын дұрыс анықтауға, заңды және негізді шешім шығаруға септігін тигізеді. Сөз арасында азаматтық істерді қарау кезінде сот ісін жүргізу тілін анықтау ұзақ уақытқа созылатын рәсім екенін атап өткен жөн. Сондықтан мәселелер туындамауы үшін азаматтық істерді дайындау және сот ісін жүргізу кезінде аудармашының қатысуын алдын ала шешіп алған абзал. Әсіресе азаматтық істің қаралуын кейінге шегеруді болдырмауда тілді таңдау басты рөл атқарады. Кей кезде сотта істі қарау барысында да аудармашыға қатысты қиындықтар кездесіп жатады. Осы себепті тараптар сот ісін жүргізу тілін таңдауға мейлінше мұқият қарап, құқықтарын пайдалана білсе, екі жаққа да тиімді болмақ. Және де бір атап өтетіні, істі сот қарауына дайындау барысында екі жақ та жазбаша өтінішхат негізінде сот ісін жүргізу тілін ұйғарыммен өзгертуге құқылы.
Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде меңгермеген адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме, шағым жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар ұсыну, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сөйлеу, кодексте белгіленген тәртіппен аудармашы қызметтерін пайдалану құқығы түсіндіріледі. Егер бірінші сатыдағы сотта істі қарауға дайындау барысында талап қоюшының өкілі талап қою арызын жазып берген тілді талап қоюшының өзі білмейтін болып шықса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарылады. Осы мәселеде талапкер мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, жетік біледі, бірақ орыс тілін білмейтіндер де кездесіп қалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушыларға өз ана тілінде немесе таңдаған кез келген тілде жауап беру құқығы қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге оларға азаматтық құқықтарын іске асыру, құжаттардың мазмұнын, басқа процеске қатысушылардың сөздерін түсіну мүмкіндігі жасалынады. Ол үшін сотқа аудармашы қатыстырылады.
Өзекті жайттың бірі – азаматтық істер бойынша қатысатын аудармашылардың тапшылығы. Оның басты себебі аудармашыларға төленетін ақының төмендігіне келіп тіреледі. Екіншіден, уақыт өткен сайын ілеспе аудармашыға қойылатын жауапкершілік те артып келеді. Олардан бірінші кезекте сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы, сөзді түсінікті әрі көркем етіп аудару, дауыс ырғағының құлаққа жағымдылығы талап етіледі. Әр саланың білгір мамандары сияқты аудармашы да тәжірибелі, кәсіби жағынан шебер болуы, мүмкіндігінше заң саласына маманданып, заң терминологиясын жетік білуі тиіс. Өйткені аудармадан қателесетін болса, тараптар ұғымына қиын соғары сөзсіз. Тіпті сот актісінің жарамсыздығына әкеліп соқтыруы ықтимал. Азаматтық процестің принципі ретінде сот ісін жүргізу тілі дұрыс қолданылмаса немесе аталмыш талап бұзылса, сот шешімдерінің күші жойылады.
Өкінішке қарай елімізде аудармашылар даярлайтын оқу орындары жоқтың қасы. Осы себепті көп жағдайда қазақ тілін жетік білетін филологтар қатыстырылады, өзге тіл мамандарын жалдауға мәжбүр. Алдағы уақытта мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге зор ықпал ететін ілеспе аудармашыларды әзірлеу курстары ұйымдастырылады деген үміттеміз.
Төрағалық етуші аудармашыға міндеттерін түсіндіріп, көрнеу жалған аударма жасағаны үшін Қылмыстық кодексте көзделген жауапкершілік туралы ескертеді. Сот азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға басқа тілде жазылған іс материалдарының аудармасын тегін қамтамасыз етеді. Іске қатысатын адамдарға сотта сөйлейтіндердің басқа тілде сөйлейтін бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аударуға көмек беріледі. Іске қатысатын адамдарға сот құжаттары өзінің ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге аударылып, табыс етіледі.
Әр адамға өз ана тілін қолдану құқығын қамтамасыз ете отырып, сот төрелігі мемлекет пен қолданыстағы заңнаманың демократиясын айқындайды. Осылайша соттың ашықтығы, азаматтардың өз құқықтарын мейілінше қолжетімді түрде қорғау мүмкіндігі сияқты маңызды мәселелер шешіледі. Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қатаң сақтау сот ісін жүргізуге қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі, республикамызда қолданылатын барлық тілдерге деген құрметтің үлгісі болып табылады. Облыс соттарында сот төрелігін жүзеге асыратын судьялардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алады. Азаматтар – мемлекеттік органдардағы сотқа қазақ тілінде жүгінсе, сот істерін қазақ тілінде қарауға білімі мен біліктілігі жеткілікті судьялар аз емес.
Меніңше, мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ықпалы зор болуы керек. Өйткені мемлекеттік саясатты іс жүзінде асыратын негізгі буын – осылар. Қарапайым халық, әсіресе жастар биліктегілерге қарап бой түзейді, үлгі-өнеге алып өседі. Олардың кәсіби біліктілігін, биліктегі орнын ісіне қарап бағалайды, өз болашағына қатысты бағыт-бағдарларын, жоспарларын түзейді.
Арай ӘБІЛМӘЖІНОВА,
Петропавл қалалық №2 сотының судьясы.