Жыл сайын елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтіледі. Мейірім мен адамгершілікті бойына сіңірген мамандық иелері қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанынан табылып, тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етуді міндеттеріне айналдырған. Қазіргі уақытта өңірімізде бұл салада 2,5 мың адам еңбек етіп жүр. Олар 3,6 мың жанды – жалғызілікті қарттарды, мүгедектігі бар жандарды, мүмкіндігі шектеулі балаларды, психоневрологиялық аурулары бар адамдарды қамқорлыққа алған. Солардың бірі – Гүлнұр Рамазанова. Ол бірнеше жылдан бері Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылында жұмыс істейді.
“Әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келе жатқаныма – 14 жыл. Негізгі мамандығым – медбике. Петропавлдағы медициналық колледжді 1986 жылы бітіргенмін. 2005 жылы Жамбыл ауданынан Қызылжар ауданының Подгорное елді мекеніне көшіп келдік. Өз мамандығым бойынша жұмыс табылмады, кейін әлеуметтік қызметкер болу туралы ұсыныс түсті. Менің пікірімше, бұл – өте қажет мамандықтардың бірі. Біздің халқымыз ежелден қарттарын сыйлаған, көмекке мұқтаж жандардың қолтығынан демеген. Жасы ұлғайып, демеусіз қалған ата-әжелердің керегіне жарап жатқаныма, солардың бата-тілегін алып жүргеніме қуанамын”, – дейді кейіпкеріміз.
Әлеуметтік қызметкердің қамқорлығындағы Лидия Васильевна Гүлнұр Асқарқызын “қызым” дейді. 12 жылдың ішінде бауыр басып, жақынындай болып кеткенін оған кездескен сайын айтып отырады екен. Сексенге жақындаған әжейдің екі ұлы және қызы бар, олар Ресейде тұрады. Жалғызбасты жанның досы да, сырласы да, қолқанаты да – Гүлнұр.
“Бұрын менің көмегіме алты адам мұқтаж еді, олардың екеуін келін-балалары алып кетті. Қазір үшеуімен жұмыс істеймін, олардың ұл-қыздары басқа мемлекетте тұрады. Лидия Васильевна – 77, Надежда Георгиевна 75, Галина Иосифовна – 87 жаста. Мен оларға аптасына екі рет барып тұрамын. Дүкенге соғып азық-түліктерін әкеліп беремін, дәрі-дәрмектері бітіп қалса жеткіземін. Қыста отын-суын кіргіземін. Аптасына бір рет үйлерін жинап беремін. Ал жазда үйлерін әктеп, еден-есіктерін сырлайтын жұмысшылар тауып беремін. Біз олардың тұрмысына барынша жайлы жағдай жасауымыз керек”, – дейді Гүлнұр Асқарқызы.
Әлеуметтік қызметкер өзіне бекітілген адамдарға аптасына екі күн баруға міндетті. Десе де бұл қатып қалған қағида емес. Гүлнұр Рамазанова кейде демалыс күндеріне қарамай жұмыс істейтінін айтты. Аға буын өкілдері көп жағдайда дүкенге барып келуді өтінеді екен. “Бір әжейдің 87-дегі жұбайы түнде қайтыс болып, не істерін білмей маған хабарласты. Мұндайда менің жұмыс уақытым бітті деп айтпайсың, барып көмектесесің. Бұрын ең қиыны су тасып беру болатын. Әсіресе қыста, аяз бен боранда су жеткізу оңайға соқпайтын. Қазір бәрі үйлеріне су кіргізіп алды. Жұмысым қиын емес. Көп жағдайда жұбайым көмекке келеді. Ауыр жұмысты ол атқарып жатқанда, мен үйдің шаруасын бітіремін”, – дейді әлеуметтік қызметкер.
Маманның айтуынша, әлеуметтік қызметкерге қойылатын талаптар аз емес. Бұл жұмысқа тек медициналық, педагогикалық немесе психологиялық білімі бар адамдар ғана қабылданады. Өйткені ең басты міндет – қамқорлыққа мұқтаж ата-әжелермен тіл табысу, олардың көңілін аулап, қиын жағдайда көмек көрсету. Кейде дәрігер жазып кеткен екпені уақытында қою қажет болып жатады.
“Үлкен кісілердің көңілін табу оңай емес, олар бірде ауырып қалады, бірде көңілді отырады. Біздер, әлеуметтік қызметкерлер әрі дос, әрі көмекші, әрі психолог сияқты көмек көрсетеміз. Менің қарауымдағы әжейлердің барлығы балаларын сағынатындарын айтып, жылап алады. Оларды тыңдауға тырысамын. Кейде ақыл-кеңестерін айтады. Мәселен, бау-бақшада жүргенде көкөністі қалай өсіру керек, жемісті қалай күту қажеттігі туралы кеңес береді”, – дейді Гүлнұр Асқарқызы.
Әлеуметтік қызметкер 2016 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бүгінде ол ұл-қызынан тараған бес немере-жиенінің қызығына бөленіп отыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Г.Рамазанова немерелерімен.