«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәселе көп, маман тапшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдіктің кезекті оты­рысында өңірдің 9 айдағы әлеумет­тік-экономикалық дамуы, бюджеттің кірісі мен шығысы және облыс аума­ғын электр энергиясымен қамтама­сыз ету мәселелері сөз болды.

Жиналыста күн тәртібіндегі ал­ғашқы тақырып бойынша баяндама­ны облыстық экономика демарта­ментінің басшысы Қуанышбек Қали­жанов жасады. Өз сөзінде ол 9 айдың қорытындысы бойынша қысқа мер­зім­ді экономикалық индикатор 96,3 пайызды құрағанын жеткізді. Ауыл ша­руашылығы саласындағы жалпы ішкі өнім 685,8 млрд. теңгеге жеткен. Биыл дәнді және майлы дақыл­дар­дың азаюы салдарынан өсімдік шаруашылығының көрсеткіші 21,2 пайызға төмендеген, ал мал шаруа­шылығы өнімдерінің көлемі 2,2 пайыз­ға артқан. Өнеркәсіп көлемі 457,6 млрд. теңгені құрап отыр. Өң­деу өнеркәсібі бойынша – 12, кен өн­діруде – 12,1, электрмен жабдықтау­да – 20,8 пайыз өсім бар.

– Қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында негізгі капиталға құйыл­ған инвестиция көлемі 296,2 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері 137650 шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Оның 59,6 пайызы – халықтың есебінен қолданысқа бе­ріл­ген үйлер. Есепті мерзім ішінде өңір­де 9792 жаңа жұмыс орны ашылып, 22010 адам жұмыспен қамтыл­ды. Ал өңірдегі инфляция 7,7 пайыз­ды құрап, азық-түлік 7,7, азық-түлік емес тауарлар 7,2, ақылы қызметтер құны 9 пайызға өскен, – дей келе Қуа­нышбек Қалижанов өңірде негізгі көр­сеткіштер бойынша өсім байқалған­мен кей аудандарда артта қалушы­лық бар екенін айтты. Мәселен, Ақ­қайың ауданы ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру салалары бойын­ша артта келеді. Сол сияқты Жам­был, Мамлют, Уәлиханов ауданда­рын­да да экономиканың бірнеше са­лалары бойынша көрсеткіштер кері кеткен.

Отырыста облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Марал Нұржауыпова ста­тистикалық деректерге тоқ­талды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндамаларды тыңдаған облыс әкімі мамандардың тиісті талдау жүргізбегенін, кей көр­сеткіштердің төмендеу себептеріне үңілмегенін, мәселені шешу үшін нақты ұсыныстар жолданбай жатқа­нын айтты. Ауа райының қолайсыз­дығы салдарынан ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін өндіру көлемінің азай­ғанына алаңдаушылық білдірген Ғауез Торсанұлы бірқатар жауапты ма­манға алдағы көктемгі егіс науқаны­на дайындық жүргізу, машина-трак­тор паркін жаңарту, тұқымдар мен тыңайтқыштарды жинақтау бойынша тапсырмалар берді. Бұдан бөлек кей аудандарда ет өндіру көлемі азайғаны жайлы да айтылды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда еттің аз өндірілуіне тауарлы-сүт фер­малары­ның салынып, ірі қараның со­ларды толтыруға жіберілуі, Мағ­жан Жұма­баев ауданында бухгал­терлік есепте жіберілген олқылықтар себеп болған. Осы сияқты сүт, жұ­мыртқа өндірісі тө­мен аудандар­дың әкімдеріне са­уал жолданып, себеп­тері сұралды.

– Ауыл шаруашылығы басқарма­сы мен аудан әкімдеріне алдағы жыл­дың егіс науқанына дайындықты қам­тамасыз етуді, агроқұрылымдармен жұмыс жүргізіп, ет, сүт, жұмыртқа өн­дірісінің төмендеуіне жол бермеуді тапсырамын. Ауыл шаруашылығы бас­қармасы Тимирязев ауданының әкімдігімен бірлесіп тауарлы-сүт фермасының құрылысына инвестор табуға тиіс. Кәсіпкерлік және индуст­риялық-инновациялық даму басқар­масы мен қала, аудан әкімдеріне жыл соңына дейін жоспарға сай инвести­ция тартуды қамтамасыз етуді, құ­рылыс басқармасы мен әкімдерге тұр­ғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарды орындауды жүктеймін, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Одан әрі бюджеттің кірісі мен шы­ғысы жайлы облыстық қаржы басқар­масының басшысы Наталья Дыш­кант баяндама жасады. Басқарма басшысы өңір қазынасына үш тоқсан ішінде 805,7 млрд. теңге кіріс кіргенін айт­ты. Ал бюджет шығысының орын­далуы 99,8 пайызды құрап, 562 млн. теңге игерілмей қалған. Наталья Дыш­кант Уәлиханов, Қызылжар, Мам­лют, Шал ақын, Тимирязев ау­дан­дарында бөлінген қаражатты иге­ре алмау қаупі барын жеткізді. Өз ке­зегінде өңір басшысы қаржыны игеру әкімдердің кәсіби біліктіліктеріне тікелей әсер ететін фактор екенін ескертті.

Ал мемлекеттік кірістер дапарта­менті басшысының міндетін атқару­шы Төлеген Қабдөшев болса, шағын және орта бизестен, агроқұрылым­дардан түскен салық статистикасына тоқталды. Ол жиналғандардың наза­рын жер көлемі мен жағдайлары ша­малас бола тұра гектарға шаққанда­ғы салық жүктемесінде үлкен айырмашылық бар шаруашылықтарға аударды. Бюджет түсімі халықтың жа­лақысына байланысты болғандық­тан, осы салада жүргізілген талдау­лар­дың нәтижесі де жария болды. Салық жүктемесі сияқты ауыл ша­руашылығы саласындағы жалақыда да айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, бір аудандағы шаруашылықтардың бірі өз жұмысшысына 180 мың теңге жалақы төлесе, енді бірінің жұмысшылары 85 мың теңгені қана­ғат тұтуға мәжбүр. Бұдан бөлек, жұ­мысшыларына ең төменгі айлық не­месе одан да аз жалақы төлейтін шаруашылықтар кездесіп отыр. Са­лық деректемелері бойынша Ақжар ауданындағы “Ақниет агро” серіктестігінде жалақы 61, Айыртау ауданын­дағы “Агро Елецкое” серіктестігінде 50, “Жетікөл агрода” 35 мың теңге ма­ңайында.

– Орақ науқаны барысында 3-6 млн. теңге арасында табыс тапқан ма­мандар бар. Осыған қарамастан кей жерлерде 40-50 мың теңге айлық тө­ленетінін көріп отырмыз. Бұл еңбек адамына лайық жалақы емес. Алда­ғы уақытта мұндай жағдайларды тек­серу керек, – дей келе облыс әкімі жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұ­мыс орындарын ашу, бюджетті игеру, жоспарланған инфраструктуралық жобаларды 15 желтоқсанға дейін аяқ­тау жөнінде тапсырмалар берді.

Отырыста қаралған үшінші сұрақ жұрт­шылықты алаңдатып отырған электр энергиясы мәселесіне арнал­ды. Өңірдегі электр желілерінің бүгін­гі жай-күйі туралы облыстық энер­гетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Владислав Лукин баяндады.

– Өңірдегі жылу және электр энергиясының негізгі көзі – қаладағы №2 ЖЭС саналады. Одан тыс аудан­дарда баламалы электр энергиясын өндіретін 7 нысан бар. Бұл салада “Севказэнерго” және “Көкшетау энер­го” сынды екі компания қызмет көрсетеді. Облыстың 8 ауданын қамтып отырған “Солтүстік Қазақстан ЭЖТК”-ның қарамағында 13067 кило­метр электр желісі мен 2353 қосал­қы станса болса, негізгі құрал-жаб­дықтың 95 пайызы тозған. 2025 жылға дейінгі жоспарға сай 8446,8 млн. теңге инвестиция құйылған күн­нің өзінде тозу 97,3 пайызға жетпек. 2029 жылға қарай тозған құрал-жабдық үлесін 80 пайызға дейін азайту үшін 80,2 млрд. теңге қажет. Бұл саладағы кадр мәселесі де өзекті. Осы күннің өзінде 253 жұмыс орны бос тұр, – деді Владислав Лукин.

Жалақының аздығынан аталған са­лада маман тұрақтамайды екен. Бүгінде кадрлардың кету коэфиценті 21 пайызға жеткен. Компанияға ор­таша айлық 171, 5 мың теңгені тө­леудің өзі қиынға соғып тұр. Бір ғана облыс орталығының өзінде жүзден аса жұмыс орны бос тұр. Мұның бәрі елді мекендерді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге ке­дергі келтіруде. Жиынға қатысқан “Көкшетау энерго” өкілі де жиналғандарға компанияның хал-ахуалы жайлы баяндады.

– Бұл мәселе бір күнде туында­ған жоқ. Жалақыны өсіруге тариф шек­теуі кедергі болып отырғаны бел­гілі. Бірақ біз оны шешудің жолын іздеуіміз керек. Алдымызда қаһарлы қыс. Құрал-жабдығы толық тозған елді мекендерде бірнеше күнге жарықтың өшіп қалу қаупі бар. Сондықтан да аудан әкімдеріне апатты учас­келердегі жұмысты аяқтауды, жөндеу бригадаларының дайындығын қадағалауды тапсырамын. Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы басқармасы аталған мәсе­леге қатысты алдағы күндері нақты ұсыныстар енгізуге тиіс, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp