Жер бетін мекендеген қай ұлтқа болсын егемендіктен қымбат ештеңе жоқ. Бүгінде осы егемендікке қол жеткізіп, жеке отау тігіп, бөлек тұрмыс кешіп жатқан қаншама ел бар. Олардың әрқайсысының бостандыққа жету жолындағы өз шерлі тарихы бар. Осы күні еркіндік үшін арпалысқа түсіп, қиын-қыстау уақытты бастан өткеріп жатқан, тарих дөңгелегінің астында қалып, аты мәңгі өшкен ұлттар қаншама. Азаттықты бәрінен биік қойған батыр бабаларымыз қасиетті жерімізге жаудың табанын тигізбей, сайын дала төсінде еркін өмір сүрді. Одан кейінгі алағай да бұлағай замандарда да еліміздің еңсесі түспей, еркіндік жолындағы күрес бір сәтке тоқтаған емес. Ақыры 1990 жылдың 25 қазанында ел тарихындағы маңызды құжат қабылданып, Қазақстан жаңа бағытты бетке алды. Қанша ұрпақ жете алмай армандап өткен егемендіктің арайлы таңының шуағына бөленіп, ауасымен тыныстау бүгінгі буынның маңдайына жазылыпты. Өткен жылдан бастап аталған мерекенің ұлттық сипат алуы да тарихи күннің салмағын арттыра түсті. Өңірімізде биыл да Республика күніне орай салтанатты шара өтіп, мерекелік құттықтау, әр салада еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттауға ұласты.
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жиналған қауымды айтулы күнмен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
– 25 қазан – еліміздің дамуына айтарлықтай әсер еткен ерекше, тарихи маңызы бар күн. Бұл – еліміздің тәуелсіздікке жасаған алғашқы нық қадамы. Көкте көк ту желбіреп, береке-бірліктің арқасында қазақ елі дами түсті.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда жаңа экономикалық және саяси қатынастар жүйесі қалыптасты. Шекарасын шегендеп, әлем картасынан орын алып, егемендігін жаһанға жариялаған Қазақ елі осы күнді армандады. Еліміздің даму жолында бірлікті ту етіп, адал еңбекті жоғары қоятын солтүстік жұртшылығы ұлық мерекенің ұлағатын болашақ ұрпаққа жеткізеді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Құттықтаудан кейін әр салада өңір дамуына үлес қосып жүрген жандарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Мағжан Жұмабаев ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықов “Парасат” орденімен, “Асхат-Агро” серіктестігінің директоры Нағашыбай Барлыбаев, “Мада Трейд” шаруа қожалығының басшысы Самат Тасмағамбетов сынды кәсіп иелері “Құрмет” орденімен марапатталды. Сонымен қатар “СевҚазЭнерго” жылу-электр орталығының слесарі Манарбек Назаров ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденіне, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Руслан Рамазанов “Ерлігі үшін” медаліне ие болды. Ал Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов, Ақан сері атындағы облыстық филармония солисі Асхат Таушев, Шал ақын ауданы, Кеңес орта мектебінің мұғалімі Назира Сыздықоваға “Ерен еңбегі үшін” медалі бұйырды. Бұдан бөлек, еңбегімен көзге түскен азаматтарға “Шапағат” медалі мен Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары табысталды. Марапаттаудан кейін мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.
– Менің өнер саласында жүргеніме 20 жылға жуықтады. Өңіріміздегі өнер колледжінде, кейін өнер университетінде білім алдым. Елордада 10 жылдай жұмыс істедім. Кейінгі жылдары туған жерім Қызылжарға келіп, еңбек етіп жүрмін. Өзімнің соңымнан ерген шәкірттерім де бар. Олардың алды қазір өнер жолына мықтап ден қойып, жоғары оқу орындарында білім алып жатыр, – деді “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Асхат Таушев.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.