Араға ұзақ жылдар салып, жұртшылықты қуантып, қайта оралған мереке – Республика күні осымен екінші жыл ұлттық мейрам ретінде аталып өтілуде. Қазанның соңын ала қазақтың рухын көтеріп, елді егемендіктің тарихымен таныстырып, ертеңін ойлауға үндейтін шаралар легі бастау алды. Ал ұлттық мереке күні қаланың орталық алаңына жиналған жұртшылық салтанатты шара мен спорттық ойындарға, концерттік бағдарламаға куә болды.
Орталық алаңға жиналғандар Әнұран шырқап, мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріліп, көкте желбіреді. Одан әрі мереке “Менің Қазақстаным” концертімен жалғасты. Онда жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер айтып, театрландырылған қойылым қойылды. Ел тарихынан сыр шертетін туындыны сахналау үшін өңірге көпке таныс актер Дәулет Әбдіғаппаров келіпті.
– Ұлтымыздың егемендік жолы тым алыста жатыр. Бабаларымыз ғасырлар бойы осы күнді армандап, күресіп өтті. Біз бүгін ел алдында “Керей мен Жәнібек” қойылымын қойдық. Бұл туынды қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайды. Қойылым көрерменге ұнады деп ойлаймын. Егемендігіміз баянды болып, көк байрағымыз биіктен желбіресін, – дейді актер.
Орталық алаңдағы мереке кешке дейін жалғасып, оған бірнеше өнер ұжымдары қатысты. Ансамбльдердің мың бұралған биі мен қалалық Мәдениет үйі әншілерінің елдігімізді паш ететін рухты әндері көптің көңілінен шықты. Ал алаң шетіндегі киіз үйлердің бірінде ойын ойналып, бірінде ән айтылып жатты. И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың ұжымы тұрғындарды түрлі байқаулармен қуантып, кітаптармен, тарихи деректермен таныстырды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жайғасқан киіз үйде ұлттық ойындардың шеберлік сағаты өтіп, Республика күніне орай ұйымдастырылған “Шаңырақ” байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқауда бірінші орын медиатор, педагог Гүлбақша Мұсабаеваға бұйырды.
Қолайсыз ауа райына қарамастан бұл күні орталық алаңға жиналғандардың қарасы қалың. Дәл осындай шаралар облыс орталығынан бөлек аудандарда да ұйымдастырылды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.