Гір көтерудің тарихы тереңде жатқанымен, спорт ретінде тек 1985 жылы ғана мойындалып, ресми бекітілді. Ауыр атлетиканың бір түріне жататын гір тасын көтеруді Шығыс Еуропа халықтары ойлап тапқан. Қазақ жерінде бұл спорт түрі ХХ ғасырда пайда болды. Оны танымал етуге сүбелі үлес қосқан әйгілі балуандарымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Балуан Шолақ десек қателеспейміз.
Алып күшті қажет ететін бұл спорт түрі облысымызда өткен ғасырдың 70 жылдары жанданғанымен, оның кең етек жайып, жергілікті тұрғындар арасында танымалдылығының артуы еліміз Тәуелсіздік алған жылдармен тұспа-тұс келді.
– 1990 жылдардың басында түрлі мерекелерде гір көтеруден жарыстар өткізіле бастады. Ол кезде спортшыларының жасы, салмағы ескерілмейтін. Барлығы 24 келілік гір тасын көтеретін. Бекітілген бір ереже де болмайтын. Мен де жастардан қалыс қалмай, түрлі сайыстарға қатыстым. Кейін әуестігім бұл спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік берді, – деген Халит Сүлейменов Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде қазір де гір көтеруден жарыстар жиі ұйымдастырылатынын айтты.
Тарих парақтарын сараласақ, облыста гір көтеруден алғашқы үйірме 1992 жылы ашылыпты. Бұл спорт түрінен өңірдің аға жаттықтырушысы болып Николай Лаврентьев тағайындалған.
– Сол уақытта спорт саласына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Петропавлда гір көтеруден үйірме ашылды. Ол бұрынғы “Локомотив” стадионының базасында жұмыс істеді. Әрине бастапқыда айналысушылар қатары аз болды. Десе де Николай Лаврентьев ауылдарды аралап, жастарды жинады. Қала біріншілігі ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Оған облыстың түкпір-түкіпірінен балалар мен жасөспірімдер қатысты, – дейді гір көтеру спортынан облыстың қазіргі аға бапкері Андрей Глывяк.
Аға бапкердің сөзінше, жерлесіміз Николай Лаврентьевтің бастамасымен өткізілген жарыстар қазір дәстүрлі турнирлерге айналған. Кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің спорт және дене шынықтыру факультеті жанынан гір көтеру үйірмесі ашылды. Оған Петр Борков есімді азамат жауапты болған.
– Алғашқы республикалық жарыстарда өңір намысын тек қала спортшылары қорғады. Петропавлдағы жоғары оқу орнында ауыл жастары да оқығанын ескерсек, облыс құрамасына олар да алынды. 2000 жылдардың басында мықты команда жасақталды. Бұл кезде гір көтерушілердің дені елді мекендерден оқу қуып келген студенттерден құралды, – дейді Андрей Глывяк.
Жоғары оқу орнында ашылған үйірме гір көтеру спортының дамуына жаңа леп берді. Жерлестеріміз республикалық жарыстарда топ жарып, жеңімпаздар ұлттық құрама сапына алынды. Команданың дені университеттің студенттері болғандықтан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының шешімімен бұл спорт түрінен аға бапкер болып университтен Петр Борков тағайындалды.
– Петр Борков 2000-2009 жылдар аралығында облыстың аға бапкері қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен талай жас республикалық жарыстарда танылды. Шәкіреттері ұлттық құрама сапында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Алғашқы халықаралық додаларда топ жарғандар да – бұл жаттықтырушының тәрбиеленушілері. Олардың қатарында мен де бармын, – деген Андрей Глывяк бапкерлік эстафетаны 2009 жылы ұстазынан қабылдағанын айтады.
Бүгіндері елімізде гір көтеру спорты кең етек жайған. Әлем, Азия чемпионаттарына, ел біріншілігіне жерлестеріміз үздіксіз қатысады.
– Ел біріншілігінде жүлдегер атану қиын. Мұны жерлестеріміз жақсы біледі. Бір кездері республикалық жарыстарда Батыс Қазақстанның спортшылары фаворит саналды. Кейін олардың орнын алматылық, ақмолалық гір көтерушілер басты. Бүгіндері біздің басты қарсыластарымыз – Қостанай командасының өкілдері, – дейді аға бапкер.
Гір көтеруден жарыстар жас санаты мен салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылады. Бір қызығы, өңірімізде жастардан гөрі ардагер спортшылардың нәтижелері көз сүйсіндіреді. Әлем және Азия чемпионы Ерік Әлібаев, өткен жылғы сары құрлықтың үздігі Халит Сүлейменовті ерекше айтуға болады.
– Халықаралық жарыстарда жастарымыз бірде орын алса, енді бірде жүлдесіз қайтатын кездері болады. Ал ардагерлер кем дегенде күміс жүлдеге қол жеткізеді. 60-тан асқандардың спортқа деген махаббаты ерекше. Оларға қарап, жасөспірімдеріміз де бой түзейтініне сенімдімін, – дейді Андрей Глывяк.
Спорт ардагері, Азия біріншілігінің чемпионы Халит Сүлейменовтің айтуынша, спорт жасқа қарамайды, бастысы – айналысып жатқан сүйікті ісіңді сүю. Ардагер спортшылардың әлемдік аренадағы жетістіктері бұл сөзімізге дәлел.
Қазіргі уақытта облыстың атынан халықаралық жарыстарға қатысып жүрген спортшылардың саны отыздан асады. Барлығы да ұлттық құраманың белді мүшелері. Біреуі еңбек сіңірген спорт шебері, 20-сы спорт шебері, қалғаны спорт шеберлігіне үміткерлер. Соңғы рет жерлестеріміз қыркүйек айында Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысқанын атап өткен жөн. Бұл жарыста солтүстікқазақстандықтар 20-дан астам жүлделі орынға ие болып, жалпыкомандалық есепте ұлттық құрамамыз екінші сатыға жайғасты.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.