Петропавлдағы “Жас өркен” шағынауданында көптен күткен жаңа емхана пайдалануға берілді. Республика күніне орайластырылып ашылған медициналық мекеме 34 мың адамға қызмет көрсетпек.
Емхананың құрылысы 2021 жылдың қазан айында басталған болатын. Екі қабатты нысанды тұрғызуға және оны толық жарақтандыруға 2 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Ғимараттың жалпы аумағы 8 мың шаршы метрге жуық.
– “Жас өркен” – болашағы зор шағынаудандардың бірі. Соңғы жылдары бұл ауданда көпқабатты зәулім үйлер, әлеуметтік маңызы зор нысандар бой көтеруде. Жаңа үлгіде салынған Спорт, Оқушылар сарайлары, Теннис орталығы, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры әдемілігімен көз тартады. Бүгін пайдалануға беріліп отырған емдеу мекемесінің де тұрғындар үшін маңызы аса зор, – деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев нысанның ашылу салтанатында.
Емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Заманауи талапқа сай жарақтандырылған. Тұрғындар үшін рентген, флюорография, эндоскопиялық кабинет, функционалды диагностика, жеке зертхана, яғни, барлық диагностикалық қызмет түрлері қолжетімді болмақ.
“Бұл мекеме бірінші қалалық емхананың филиалы деп аталғанымен, негізгі қызмет осы жерде көрсетіледі. Өйткені жаңа емхана қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Бұрынғы емхана 30 мың адамға шақталғанымен 66 мың адам тіркеуде тұр. Емделушілердің кезектерін күтетін орын, емхана дәліздері тарлық етті. Жаңа емханада барлық кемшіліктер ескерілді. Кең, жайлы, жарық. Жуырда қосымша 50-60 маман жұмысқа қабылданады”, – дейді емдеу мекемесінің директоры Николай Новиков.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.